Үйсіздің үміті – «Ордада»

 Келер жылы «Орда» бағдарламасы арқылы қоныс тойлар қатары көбейе түспек. Баспаналы болуды армандағанмен, табысы нарық талабына  сай келмейтін мұқтаж отбасылар үшін аймағымызда «Орда» бағдарламасы қабылданған болатын.

Алғашқы жарнасыз, төмен пайызбен баспана алу пәтер жағалаған талай отбасыны қуанышқа бөлейтіні рас. Ең бастысы, өз үйің болғанын айтсаңшы...

Сыр өңірінде ғана жүзеге асатын «Орда» бағдар­лама­сы­ның негізгі мақсаты да сол, әлеуметтің осал тобын мей­лін­ше қолжетімді тұрғын үй­мен қамтамасыз ету. Аймақ бас­шысының бастамасымен бас­тапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін 3 жылға есеп­телген «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы әзірленген еді.

 – Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Сол үшін 2017 жылы 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасын әзірледік. Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтарының барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық, – деген болатын өңір басшысы халықпен жыл басындағы есепті кездесуінде.

«Бағдарламаға кімдер қатыса алады?» деген сауал кім-кімнің де көкейіндегі бірінші тұратыны даусыз. Бағдарлама қатысушыларын екі топқа бөліп қарастырған. Бірінші топқа – көпбалалы отбасы, толық емес отбасы, мүгедек немесе мүгедек бала тәрбиелеуші отбасы, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, І-ІІ топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері енсе, екінші топта – 2 жыл некеде тұрған, балалары (баласы) бар, жасы 35-ке толмаған ерлі-зайыптылар, (өңірлік бағдарламаға өтініш беру барысында), соңғы 5 жылда жекеменшігінде тіркелген баспанасы жоқ, сонымен қатар балаларды (бала) ата-анасының бірі жалғыз асырау­шы, толық емес, жасы 35-ке толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір қалған отбасылар қамтылған.

Қатысушылар бағдарлама шартын да ескеруі тиіс. Яғни, тұрғын үй алушының ҚР азаматтығы немесе оралман мәртебесі болуы шарт. Екіншіден, үміткер сол үй орналасқан елді мекенде тұрақты тіркеуде болуы тиіс. Келесі кезекте «Орда» жол картасына қатысушының және бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Респуб­ликасы аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы үйі немесе меншігінде баспанасы болмауы қажет. Ең соңғысы, міндеттемелерді орындау мүмкіндіктерін тиісті табыстарымен растауы.

– «Орданың» бас­па­на­мен қамтамасыз ететін өзге бағ­дар­ламалардан өзгешелігі – төлем жасау талаптарында. Біріншіден, алғашқы жарнасыз және жаңа үйде отырып, сол үй бағасының жарты ақшасын депозитке жинайтындығы. Жинау мерзімі – 8 жыл. Әрі қарай төмен пайызбен несие мерзімі 11 жыл, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының «Бизнесті дамыту» бөлімінің І санатты маманы Жанар Әділбекқызы.

Банк қызметкерінің айтуынша, бүгінде бағдарлама бойынша өңірімізде 240-қа жуық пәтер пайдалануға берілуге дайын. 2019 жылдың қаңтар айында 100 пәтерді табыстауға байқау басталып, ақпан айында бағдарламаның алғашқы қоныс тойы да болып қалмақ.

– Үш жылға есептелген «Орда» бағ­дарламасына жергілікті бюджеттен жылына 2 млрд теңге бөлінеді, бұл орташа бағамен есептегенде 250 пәтердің құнына жетуі тиіс, сонда 3 жылда 750 отбасы бас­панамен қамтамасыз етіледі деп есептеуге болады, – дейді Жанар Әділбекқызы.

Айта кетелік, баспананы қолжетімді етудің сырбойылық үлгісін өзгелер де жүзеге асырмақ.

«Өз үйім – өлең төсегім» демекші, бір бас­пана алуға табысы жетпеген талай отбасының үлкен үміті – «Ордада» екені даусыз. Ендеше, бұл бағдарлама талайдың мұқтажын өтегелі тұр.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2018 г. 438 0