Сенім мен серпін

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен аймақта мемлекеттік-жекеменшік жобаларды іске асыру мәселелері бойынша жиын өтті. Аймақ басшысы алдымен бұл әріптестік жергілікті бюджеттің ауыртпалығын төмендетіп, жеке инвестицияларды тартып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартатынына назар аударды.

– Бүгінгі күнге облыста жалпы құны 37 млрд теңге болатын 84 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба іске асырылуда. Оның ішінде 32 жоба бойынша келісім-шарттарға қол қойылып, жұмысын бастап кеттік. Оларға бөлінетін қаржы көлемі 10,5 млрд теңге, – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы атап өткендей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруда негізгі басымдықтың бірі – денсаулық сақтау саласына бағытталуда. Сала бойынша 29 жоба қолға алынған. Әріптестік аясында осы саланың инфрақұрылымын қайта жаңғырту мәселелері шешілуде, дәлірек айтқанда, типтік үлгідегі ғимараттар мен нысандар құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, медициналық мекемелер жаңа, заманауи медициналық құралдармен жаб­дықталатын болады. Осындай әріптестік  спорт, білім, цифр­ландыру салаларын дамытуға және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын қайта жаң­ғыртуға да бағытталған.

Осы орайда облыс әкімі әріптестік жобаларды іске асыруда белсенді аудандардың бірі – Шиелі екенін атап өтті. Ал­ғашқы әріптестік жобалар ау­данда жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 4 спорттық кешен ашылып, жұмыс жасауда. 2019 жылдың басында қосымша 2 спорттық кешен іске қосылады. Жыл басынан бері әлеуметтік қыз­­меттер көрсететін үй жұмыс жасаса, 2 дәрігерлік ам­бу­ла­­то­рияның құрылысы жүр­гізілуде.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, 2016 жылдан бастап облыста Аумақтық мемлекеттік-же­ке­меншік әріптестік орталығы және Жобаларға сараптама жүр­гізу орталығы жұмыс жасап келетінін жеткізді. Бұл орта­лықтар өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына зор үлесін тигізуде. Соны­мен қатар, Қазақстандық мем­­лекеттік-жекеменшік әріп­тес­­тік орталығымен өзара ынты­мақтастығымызды айта кету қажет. Себебі бұл орталық рес­публика бойынша МЖӘ жобаларын жүзеге асырудағы негізгі жұмысшы және үйлестіруші орган болып табылады.

Облыс әкімі өз сөзінде өзекті мәселелерді шешуде бюджетке салмақ сала бермей, жеке инвес­тицияларды тартуға мемлекеттік құ­рылымдар да  жауапты болуы керек, соған атсалысуы тиіс деген Елбасы тапсырмасын еске түсірді. Аймақта көптеген мәселелер жақсы шешіліп жатыр. Қызылорда облысы жан ба­­сына шаққанда денсаулық сақ­тау, білім беру, мәдениет, спорт, әлеу­меттік қорғау салаларында ең көп қаржы бөліп келе жатқан өңір.

– Жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді бір күнде  шешу қиын. Соңғы бес жылдың ішінде 200-ден аса әлеуметтік нысан салдық. Апатты мектептерді жаңарттық. Енді 2019 жылы денсаулық сақтау саласына қарасты бірқатар апатты нысан жаңартылатын болады. Апатты үйлерде тұрған 675 адамға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Күрделі мәселелер шешімін тауып келеді. МЖӘ өз тиімділігін көрсетті. Осы жұмысты жалғастыра түсіп, аймақтағы әлеуметтік мә­селелерді шешуге мүдделіміз.  Жыл басында аймақ бойынша жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 97 мың адам болды. Соның 64 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Адамдар жаңа мамандық алды, жұмысқа орналастырылды, қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілді. Өздерінің ісін бастап, зейнетақы қорына мүшелік жарнасын төледі. Кәсіптерін ашып, аяқтарына тұрып, салықтарын төледі. Алдағы жылы қалғандарының да мәселесін шешеміз деп ойлаймыз. Бюджетіміздің 64 пайызы әлеуметтік мәселелерге бағытталған. Ең шешуші фактор – адами ресурс. Мұнай мен газға салынған инвестиция олардың көлемін азайтса, адамға салынған инвестиция оның құнын өсіреді. Сондықтан денсаулық сақтау мен білім беру сапасын арттыруға аса көңіл бөліне беретін болады, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, келер жылды жақсы жетіс­тіктермен қарсы алғалы отырға­нымызға тоқталып өтті. Өңірде жыл өткен сайын мұнай мен уран өндіру көлемі кеміп келе жатқанымен, экономикалық көр­сет­кіштер төмендеген жоқ. Бұл – аймақ экономикасын әртарап­тандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың және кәсіп­керлікті дамытудың тіке­лей нәтижесі. Мұны жақында Елбасының өзі атап өтті.

Мұнан соң облыс басшысы өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына елеулі үлесін қосқан Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы мен облыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Ақмарал Әлназарова бастаған бірқатар азаматты Алғыс хатпен марапаттады. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы жақында ғана іске қосылған тампонажды цемент зауыты шығарған алғашқы өнім үлгісін аймақ басшысына тарту етті.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2018 г. 416 0