Бүгін уақыт белдеуі өзгереді

 Бүгін түнгі сағат 00:00-де сағат тілі бір сағатқа кері шегеріледі. Уақыт белдеуіне қатысты бұл өзгерістің басты себебі, облыс аумағының 59° және 68° бойлық аралығында орналасуы. Бұл аймақтың 4-ші уақыт белдеуіне жататынын көрсетеді. Уақыт белдеуіндегі өзгеріске байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ерқанат Кеулімжаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
– Биылғы жылы облыс­ты 5-уақыт белдеуінен 4-уақыт белдеуіне көшіру, қол­да­ныс­тағы уақыт есептеудің тәр­тібін өзгерту туралы ұсыныс Елбасы тарапынан қол­дау тапты. Облыс әкімінің ұсынысында уақытты бір сағатқа кері өзгерту өңірдің табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына оңтайлы бола­тын­дығы айтылған. Сондықтан ұсы­­ныс Мемлекет басшысы және Үкімет тарапынан қол­дау тауып, биылғы жылдың 7 желтоқсанында Қызылорда об­лысындағы уақытты есептеуге байланысты қаулыға өз­ге­ріс енгізілді. Осыған сәй­кес, облыстағы уақыт тәртібі өз­геріп, 20 желтоқсаннан 21 жел­тоқсанға қараған түні сағат тілі бір сағатқа кері жылжиды. Бұл – географиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға оң­тайлы шешім, – деді Руслан Рүстемұлы.
Облыс тұрғындарының табиғи уақытқа сәйкес өмір сүруі адамдардың, әсіресе ба­лалардың денсаулығына оң әсер етпек. Бүгінде уақыт бел­­деуінің өзгеруіне байланысты облыс халқын ақ­параттандыру жұмысы кеңі­нен жүргізілуде. Арнайы қаулы қабылданғаннан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшер­баевтың екі тілде мә­лім­­­демесі жарияланып, об­лыс­тық және қалалық телеарнада әлеу­меттік бейнероликтер ұсы­нылуда. Сондай-ақ, брифинг­те бүгін 23:40-та «Qyzylorda» теле­арнасынан арнайы теле­бағдарлама көрсетілімі ұйым­дастырылатыны айтылды. Бұл облыс аумағындағы жо­лау­­шылардың кешікпеуіне, тұр­­ғындардың жұмысына, оқу­шылардың мектепке уақы­тылы баруына ықпал етеді.
Ал, Ерқанат Кеулімжаев облыстағы уақыт белдеуін өз­герту шешімі 29 құзыретті ор­ган­ның келісімімен жү­зеге ас­қанын, олардың ұсы­ныстары ескеріле отырып, қаулы қабыл­дан­ғанын жеткізді. Брифингте облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы басшысының орын­басары Олжас Ысқақов соңғы жылдары аймақта қа­терлі ісікке шалдыққан адам саны артқанын жеткізді. Бұған осы кезге дейінгі адамдардың биологиялық ритмге сай емес уақыт тәртібін қолдануы әсер етуі мүмкін.
Облыс аумағында «қысқы», «жазғы» уақытқа көшу осыдан он үш жыл бұрын 2005 жылы тоқтатылған болатын. Бұдан былай облыс аумағында табиғи уақытқа сәйкес сағат тілі өзгертілгенімен, ол қыста да жазда да бірдей болмақ. Айтпақшы, уақыт белдеуінің өзгеруі оқушылардың сабаққа бару мерзіміне әсер етпейді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2018 г. 491 0