МЖӘ-нің дамуына үлес қосқан қызметкерлер марапатталды

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары денсаулық, спорт, білім, цифрландыру салаларын дамытуға және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғыртуға бағытталған.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мәселесіне арналған отырыста бұл жұмыстарды жүзеге асыру – жергілікті бюджет жүктемесін азайтып, қосымша инвестицияларды тартып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыратынын атап өтті.

"Қазіргі таңда Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 84 жобасы іске асырылуда, 32 жоба бойынша келісімшартқа қол қойылды", - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, денсаулық сақтау саласындағы 29 жобадан басқа Қызылорда облысында тұрғынүй-коммуналдық  шаруашылығы саласында 20, дене шынықтыру және спорт саласында 12, білім беру саласында 7, цифрландыру саласында 6, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында 5, мәдениет саласында 2 жоба және әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп, экология саласында 1 жобадан іске асырылуда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асырудағы белсенді аудандардың бірі - Шиелі ауданы. Бірінші мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалар осы ауданда жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 4 спорт кешені ашылып жұмыс істеп тұр. 2019 жылдың басында қосымша 2 спорттық кешен пайдалануға беріледі, 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтерді көрсететін шағын ғимарат жұмыс істеуде.

Естеріңізге салайық, 2016 жылдан бастап Аумақтық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы және Жобаларға сараптама жүргізу орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ, қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығымен өзара ынтымақтастықты айта кету қажет, себебі бұл орталық республика бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асырудағы негізгі жұмысшы және үйлестіруші орган болып табылады.

Жиында өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуына үлес қосқан қызметкерлер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 желтоксан 2018 г. 626 0