Ертең уақыт белдеуі 1 сағат кейінге өзгереді

Ертең түнгі сағат 12:00-де сағат тілі бір сағатқа кері шегеріледі. Уақыт белдеуіне қатысты бұл өзгерістің басты себебі, облыс аумағының 59° және 68° бойлық аралығында орналасуы. Бұл аймақтың 4-ші уақыт белдеуіне жататынын көрсетеді. Уақыт белдеуінің бір сағат кейін өзгеруіне байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерқанат Кеулімжаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.  

– Биылғы жылы облысты 5-уақыт белдеуінен 4-уақыт белдеуіне көшіру, қолданыстағы уақыт есептеудің тәртібін өзгерту туралы ұсыныс Елбасы тарапынан қолдау тапты. Облыс әкімінің ұсынысында уақытты бір сағатқа кері өзгерту өңірдің табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына оңтайлы болатындығы айтылған. Сондықтан ұсыныс Мемлекет басшысы және Үкімет тарапынан қолдау тауып, биылғы жылдың 7 желтоқсанында Қызылорда облысындағы уақытты есептеуге байланысты қаулыға өзгеріс енгізілді. Осыған сәйкес, облыстағы уақыт тәртібі өзгеріп, 20 желтоқсаннан 21 желтоқсанға қараған түні сағат тілі бір сағатқа кері жылжиды. Бұл – географиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуымызға оңтайлы шешім, – деді Руслан Рүстемұлы.

Облыс тұрғындарының табиғи уақытқа сәйкес өмір сүруі адамдардың, әсіресе балалардың денсаулығына оң әсер етпек. Бүгінде уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты облыс халқын ақпараттандыру жұмысы кеңінен жүргізілуде. Арнайы қаулы қабылданғаннан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың екі тілде мәлімдемесі жарияланып, облыстық және қалалық телеарнада әлеуметтік бейнероликтер ұсынылуда. Сондай-ақ, брифингте «Qyzylorda» телеарнасынан 20 желтоқсан күні сағат 23:40-та арнайы телебағдарлама көрсетілімі ұйымдастырылатыны айтылды. Бұл облыс аумағындағы жолаушылардың кешікпеуіне, тұрғындардың жұмысына, оқушылардың мектепке уақытылы баруына ықпал етеді.

Ал, Ерқанат Кеулімжаев облыстағы уақыт белдеуін өзгерту шешімі 29 құзіретті органның келісімімен жүзеге асқанын, олардың ұсыныстары ескеріле отырып қаулы қабылданғанын жеткізді. Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов соңғы жылдары аймақта қатерлі ісікке шалдығушы адамдардың саны артқанын, балалардың әсіресе жүйке жүйесі дертімен ауыратынын жеткізді. Бұған осы кезге дейінгі адамдардың биологиялық ритмге сай емес уақыт тәртібін қолдануы әсер етуі мүмкін.

Облыс аумағында «қысқы», «жазғы» уақытқа көшу осыдан он үш жыл бұрын 2005 жылы тоқтатылған болатын. Бұдан былай облыс аумағында табиғи уақытқа сәйкес сағат тілі өзгертілгенімен, ол қыста да жазда да бірдей болмақ. Айтпақшы, уақыт белдеуінің өзгеруі оқушылардың сабаққа бару мерзіміне әсер етпейді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы». 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 желтоксан 2018 г. 869 0