Ары қазсаңыз Алаш Орда тарихын, бері үңілсеңіз сексен алтыдағы оқиғаны санада жаңғыртар желтоқсан айының қазақ үшін орыны бөлек. Ызғары қанша ықтырса да, тәуелсіз ел атану бақыты да қазақ халқының пешенесіне дәл осы желтоқсанда жазылған екен. Ал Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі - қазақтың үш жүз жылдық азаттық үшін арпалысының жарқын бір көрінісі еді. Желтоқсан көтерілісіне биыл 32 жыл толып отыр, - деп жазады Қазақпарат.
Осыдан 32 жыл бұрын 16 желтоқсанда мыңдаған жас өрен Дінмұхамед Қонаевтың қызметінен алынуына наразылық білдіріп, бұрынғы Брежнев - бүгінгі Республика алаңына жиналған еді. Қазақ ұлтымен ол тұста санасудан қалған Кремль Қонаевтың орнына Қазақстанды картадан ғана білетін Геннадий Колбинді қоя салған-тын. Орталық биліктің бұл қателігі қазақ жастарын көшеге алып шықты.
Қазақ жастары лениндік ұлт саясатының бұрмаланбауын, әр ұлтқа өз басшысын қою керектігін талап етті. Қара тізеге салуды үйренген КСРО басшылығы бұйрық беріп, әскерилер Брежнев алаңын қоршауға алады. Дүмпуді басу үшін көршілес республикалардың да кей өңірлерінің ішкі әскер бөлімдері Алматыға жеткізілді.
Алматыдағы жастардың наразылығы күшпен басып жанышталды. Көшедегі қарусыз жастарға үйретілген иттер, су шашатын көліктер, сойыл мен қару қолданылды. Милицияның қолымен қан төгілді. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал жүргізілді. Көшеге шыққандардың көбі тергеу камераларын толтырып, қалғаны қаланың сыртында сабалды. Студенттер оқудан шығарылып жатты. Ақ қар, көк мұзда қазақ қыздарын шаштан сүйреген қатігез қара күш дегеніне жетті.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова мен Ләззат Асанова сынды жастар жазықсыз өлім құшты. Өктем билік Алматыдағы оқиғаны «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалаған еді.
Жалпы, Желтоқсан оқиғасы кезінде наразылық тек Алматы қаласында ғана болған жоқ. Еліміздің өзге қалаларында да ұлтшыл жастар сотталып жатты. «Халықтар түрмесі» атанып кеткен КСРО-ның іргесін сетінеткен Желтоқсан оқиғасы одақтың әр бөлігіндегі наразылықтардың басы еді. Өзегіне құрт түскен алып империя ақыры құлап түсті. Алматыдағы қанды оқиғадан бес жыл өткенде Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Өшкені қайта жанған еліміз еңсесін тіктей бастады. Дәл сол Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастары шырқаған «Менің Қазақстаным» әні - Тәуелсіз Қазақстан Республикасының қазіргі әнұраны.
1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматтар ақталды. Сонымен қатар, аталған Жарлықтың негізінде 17-ші желтоқсан - Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.