Тәуелсіздік күні. Қазақ ежелден азаттық аңсаған ел ретінде ғасырларға созылған қайғы-қасіретке мойымай, қажымай, талмай жасампаздық рухпен осы күнге жетті.
Жиырма жеті жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғыртатындай қыруар жұмыстар атқарылды. Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Тәуелсіздік біздің ең басты игілігімізге, баға жетпес құндылығымызға айналды.
Бұл Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде мүмкін болды. Елде татулық, бірлік, тұрақтылық орнады. Әлемдік аренада Қазақстанның абырой-беделі арта түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы әр қазақтың жүрегіндегі жараны емдегендей әсер қалдырды. Бұл біздің елді ядролық қаруға қарсы күресетін әлем елдері көшбасшыларының қатарына қосты. Семей полигоны 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Содан бері ол күн БҰҰ шешімімен Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні болып бекітілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап біздің мемлекет әлем алдында ашық саясат жүргізіп келеді. Оған дәлел ТМД елдерінің ішінде Қазақстан алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының сенімді мүшесі болу – Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарының дамуы мен халықаралық қатынастарда беделінің артуына зор мүмкіндік тудырды.
Алғашқы күндерге шегініс жасайықшы. Елбасының Мәскеу мемлекеттік университетіндегі 1994 жылғы тарихи кездесуінің алар орны айрықша. Оның айрықша болатыны, сол жиында айтылған идея негізінде Еуразиялық экономикалық одақ өмірге келді. Біз сонда Елбасының даналығына, оның әріден ойланатын тұлға екенінің тағы бір куәсі болдық. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі де Президенттің сұңғыла саясаткерлігін аңғартса керек-ті.
Қазір дүние жүзі түрлі дүрбелеңге толы. Саяси қақтығыстар, діни экстремизм жиі көрініс береді. Ал Қазақстан ауызбірлікті бірінші орынға қойып, ымыра мен ынтымақтастықты берік ұстап, татулық пен тұрақтылықты ту етіп отыр. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының алыстан болжайтындығының дәлелі. Ұлттық ұйымшылдығымызды одан әрі дамытып, іргесін бекіте түсетін «Мәңгілік Ел», «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жос-пары сияқты стратегиялық жоспарлар, «Рухани жаңғыру» секілді ұлттық бағдарламалар бізге әлемнің дамыған, озық 30 елінің қатарына енуге мүмкіндік береді.
Жыл сайынғы Президенттің халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Елбасы өз Жолдауында ішкі саяси және ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөнінде жоспары екені атап көрсетілген. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Занның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалған. «100 нақты қадам» елімізде «2050» Стратегиясын жүзеге асыру мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға, жолдан адаспауға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын беріктік қорын жасап беретін болады.
ХХІ ғасыр, әсіресе оның екінші онжылдығы әлемде аса жылдам оқиғалармен, күрт өзгерістермен, сонымен бірге қарама-қайшылықтармен басталды. Жылдамдықтың екпіні күшті болғаны соншалық, тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын үйреншікті болған қағидалар бүгінге өлшем бола алмай қалды. Айталық, әлемде 2015 жылы басталған дағдарыс әлі де жалғасуда. Оның салқыны қазір басыла қойған жоқ. Тіпті, 2018 жылдың өзі әлемде буырқанған саяси оқиғаларға толы болып отыр. Созылмалы дағдарыс дерті әлі ондаған жылдарға созылады деген болжамдар айтылуда.
Иә, ХХІ ғасырда орын алған қарама-қайшылықтарға толы саяси оқиғалар бүгінге дейін тұтас ұрпақтың санасында қалыптасып, сіңісті болып кеткен ұғымдарға өзгеріс енгізе бастады. Ал біз осы өзгерістерді қабылдауға дайынбыз ба? Тәуелсіздіктің алғашқы 27 жылында біз қаншалықты өзгердік? Қандай қоғам құра алдық? Оның басты құндылығы неде? Президент әрдайым осы сауалдарға тұшымды, байсалды жауап бере отырып, әлемдік жаһандану үдерісінің тым жылдам дамып келе жатқанын, ал ол біздің ойлау жүйеміз қабылдай қоймайтын талаптарды алға шығарғанын айрықша атап көрсетеді. Атап көрсетіп қоймай, барлығымызды немкеттіліктен, бойкүйездіктен, масылдықтан, шалағайлықтан, үстірт іс-қимылдан сақтандырады.
Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа елордасы, өркендеу үстіндегі Қазақстанның орталығы – Астана бой түзеді. Жаңа елорда салу бастамасын алғаш Қазақстан Президенті көтергені баршаға мәлім. Ол кезде, тоқсаныншы жылдар ортасында бұл идея жүзеге асатынына сенгендер көп болған жоқ. Жаңа қала салу мен оған көшу көптеген онжылдықтарға созылады деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды.
Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Елбасының идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды. Қаланың көптеген ғимараттары, ескерткіштері кезінде Президент сурет, сызба және нобай түрінде түсірген ойлардан алынды. Әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білді. Олардың арасында Кисе Курокава, сэр Норманн Фостер, Кензо Танге және тағы басқалар бар. Ғимараттардың басым көпшілігі Астананың ең көрнекі орындары мен қаланың өзіндік рәміздеріне айналды.
Мемлекет басшысының сызбасы бойынша «Бәйтерек» – Астананың және бүкіл елдің ең танымал бренді бой көтерді. Ол елорданың жаңа бөлігінің дәл орта тұсында орналасқан. Оның басынан бүкіл қаланың әсем көрінісі көзге шалынады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің суреті мен сызбасы негізінде «Хан Шатыр» бірегей сауда және ойын-сауық кешені салынды. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен Forbes Style журналы нұсқасы бойынша, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енді. Дүкендер мен павильондарға қоса, мұнда кинотеатр, көптеген аттракциондар, сұлулық салондары, тіпті аквапарк та бар. Мемлекет басшысы ойластырған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаев пирамида түрінде арнайы сарай салуды ұсынды. Бұл идеяны Норман Фостер табысты жүзеге асырды. Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы – Астананың сәулеттік ансамблінің бөлінбес бөлшегі. Президент мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы және Астананың өзге де сәулетті ғимараттары да алдымен Нұрсұлтан Назарбаев сызған жоба түрінде пайда болған еді.
Қазіргі есептеулердің өзі 2030 жылға қарай Қазақстанның жүк тасымалынан түсетін табысы жалпы бюджет кірісінің 25-30 процентін құрайтын болады. Осы цифрға зер салыңыз, демек, миллиардтаған доллар Қазақстанға енді шикізат өнімдерінен емес, жүк тасымалын жүзеге асырушы көлік логистикасынан түсетін болады. Әлбетте, бұны елемеуге, оған көз жұмып қарауға болмайды!
Уақыт жылдам өзгеріске ұшырауда. Алып державалар арасында текетірес күрделілеу сипат ала бастады. Жаһандану үдерісі, жаппай интеграция құбылыстары өзіндік қиындықтар қалыптастырып отырғанын да жасыруға болмайды.
Жуырда ғана Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, Қазақстан мемлекеті алдындағы міндеттерді халыққа өзіне тән прагматикалық ой-орамдарымен жеткізе білді. Мақаланы түркі жұрты қанағат сезімімен қабылдады. Бұл біздің пайымдауымызша, Қазақстанның жаңа әлемдегі жаңа орнын айқындаудың тың қадамы болып табылады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ