ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.Е.КӨШЕРБАЕВТЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРАДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті жерлестер!

Құрметті зиялы қауым!

Сіздерді еліміздің ең бас­ты ұлық мерекесі – Қазақстан Респуб­ли­­ка­­сының Тәуелсіздік күнімен шын жү­ректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Тәуелсіздік – ата-баба­лары­мыз­дың аңсар арманы болған, дана­ла­рымыздың үзілмес үміті болған, Алаш ар­дақтыларының осы жолда жаны  пи­да болған қастерлі де қасиетті ұғым!

Тәуелсіздік – тәңірдің біз­дің ұрпаққа берген үлкен ба­қы­ты, халқымыздың мәңгілік құн­ды­лы­ғы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетіс­тіктерімізге Тәуел­сіздіктің ар­қа­сында қол жет­кіздік. Бұл мере­ке­ні қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек.

Тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көш­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мынадай сөзі бар: «Қа­зақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ, өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түс­­кен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуе­кел тұғырына қондырып отырды».

Иә, шындығында, біздің халықтың басына нелер келіп, не кетпеді. Соның барлығында да қазақтық қалпын, бабалар салтын,тілі мен мәдениетін сақтап қалды, ұрпағына сол асыл күйінде жеткізе білді.

Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында «Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», – деп жазды.

Иә, бұл күн – сонау сақ, ғұн, түркі,қыпшақ замандарынан уақыт көшін жалғаған, сүрлеулі соқпақ жолдардан сұңғыла сардары алып шыққан халқымыздың шежіресінде алтын әріптермен айшықталып жазылған ардақты күн.

Бабалар арманы бұдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген әйгілі Ақтамберді жыраудың мына бір жыр жолдарында анық көрінеді:

Кеуде бір жерді жол қылсам,

Шөлең бір жерді көл қылсам.

Құрап жанды көп жиып,

Өз алдына ел қылсам!

Сол арманға, сол мақсатқа ғасырлар тоғысында біздің ұрпақ жетті. Ғасырлар бойы халқымыздың аңсар-арманы болған Тәуелсіздік, Егемендік, Еркіндік, Азаттық деген қасиетті сөздер елім деген Ер – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер көшбас­шылығымен ақи­қатқа айналды.

Тарихымызға әріден шолу жасасақ, қазақ халқының еркіндік үшін күресі әлі біртұтас халық болып қалыптаспаған ежелгі Сақ, Ғұн дәуірінде-ақ бастау алған.

Бұл кезеңдерде қазақ атауын алмағанымен халқымыздың біртіндеп қалыптасуы басталған еді.

VI ғасырда Қазақстан жері түгел­дей құдіретті біртұтас мемлекет – Түркі қағанаты құрамына кірді. Жазба деректерге қарағанда, Қазақстанның ежелгі территориясында Түрік қа­ғанаты (542 ж.), Батыс Түрік қағанаты (603 ж.), Түргеш қағанаты (704-756 жж.), Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.), Оғыз мемлекеті (IX ғ. соңы – XI ғ. басы), Қимақ қағанаты (893 – XI ғ. басы), Қыпшақ хандығы (XI – 1219 ж.), Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе, екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болған. Олар: Қарахан және Қыпшақ мемлекеттері. Алайда,қидандар (қара­қытай) мен моңғолдардың шапқын­шылығының салдарынан халық болып қалыптасу процесі XV ғасырға дейін, немесе 200 жылдай уақытқа кешеуілдеді.

XIV-XV ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюы негізінде Моғолстан, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасында толассыз тоқтамай жүріп жатқан феодалдық соғыстарға қарамастан, халықтар арасында өзара бірігу, топтасуға ұмтылу процестері белең алды.

XV ғасырдың II жартысы мен XVI ғасырда қазақ халқының негізгі этникалық территориясын мемлекет етіп біріктіру халықтың да қалыптасу процесінің аяқталуын тездетті.

XV ғ. II жартысынан бастап қалып­тас­қан халық өздерінің көр­шілері ара­­сында “қазақ” деген атпен белгілі болған.

Қазақ хандығының пайда болуы – Қазақстан жерінде XIV-XV ға­­сыр­­ларда орын алған әлеуметтік-эко­но­микалық және этникалық-саяси про­цес­терден туған заңды қоғамдық құбылыс.

Қазақстанның алғашқы ханы болып Керей (1458-1473 ж.), одан кейін Жәнібек (1473-1480 жж.) жарияланды. XV ғасырдың 70 жылдары қазақ хандығының шекарасы кеңейді.

ХІІІ ғасырда қарақытай, моңғол шапқыншылықтары, Әз Тәукенің, Қасым ханның, Абылай ханның, Әбілхайыр ханның тұсындағы қалмақ қырғыны, жоңғар шапқыншылығы, ойраттар бүліншілігінен ажырай алмаған қазақ халқы Ресей империясына 300 жылға жуық боданболған тұста тілі мен ділінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан айрыла жаздады.

Халқымызға ең ауыр жылдардың бірі – Голощекин қырғыны еді. Осы кезеңде 3 млн-дай қазақ ашаршылыққа ұшырап, халықтың саны мүлде азайып кетті.

Ал, қанды репрессия халқымызды талай беткеұстар тұлғаларынан айырды. Азаттықтың ақ таңын аңсаған Алаш жұртының асыл азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргеновтер халық­тың ізгі ниетінің жолында құрбан болды.

Алайда, рухы биік, өр халық намысын ешкімге таптатпады.

Мың жарым жылға жуық халық болып бірігуді, ел болып қалануды, еркіндікті аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асып, тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды.

Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде ортақ мақсаттар жолында жұдырықтай жұмылған баршамыз Тәуелсіз Мемле­кетімізді бірлесіп құруға тарихи мүмкіндік алдық.

Міне, осылайша, Қазақстан әлем­дік тарих бетінде Тәуелсіз Ел ретіндегі жаңа парақтарын бастады. Бүгінгі Қазақстан өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Елбасының көреген саясатымен еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасы болып, толеранттылықтың ерекше үлгісін жасай білді.

Осындай дана саясаткер Көш­басшысы бар Қазақстан – Шекарасы нақтыланған, Әнұраны көкте қалқып, Көк Туы желбіреген, Елтаңбасы қалыптасқан, Тілі және Төл Теңгесі, Әскери Күші бар, Тәуелсіздігінің белгісіндей әлемді сүйсінткен Астанасы бар іргелі мемлекет. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген сөзі халықтың жүрегінде жатталды.

27 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақ Елін түбегейлі қалыптастырып, түрлі қиындықтардан аман өтіп келеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде экономикамызды қалыптастыруға барынша күш салсақ, бүгін, міне, рухани дамуды қолға алдық.

Бiз азаттықты бiр кездегi жоғалт­қан дәуренiмiзге қайта оралу үшiн алған жоқпыз. Ол дәурен бүгiнгi адам­зат түгiлi, бiздiң өзiмiзге де iлесе алмай, тарихтың қиян түкпiрлерiнде қалып қойды.

Бiз ол кезден мирасқа жеткен мұраларымызды мұқият тексерiп, жоғалта бастаған даралық сипаттарымызды қалпына келтiрiп, бiрақ, тек соған қанағаттанып қалмай, озып кеткен замана көшiн қуып жетiп, сол кезден бергi кетiп келе жатқан қапыларымызды түгендеп, орнына келтiрiп, ертең де, бүрсүгiнi де, алыс болашақта да ұлт ретiнде, ел ретiнде жер бетiнде қала алуымыз үшiн жан аямай күресуiмiз керек. Өзiмiздi өзiмiз шыңдап, өзгеде есемiз кетпейтiндей боп, ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсiздiктiң бағы сонда ғана жанады. Тәуелсiздiк жолында қан да төгiлген, жас та төгiлген, тер де төгiлген. Бiрақ, ар төгiлмеуi керек. Ар-намыс қана тәуелсiздiкке тiрек бола алады. Ол бiздiң тiлегiмiздi емес, бiз оның тiлегiн тiлеуiмiз қажет.

Енді бүгін Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары жолбастар құбылнамамызға айналды.

Құрметті жерлестер!

Сыр елі де Тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі, Алаштың анасы ретінде республика дамуына өз үлесін қосып келеді.

Биылғы жылғы барша әлемге танылған жетістігіміз – осы жылдың 27 қарашасында Шығыс Африка еліндегі Маврикий Республикасында 217 мемлекет қатысқан ЮНЕСКО-ның 13-сессия­сында Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Бұл – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына сырбойылықтардың лайықты жауабы.

Енді дәстүр бойынша жыл көлемінде жеткен жетістіктерге қысқаша тоқтала кетейін.

Өздеріңізге белгілі, әлемдік нарықта баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда. Соған қарамастан, еліміз Жаңа экономикалық сая­сатты жетілдіре отырып, үлкен бір межеден өтіп, әлеуметтік инфрақұрылымға тың серпін беріп келеді.

Ғаламдық дағдарыс жағдайында біз Елбасының тапсырмасын орындай отырып, бұрынғы жылдары белгіленген әлеуметтік бағдарламалардың бірде-біреуін кеміткеніміз жоқ,  қайта дамытып келеміз.

Биылғы жыл облысымыз үшін табысты болды деп айта аламын. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік.

Оның ішінде инвестициялар көлемі (110,3%), құрылыс жұмыстары (101,1%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі (101,3%) жоғары болып қалыптасуда.

Әлеуметтік тұрақтылық орнықты сақталуда.

Бағаның елеусіз көтерілгеніне қара­мастан (104,6%), бөлшек тауар айна­лымындағы (101,0%) оң динамика біз үшін өте маңызды. Бұл – халықтың сатып алу қабілетінің біршама жоғарылағанының  дәлелі.

Экономикадағы оң үдерістің ықпалы жыл бойы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін 4,8%-тен асырмай  ұстауға мүмкіндік беруде. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

Экономиканы әртараптандыру біздің бас­ты міндетіміз болып қала береді.

Индустрияландыру картасының I және II бесжылдығы аясында жүзеге асырылған 22 жобаның бүгінгі күні 17-сі өнім шығаруды қамтамасыз етуде. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы әк шығару зауыты іске қосылды және 11 желтоқсан күні Астанада өткен телекөпір аясында Мемлекет басшысына тампонажды цемент өндіретін зауытын іске қосуды ұсындық.        

2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылып, «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» Жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қарашасында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оның ішінде 42 066 жұмыс істеп тұр. Бұл – республикада ең жақсы көрсеткіш.

Өздеріңіз білесіздер, жаппай кәсіп­керлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу мен жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру мақсатында облыс әкімдігі, облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы филиалы, қоғамдық кеңес және өңірлік кәсіпкерлер палатасының шешімімен 2018-2020 жылдары өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ретінде жария­ланды. Бұл бізге осындай жетістіктерге жетуімізге зор мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, облыс үшін маңызды химиялық және тау-кен металлургиялық кластерлерді құруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда.

«Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде кен-байыту комбинатының алғашқы капсуласын қаладық.

«Баласауысқандық» ванадий кен өндірісін игеру, Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

Жаңа бәсекеге қабілетті индустриялар құрудың маңызды шарты инновацияларды қолдау және оларды тез арада өндіріске енгізу болып табылады.

Біз бұл мақсатты халықаралық инвест және интернет-форумдар өткізу арқылы жүзеге асырып келеміз.

Жуырда ғана (3-4 желтоқсан 2018 ж.)инвестициялық форум өткен болатын, оның жұмысына 15 елден дипломатиялық өкілдер мен халықаралық ұйымдардан делегациялар қатысты. Сонымен қатар, 4 елдің елшілері қатысты (Франция, Венгрия, АҚШ, ҚХР). Форум аясында 14 меморандумға және 1 келісімге қол қойылды.

Облысымыздың қашаннан аграрлық өңір екендігін ескерсек, жұмыстың келесі бір ірі ауқымы – ауыл шаруашылығын дамыту саласы.

Осы орайда, облыстың аграрлық секторы дамудың жақсы қарқынын көрсетіп отырғанын атап көрсетуіміз керек.

Соңғы жылдары (2013-2017 жж.) об­лыстың Жалпыөңірлік өнім құрылы­мында ауыл шаруашылығының үлесі 2,5%-тен 3,7%-ке дейін артты, бұл өңір экономикасы құрылымында сапалы өзгерістер бар екендігін көрсетеді. 

Осы жылдар ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 23 есе және тек биылғы жылдың өзінде 34,7%-ке өсті.

Осындай жағымды көрсеткіштерімізбен Тәуелсіздіктің келесі парағын ашқалы отырмыз.

Құрметті зиялы қауым!

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қас­терлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде шынайы жарастық орната алады. Сондықтан да, бүгін күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі – ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым. Қазіргі адамзаттың ең басты мұраты, ең асыл игілігі.

Елбасы – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қол­басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биыл Тұңғыш Президент күні қарсаңында жас сарбаздармен кездесуінде «Барлық істеп жатқан шаруаның, 27 жылдың ішіндегі тәуелсіздікті нығайту үшін, мемлекетімізді дүниежүзіне паш ету үшін істеген жұмысымыздың барлығы – Отанды қорғау.

Егер де Тәуелсіздігімізді, бүгінде әлемге белгілі болған Қазақстанымызды, Көк Бай­ра­ғымызды қорғай алмасақ істеген ша­руаның барлығы бекер болады», деген еді.

Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста еркін де тәуелсіз, айбарлы да азат, қайсар да қайратты халық екенімізді, ұлт бірлігін ұлықтаған егемен ел екенімізді үлкен мақтаныш сезіммен айтқым келеді.

Сіздерді Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, арман-мақсаттарымыз, мұрат-мүдделерімізбен Тәуелсіздігімізді сақтау жолында аянбай еңбек етейік дегім келеді.

Сіздерге мықты денсаулық, отбас­тарыңызға амандық, халқымызға береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін.

Еліміз еңселі, Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ғұмыры мәңгі болсын!

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 желтоксан 2018 г. 722 0