Қызылорда облысы жуырда өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпірде «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» аталымында «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Бейсенбіде жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездескен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жетістікте әрбір сырбойылық кәсіпкердің үлесі барын атап өтті.
2018-2020 жылдардың облыста жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың үшжылдығы ретінде жариялануы саланы өркендетудің тиімді тетігіне айналды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бір мезетте қатарынан үш мәселені шешуге көмектесетінін аймақ басшысы әркез айтып жүр. Олар – салық базасының ұлғаюы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы.
Жыл басында осы бағытта жалпы бюджеті 32 млрд теңге болатын кешенді «Жол картасы» әзірленді. Оның 3 млрд-тан көбі стартап жобаларға бағытталды. Өткен 10 айда жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 4 616 бірлікпен толығып, өсім 12,7%-ті құрады. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған шағын несиелер саны 2 есе ұлғайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несиенің проценттік мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша жалпы құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 141 жоба мақұлданды. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында 14 мыңнан астам қызылордалық еңбекпен қамтылды.
– Әкімшілік кедергілерді қысқарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Өткен жылы республика бойынша алғаш рет Қызылорда қаласында толық форматтағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Бүгінгі күні орталық тарапынан «бір терезе» қағидатымен кәсіпкерлерге 40-тан астам мәселе бойынша қызмет түрлері тегін көрсетіліп келеді. Инженерлік желілерге техникалық шарттар электронды форматта ұсынылуда. Енді жер телімдерін алу рәсімін электронды нысанға көшіріп жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралардың барлығы өңір бизнесінің дамуына қолайлы жағдай туғызатынына сенім білдірді. Өз кезегінде бірқатар кәсіпкер, атап айтқанда, «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдаулет Мақашов, «Асбол» ЖШС директоры Ғани Пірімжанов және жас кәсіпкер, республикалық «Zhas project» байқауының қатысушысы Ердаулет Есмағанбет мемлекет қолдауы үшін ризашылық білдіріп, ой-пікірлерін жеткізді. Жиын қорытындысында шағын және орта кәсіпкерлік саласының алға жылжуына үлес қосқан азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Назерке САНИЯЗОВА