ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБА КӨП

Қазір бизнесті дамыту жолға қойылып, несиелік ресурстарға қолжетімділік айтарлықтай жеңілдетілді. Сәйкесінше, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты. Өңірде бұл көрсеткіш 11 процентті құрап отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де облыста 30 млрд теңгеден астам қаржыға 73 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» секілді мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, қолға алған ісін қарқынды жалғастырған кәсіпкерлер көп. Бұған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы  ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.
Сол жағалаудағы жаңа балабақша
Бірінші болып Сырдың сол жағалауына беттедік. Мұндағы тірлік қызу. Көпқабатты тұр­ғын үйлер, сән-салтанаты ке­ліскен әсем ғимараттар бой кө­терген. Құрылыспен айналысып жатқан мекеменің бірі – «Абу-Сер» ЖШС. Ибрагим Әбубәкіров басшылық ететін серіктестік мемлекеттік-же­ке­­меншік әріптестік аясында 320 орындық балабақшаның ірге­тасын қалапты. Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Цеснабанк» АҚ-дан 14 процентпен несие рәсімдеп, оның 7 процентін субсидиялауға мүмкіндік алған. Сонымен қатар аймақтық филиал кәсіпкер алған несие құнының 50 процентіне кепілдік берген көрінеді. Бала­бақшаның сырт келбеті ғана емес, іші де заманауи үлгіге сай сәнді болары сөзсіз. Қуан­тар­лығы, енді дарияның арғы бетінен салынған үйлерге қоныс аударатын тұрғындар «Бала­мызды қай балабақшаға орналастырамыз?» деп әбігерге түспейді.
Тісіңіз ауырса...
Келесі нысан – тіс емдеу клиникасы. Байқағанымыздай, «DENTA қала халқына кең көлемді медициналық қызмет түрін ұсынатын орталыққа ай­налған. Клиника басшысы Гүлназ Қадіровамен тіл­дес­кенімізде де, ол мұнда шұғыл көмек көрсетілетінін, терапияның, емдеудің, бре­кеттеудің және тісті имп­лан­та­ция­лаудың заманауи әдістері қолданылатынын жеткізді.
– С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін тәмамдағаннан кейін мемлекеттік ауруханада тіс дәрігері қызметін атқардым. Біраз уақыттан соң тәжірибе жинап,  жеке ісімді ашуды ойлай бастадым. Әуелде стоматологияны жалға алып, шағын клиникаға 3 маманды жұмысқа қабылдадым. Іс өрге басты. Осылайша, бизнесті кеңейттім. «Банк Центр Кредит» АҚ Қызылорда филиалына жүгініп, қажетті кеңес алдым. Мемлекет ұсынған тиімді мүмкіндіктерді де қалт жі­бер­медім. Соның нәти­же­сінде «Биз­нестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдау бағдарламасы аясында несие мөлшерлемесін 40 процентке төмендетуге қол жеткіздім, – дейді кәсіпкер.
Мұндағы қызмет құны да қолжетімді. Ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілген, жайлы интерьер  мен  келу­ші­лерге жағдай жасалған. Ең бас­тысы, көпшілік дән риза. Әрі тіс дертіне осы жерден дауа табарына сенімді.
Полипропилен өнімдеріне сұраныс артқан
Әрі қарай сапарымыз «Полимер-Продукт» серіктестігінде жалғасты. Оның негізгі қызметі – халық тұтынатын тауарларды әзірлеу, соның ішінде поли­пропиленнен жасалған қап­­тарды дайындау. Реті келгенде айта кетейік, бүгінде аталған зауыттың өнімдеріне сұраныс едәуір артқан. Дегенмен, компания басшылығы өн­ді­рістік шығындарды төмен­детіп, шикізат шығаруға ниет білдіріпті. Шикізат сырттан алын­бай, өзімізден шықса, шығын 46 процентке дейін төмендейді екен. Осыған бай­ланысты кәсіпкер биыл «Цеснабанк» АҚ арқылы 14 процентпен 50 млн теңге көле­мінде несие алған. «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалы банк алдында 25 млн теңгеге кепілдік беріпті. Осының негізінде «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында несиенің 5 проценті субсидияланған. Қазір серіктестік импорттық тауарларды ығыстырып, отан­дық өнімнің қолданылу аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Экономиканы өрістетіп, әлеуетті арттыруға атсалысып жүрген кәсіп иелерінің осындай еңбегін елемеске болмас. Себебі, олардың атқарған ісі ауқымды, алға қойған жоспары әлі де көп.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 желтоксан 2018 г. 567 0