48 ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАҒА ИЕ БОЛДЫ

Мерекелік шарада аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары туралы айтты. Сонымен қатар, түрлі саладағы 48 адам Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен, Құрмет грамоталарымен наградталды, үш сырбойылық "Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағына ие болды.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев атап өткендей, тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысы экономика мен өнеркәсіптің барлық салаларында тұрақты өсімге қол жеткізді.

«Сыр елі де Тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі, Алаштың анасы ретінде республика дамуына өз үлесін қосып келеді. Биылғы жылғы барша әлемге танылған жетістігіміз Қорқыт ата мұрасы  ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл - Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына сырбойылықтардың лайықты жауабы. 2018 жылғы қорытындысымен бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылды»,-деді аймақ басшысы.

Индустрияландыру картасының I және II бесжылдығы аясында жүзеге асырылған 22 жобаның бүгінгі күні 17-сі өнім шығаруды қамтамасыз етуде. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы әк өндіретін зауыт жұмысын бастады. 11 желтоқсанда жалпыұлттық телекөпір аясында тампонажды цемент өндіретін зауыт іске қосылды.

Облыста химиялық және тау-кен металлургиялық кластерлерді құру аясында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. "Шалқия" қорғасын-мырыш кеніші құрылысының алғашқы капсуласы салынды, сондай-ақ "Баласауысқандық" ванадий кен орнын игеру және кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде; ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 23 есе және тек биылғы жылдың өзінде 34,7%-ға өсті.

Салтанатты жиында бірқатар қызылордалықтар кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін мемлекеттік наградаға ие болды.

Сыр өңірінен шыққан үш азаматы "Қызылорда облысының Құрметті азаматы" атағына ие болды. Олар - Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мен КСРО еңбек сіңірген өнертапқышы, «Фосфор шламындағы фосфорды анықтаудың Бөкетов-Баешов әдісі» және «Ультрадисперсті мыс ұнтағын алудың Баешов-Жұрынов әдісінің» бірлескен авторы Әбдуали Баешов және республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист  Нұртөре Жүсіп.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 желтоксан 2018 г. 670 0