ТАМПОНАЖДЫ ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпір барысында еліміз бойынша 28 жобаның тұсауы кесілді. 

Солардың қатарында 5 ретте Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы қуаттылығы жылына ­­1 млн тонна болатын тампонажды цемент зауыты іске қосылды. Тікелей байланыс арқылы «Геджуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС бас директоры Ли Цзиньцин Мемлекет басшысына тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының аяқталғанын баяндады.

«Біздің кәсіпорын – Қа­зақ­­с­танда қалыптасқан қо­лай­лы инвестициялық ахуал­дың жемісі. Бүкіл әлем ин­­­вес­­­тициялар мен технология­лар­ды  тарту жолындағы Сіз­дің еңбегіңізді жақсы біледі. Біздің жоба Қазақстан-Қытай серіктестігінің нәтижесі» – деді Ли Цзиньцин.

Мемлекет басшысы кәсіп­орын жұмысына табыс тілеп, це­мент зауытын іске қосуға рұқсат етті.

Аталған зауыт жылына 1 млн тонна цемент өндіреді. Жергілікті материалдардан түр­лі қоспалар арқылы жетіл­діріл­ген өнім негізінен газ, мұнай саласына, уран өндірісіне  кеңі­нен қолданылады. Демек, бір өндіріс орны арқылы басқа да атқарылуы тиіс индус­трия­лан­ды­рудың кеңінен қанат жаюына қозғаушы болады деген сөз. Нысанда 260 жұмысшы-қызметкер еңбек ететін болады.

– Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақ­сатында Қытай еліндегі осындай кәсіпорында 48 адам ар­найы курстан өтіп келіп, нақты кезеңде қызу еңбекке араласып жүр. Сондай-ақ, Шиелі индустриалды-аграрлық кол­лед­жінің базасында зауыт бас­­шылығымен өзара келісім нәти­жесінде 80 жас маман даяр­­лануда. Аймақ өндірісіне үлкен серпіліс береді деген алып кәсіпорын келер жылдан бас­тап өз өнімін бере бастайды. Зауыт басшылығымен үнемі пікір­лесіп отырамыз, сонда білгеніміз, Қаратаудың цемент шығаруға қажетті қиыршық тастары әуелі күйдіріліп өңделіп, сонан соң ғана өндіріске қолданысқа түседі. Бастапқы қиыншылықтарды жеңе отырып, алғашқы жылы 500 мың тонна тампонажды цемент өнді­ріледі деген жоба бар. Бұл жоба Елбасының, облыс басшылығының батыл бастамасы деп айтуға толық негіз бар, – деді аудан әкімі Әшім Ораз­бекұлы  журналистермен сұхбат барысында.

Бұл жоба өндірістік қуат­тарды тасымалдау бойынша 51 бірлескен Қазақстан-Қытай жобасының тізіміне кіреді. Бас мердігер – «Чайна Триумф Интернэншл» инженерлік жо­баларды басқару және ин­же­нер­лік бас мердігер ТОП-50 кәсіпорны. Айта кетерлігі, зауытты іске қосу арқылы тағы да қосымша шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік туып отыр. Мәселен, цементке арналған қап­тар, асфальтбетонға ар­нал­ған минералды шаң шығаратын құрылғылар  осы жерден шыға­рыла бастайтын болады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 желтоксан 2018 г. 477 0