«Сарыарқа» газ құбыры Сыр елінен бастау алды. Индустрияландыру күнінде Мемлекет басшысы Астананы газдандыру жобасын іске қосты.
– Сіз жариялаған бес әлеуметтік бастаманың бірі елдің орталық және солтүстік бөліктерін газдандыруға арналған. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағдары» бойынша өтеді. Оның жалпы ұзындығы 1061 шақырымды құрайды және бір жылдағы газ өткізу мүмкіндігі 2,2 млрд текше метрге жетеді. Аталған жобаны іске асыру 2 млн 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге жол ашады. Президент мырза, «Сарыарқа» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін арнайы капсуланы орнатуға рұқсат беріңіз, – деді «АстанаГаз ҚМГ» АҚ бас директоры Сағидолла Мақашев жалпыхалықтық телекөпір кезінде.
«Сарыарқа» жобасының бірінші кезеңін іске қосуға пәрмен берген Президент индустриялық жобаның маңыздылығын айрықша атап өтті.
– Біз мұнай мен газ шығаратын мемлекет ретінде Қазақстанның орталығын газдандыру мәселесіне енді ғана назар аудардық. Бұл – ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, біз келесі жылы осы маңызды газ құбырының құрылысы аяқталып қалды деп айтатын боламыз. Бұл газ құбыры елордаға дейін жетіп, әр үйге барады. Осылайша өнеркәсібіміз өркендей түседі. Сіздерге сәттілік тілеймін, – деді Елбасы.
Еске салсақ, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілді. Алайда, көгілдір отын орталық және солтүстік өңірлерге жете қойған жоқ. Елбасы ұсынған «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» газ құбырын салу жобасы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып отыр. Жоба ауқымдылығына байланысты үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде өңірдегі «Қараөзек» кен орнынан басталатын газ құбыры Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға жеткізіледі. Екінші кезеңде Астанадан Көкшетауға тартылса, үшінші кезеңде «Көкшетау – Петропавл» газ құбыры іске қосылмақ.
– Келесі жылы газ құбыры Астанаға жеткен жағдайда 160-тан астам елді мекен тұрғындары табиғи газға қол жеткізеді. Қазіргі күні бас мердігер анықталып, тиісті қаржы бөлінді. Жоба бірыңғай газ-транспорттық жүйенің жалғасы екендігімен ерекшеленеді. Тиімділігі, көгілдір отын Батыс Қазақстаннан еліміздің өзге өңірлеріне дейін барады. Газ құбырының құрылысын жүргізуге 2,5 мың адам тарту, ал ол пайдалануға берілгеннен кейін 700-800 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр, – дейді «КАТЭК» жобалаушы инжиниринг компаниясының бас директоры Құндыз Нупов.
Стратегиялық маңызды жоба көптен шешімін таппай келе жатқан Ақмола, Қарағанды облыстары мен Астана қаласын газбен қамту мәселесінің шешілуіне мүмкіндік береді. Ел аймақтарын газдандыру – Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі екенін ескерсек, мұның тиімді тұстары орасан. Ең алдымен, тұрғын үйлер мен мекемелерді көгілдір отынмен жылыту электр қуатын үнемдеуге әрі қаржы шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен, қатар «Бурабай» курортты аймағы орналасқан Көкше өңірінің табиғатына зиянды әсерді төмендетеді.
Назерке Саниязова.