ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: ЖАҢА ЖОБА, ЖАҢА ТАБЫС


Мемлекет басшысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа  «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін»  номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады


11 желтоқсанда Астанадағы «ЭКСПО» конгресс орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

Елбасы іс-шара басталар алдында индустрияландырудың және цифрландыру бағдарла­масының жобалары қойылған көрмені аралап көрді.

Айта кетейік, «Индустриялан­дырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» Жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа  «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін»  номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын табыстады. Сондай-ақ, телекөпір барысында облысымыздан қуаттылығы жылына 1 млн тонна болатын цемент зауытын іске қосу және «Қараөзек» станциясынан «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысын бастау рәсімі өтті. Осылайша, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сыр елі өзінің даму қарқыны мен Елбасы бастамаларына үн қосуда көшбасшы өңір екенін тағы бір паш етті.

Сонымен 2018 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасаған ең үздік өңір деп танылып отыр.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қара­ша­сында өңірде 51 956 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оның ішінде 42 066-сы жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,7%-ті құрады. Бұл – республикада ең жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъек­ті­лерінің үлесі тір­келгендер са­ны­ның 80,9% -ін құрады.

Естеріңізге сала кетейік, жаппай кәсіп­керлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселелерін тиімді шешу мен жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үле­сін айтарлықтай арттыру мақ­са­тында облыс әкімдігінің, об­лыс­тық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, қоғам­­дық ке­ңес­тің және өңірлік кәсіпкерлер пала­та­сының шешімімен 2018-2020 жылдары өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы ре­тін­де жарияланды. Жыл басында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» әзір­ленді. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруға рес­публикалық және облыс­тық бюджеттен, банктер мен қор­лардан 32 миллиард тең­геден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде стартап-жоба­ларға 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарас­тырылған. 

Жаппай кәсіпкерлікті, әсі­ресе ауыл­дық жерлерде да­мы­туға өңірде басымдық беріліп отыр. Облыстың әрбір ауылдық елді мекеніне жергілікті ат­қа­рушы органдар мен орталық мем­лекеттік орган­дардың ау­мақтық бөлім­ше­лерінің басшы­ларынан шағын және орта бизнесті да­мытуға жауаптылар бекітілді. Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша өз ісін осы жылы бастаған әр аудан мен облыс орталығындағы үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ ауданның үздік әкімін және жауапты лауазымды тұлғаны 1 млн теңге көлеміндегі сый­ақымен марапаттау туралы ше­шім қабылданды.

Болашақ және өз істе­рін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағ­дай­ларды жасау мақсатында «Кәсіпкерлер үйінің»  ашылуы бұл үлкен бастаманы ширықтыра түсті. Мұнда облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңір­лік инвестициялық ор­та­лығы, Кәсіп­керлерге қызмет көрсету ор­талығы, «Жо­ба­ларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер пала­тасы, екінші деңгейлі бір­қатар банк филиалдары  және өзге де мекемелер ор­на­ластырылған. Сондай-ақ, ай­мақ кәсіп­керлері үшін элек­трондық қызмет түрлерін тегін алуға болатын онлайн-кабинет жұ­мыс істейтінін де айта кеткен жөн.

Жалпыұлттық телекөпірге қайта орал­сақ. Бұл шарада Мемлекет басшы­сына индустриялық-инно­вация­лық да­му бағдарламасы аясында жүзеге асы­рылған 28 жаңа жоба таныстырылды.

– Бүгін біз тағы да индустрия­ландырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жоба­лардың іске қосылуымен, жаңа маман­дықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.

– Біз ел экономикасын әртарап­тандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қо­лайлы жағдай қалыптастыру, инвес­тициялық ахуал мен сот жүйесін жақ­сарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшін­ші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазір­гі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфра­­құрылымды жақсарту және өнім­ділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасы еліміздің ор­нықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шы­ғарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бө­лігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар, металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде әңгімеледі.

– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолай­лы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қар­­қынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік – еліміз­де 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қам­титын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 милллион шаршы метр тұр­ғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қазақстан Пре­зи­денті эконо­ми­каның түрлі са­ла­ларын цифрландыру және бір­қатар кә­сіп­орынның өн­ді­ріс үдерісіне инно­вациялық ше­шім­дерді енгізу барысына тоқталды.

– Төртінші өнеркәсіптік революция эле­менттерін қамти отырып, өнеркәсіпті тех­но­логиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру ин­дустрияландыру бағдар­ла­ма­сының маңыз­ды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан эко­номикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабі­леттілікті қам­тамасыз ететін дамудың түбе­гейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрия­ландырудың үшінші бағдар­ла­ма­сының стратегиясын нақты нәти­желерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен ши­кізаттық емес экспортты қол­дауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қар­жылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құрал­дарын көбейтуге жұмса­латын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басымдықтардан тиімді өндіру­шілерге қолдау көр­сетуге көшу үдерісі жүргізілетінін айтты.

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұ­тыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмыл­ды­руымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жоба­ларын несие­лендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жө­ніндегі жұмыстарды жан­дандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев Уни­верситетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіп­орындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тап­сырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті ин­дус­триялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықаралық тех­нопаркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Іс-шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сый­лықтарының жеңімпаз­да­рын мара­пат­тады, бизнеспен ай­­на­лысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін өңір басшысына арнайы награда берді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 желтоксан 2018 г. 573 0