« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазір қолынан іс келетін адамға кәсіп көп. Тек ізденіп, ерінбей еңбек етсе болғаны. Ал осы ерінбеудің ең төресі – ұсталық па деймін?! Төзім мен шыдамды серік етіп, ағаштан түйін түюдің өзі нағыз шебердің ғана қолынан келмек. Ата-бабаның дәстүрлі мұрасын жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені, қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Төрде ілініп тұрған домбыра мен қамшы да осы шебер, қолды ұсталардың қолөнер туындысы.
«Қоғалыкөлде ағаш ұстасы бар» дегенде бағытымызды бірден солай бұрдық. Біз барғанда Сауранбек Қойшыбайұлы Жүсіпов көршісінің шатырында жүр екен. Көрші үйінің төбесін жабуға қолғабыс етуде. Қызу жұмыс үстіндегі шебер бізге шамалы уақытын бөлді. Сол аралықта ұсталықтың қыр-сырын сұрап алдық.
– Жақында бір кісі келіп, бесік жөндеп беруді өтінді. Қарасам, 1985 жылы өзім жасаған бесік. Көзіме оттай басылды. 33 жылдан кейін өзімнің алғашқы қолөнер туындымды көргенім бір марқайтты. Сол жылдан бастап осы ұсталықпен айналысып келе жатқанымды айтайын дегенім ғой, – деді шебер.
Ұстаханаға кірдік. Іші қашаудан басталған құрал-саймандарға толы. Ағаштың түр-түрі тұр. Одан жасалған бұйымдарды айтсаңызшы. Домбыра, қобыз, күбі, шоқпар, қазақтың аяқ-табағының түрлері, тағы басқа бұйымдар жетерлік. Ортада осы бұйымдарды жасауға ыңғайлы бір үстел тұр. Соның қасында кейіпкеріміз сүйікті ісі жөнінде біраз әңгіме айтты.
С.Жүсіповтің ұсталыққа деген ынтасы бала жастан басталған. Кішкентай кезінде ағаштан экскаватор жасап, қызығушылығы артады. Содан соң Қызылордада шеберлігін шыңдайды. Облыс орталығында цехқа кешкі сағат 4-те жұмысқа келіп, таңғы сағат 6-ға дейін екі домбыра жасаған кезі бар.
Жас қолөнерші алмағайып кезеңде ауылда суретші болып жұмыс жасаған. Осы уақытта оның жасаған туындыларына деген сұраныс жоғары болыпты. Ағайынның керек-жарағын жөндеп беріп те отырады. Тіпті, оның бұйымдары көрмелерге қойылатын болған. Бірде облыстық көрмеге сықырлауық дайындайды. Соның нәтижесінде Сауранбек Қойшыбайұлының еңбегі облыс жұртынан жоғары бағасын алған.
Ұстаханада қолөнерші әр бұйымға арнайы әзірлік керек екенін, оның ішінде ағашты дұрыс таңдай білу қажеттігін айтты. Яки, қолөнер туындысының сапалы болып шығуы ағашқа тікелей байланысты. Ол үшін қажетті ағашты алдын ала кесіп, қабыршықтарын алып, кептіріп қояды. Уағы жеткенде, ел-халықтың тапсырысы бойынша бір бұйымды жасап шығарады.
– Мына ағаш тостағанды кедр жаңғағының ағашынан жасадым. Жуық арада жаңағы Өмірбек ағайдың шатырын қағып беріп жатқанмын. Содан бір метрлік ағаш келді. Қайдан алғанын білмедім. Бірден ағайға қолқа салдым. Үйде шатырға қағатын 6 мертлік ағаш бар еді. 1 метрлік кедір ағашының орнына соны берейін дедім. Өмірбек ағай «ағашың қажет емес, мынаны ала бер» деді. Соны алып тез арада осы ыдысты жасап шықтым. Бір жақсысы теп-тегіс болып шығады, – деді тостағанды айналдыра ысқылап көрсеткен ағаш шебері. Одан бөлек, Сыр талы, қарағаш, көк терек, қайың ағаштарынан да түрлі бұйымдар жасап шығарған.
«Шебердің қолы ортақ» болғаннан кейін тапсырыс көптеп түседі екен. Ұзатылатын қыздың жасауына сандық жасап береді. Тозығы жеткен ағаш бұйымдарын қалыпқа келтіріп, жөндеп те қояды. Оюлап тұрып бесік те жасайды. Жалпы, тұрғындардың талап-тілегіне орай қолынан келетіннің бәрін істейді. Тіпті, арнайы тапсырыс бойынша ауыл әкімшілігінің мәжіліс залына үлкен үстел де жасап беріпті.
Ұстаханадан кейін ұстаның үйіне кірдік. «Сынбасты ұста жасайды» дегендей, бесік, қымызқұяр, қымызпіспек, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, гүл қояр секілді бұйымдар мұнда дайын тұр. Жұрт саз балшықтан құмыра жасап жүрсе, ішін ойып ағаштан құмыра жасағанды, өзгелерді қайдам, біз алғаш рет көрдік. Осындайда шын шеберге тәнті болмай көр.
Ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген С.Жүсіпов оқушыларды осыған баулуға мектептен цех ашқан. Мұның жүзеге асуына аудандық мәслихат депутаты, мектеп директоры Сламбек Каюпов себепші болыпты. Соның арқасында қазір мектептің қолөнерші жастары ауданға, облысқа, республикаға дейін барып, жүлделі оралып жүр.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |