Түркі әлемінің тұмары

 Елбасының әр тұжырымдамалық еңбегі ел дамуындағы маңызды бағдарламалық құжат. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбек те әр азаматты терең мазалайтын мәселелерге арналған: халықтың рухани дамуы, келешекке талпынушылық, туған жердің рухани құндылықтары мен мәдени мұрасын сақтау, дүние жүзіне жаңа мәдени ұсыныстар тудыру. Мемлекет басшысы тарихи сананы жаңғыртудың қағидаларын талдап, қазіргі бәсекелік жаһандық әлемде ХХІ ғасырдың ұлты қалай дамуы керектігін тұжырымдайды. Ұлттық мәдениеттің ең жоғары белгілеріне негізделген ел тарихы мен дәстүрлерін құрметтеу арқылы баянды келешектің қалыптасатындығын айтады. Сондықтан бағдарламалық мақалада ұсынылған міндеттер Елбасы жүргізіп отырған реформалардың логикалық жалғасы деп түсінеміз.

Бағдарламалық мақалада Ұлт көшбас­шысы көрсеткен жеті қы­рымыз ұлттық бейнеміздің, немесе заманауи сөздік қорда сәнге ай­налған ұлттық брендтеріміздің көр­сеткіштері іспеттес. Елбасы ел тарихындағы кеңістік пен уақыт шеңберінде ұлттық бей­не­міз­дің көрсеткіштеріне жаңа қы­ры­нан қарауы мақаланың басты құндылықтарының бірі деп түсінеміз.

Ұлы дала жерінен тараған ұлы техно­логиялық революциялар атқа міну мәде­ниетімен тығыз байланысты. Бұл мәдениет киім үлгісінің қалыптасуы, ат құрал-жабдықтары ер-тұрман мен үзеңгіні, қару-сай­мандар болып табылатын садақ, қы­лыш, сауытты ойлап табуға ықпал етті. Бұл тұста Елбасы ұлы технологиялық революция тү­сінігіне ерекше мән береді. Шынында, аталған технологиялық жаңалықтардың адамзаттың эволю­циялық дамуындағы рөлі орасан. Сондықтан осы тың жаңалықтар халық қозғалысының жаңа түр­ле­ріне жол ашты. Негізінен жаңа технологиялық дәстүрлер эконо­микалық құрылымның өр­кендеген тұсында қалыптасады. Ал оның өзгерісі қоғамдық дамудың тарихи жолымен өлшенеді. Мұндай мүмкіндіктердің ата-бабаларымызда болуы баршамызды қуан­татын­дығы анық.

Ұлы даладағы ежелгі метал­лургия да дала өркениетінің техно­логиялық тұрғыдан дамуының көрсеткіштерін танытады. Адам­заттың тіршілік әрекетіндегі бар­­лық салаларды металлургия өнім­дерімен қамтамасыз ету – өр­кениеттің алға қарай дамуының негізі. Металл кендеріне бай қазақ жеріне геологиялық факторлар да ерекше әсер етті деп ойлаймыз. Адамзат тарихындағы осы жетістік ежелгі Қазақстанның мәртебесін көрсетті. Сонымен қатар, ежелгі за­мандарда біздің жеріміздегі ежел­гі металлургия әлеуметтік жүйе­лер, саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық процестерге ықпал етті.

Қазақстанның ежелгі тұрғын­дарының озық мәдениеті «Аң стилі» өнерімен байланысты. Елімізді көпжылдық археологиялық зерттеу барысында мәдениетімізді сипаттауға мүмкіндік беретін көптеген мәліметтер алынды. «Аң стилі» өнеріне байланысты шет елдік ғалымдардың ғылыми басылымдарда бірнеше зерттеулері жарияланды. Еңбектердің басым бөлігінде көшпенділердің рухани дүниетанымына көңіл бөлінгендігі байқалады. Сонымен бірге, ежелгі замандарда қалыптасқан «Аң стилінің» бізге тән өзіндік бейнелер бөлшектерінің сипаттамалық белгілері талданған нәтижелер кездеседі.

Еліміз мәдени және табиғи мұраға өте бай. Палеолиттен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымызды көрсететін түрлі археологиялық мәдениет белгілерін әр өңірден табуымызға болады. Әлемдік ғылыми қауымдастық үшін «Алтын адамның» табылуы үлкен жаңалық болды. Кезінде Мәскеуде сақталған, тәуелсіздік алғаннан кейін елге оралған ескерткіштің еліміздің тарихындағы мәні зор. Оның заманауи Қазақстанның ұлттық символдарының біріне айналуы түп-тамырымыздың белгісі деп білеміз.

Біздің жеріміз түркі әлемі үшін қасиетті орын болып табылады. Мұнда қазіргі түркі халықтарының ұлы бабалары Қорқыт ата мен Қожа Ахмет Ясауи жерленген, Отырарда Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келді. Міне, осы тұста мақалада түркі әлемінің мол мұрасын сақтау мен дамытудағы қазақ халқының ізгі міндеттері баяндалғанын айта кетуіміз қажет. Мұндағы тұжырымдар Шығыс пен Батыстың, түркі әлемі мен Еуропаны тоғыстыратындай көрінеді.

Тарихтан белгілі Ұлы Жібек жолы қазіргі Қазақстан территориясынан өтіп, Орталық Азия мен Таяу Шығыстың сауда нысандарын әлемнің барлық өңірлерімен байланыстырды. Байланыстар тек сауда қатынастарын дамытып қана қоймай, өркениеттер арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықты күшейтті. Шығыс пен Батысты, Қытай мен Еуропаны байланыстарған бұл керуен жолы қазіргі Кедендік Одақтың көрінісі іспетті. Демек, Еуразиялық Одақ шеңберіндегі барлық міндеттер Ұлы Жібек жолын қайта өрлетудің қадамдары деп түсінуімізге болады.

Еліміздің алма мен қызғал­дақтың отаны екендігі баршамызға мақтаныш сезімін тудыру қажет деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл тұжырым ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұл туралы британдық ғалымдар көптеген зерттеулер жүргізіп, Бэрри Джунипердің кітабында да жазылған. 2017 жылы мұндай қорытындыны АҚШ пен Қытай ғалымдары Nature Communications журналында да жариялады. Сондықтан адамзатты керемет дәмімен тамсандырып жүрген Жердегі барлық алмалардың түп тамыры Сиверс алмасы мен көптеген халықтардың жүрегін өзінің сұлулығымен жаулап алған Регель қызғалдақтары – қазақ даласының символдары.

Ұлттық бірегейлікті құрылым­дау жолында өткеннің материалдық мәдениет құндылықтарының маңыздылығы жоғары. Мәдени құндылықтарымызды Елбасы ұсынған тарихи-мәдени жоба­лар арқылы таныту – қазіргі ұрпақтың міндеті. Сондықтан мақала отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлтаралық қатынастарды нығайту, мәдениет пен дәстүрлерді сақтауға бағытталған. Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін алдағы уақытта көптеген жұмыстар атқарылатындығына толықтай сенімдіміз.

Мұрат НАСИМОВ, 

саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2018 г. 467 0