Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның дүниеге келген айының құрметіне орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Адамзаттың ардақтысы – Мұхаммед (с.ғ.с.)» тақырыбында облыстық рухани кеш өтті.
Кешке ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти, Түркістандағы кеңсе басшысы А.Әділбаев, облыс әкімі орынбасары Р.Рүстемов, облыстық ішкі саясат басқарма басшысы Т.Маханов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Б.Камалов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, депутат Қ.Ерназаров және де бірқатар сыйлы азаматтар арнайы шақыртылып, қонақ болды.
Қадірлі қонақ, наиб мүфти Алау Шайқымұлы Сыр халқын Мәуліт мерекесімен құттықтай келе, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының ыстық сәлемін жеткізді. Құттықтау сөзін әсерлі уағызбен жалғаған төраға орынбасары Алла Елшісінің өнегелі өмірін еске түсіріп, тарихтан сыр шертті.
Одан кейін «Өнер қырандары» театры әсерлі қойылымдарымен көрермендер көзіне жас келтірсе, Н.Бекежанов театры әртістері жат ағым жетегінде кетіп адасқан бауырымыздың өкінішке толы өмірін бейнелеп жан тебірентерлік күйге бөледі.
Мерекенің көркін ашқан «Нұр» мешітінң Бас имамы М.Үркімбаев пен қари Ш.Садуовтың және «Құран жаттау» орталығы шәкірттерінің орындауында мәуліт жыры оқылып, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауаттар жолданды.
Сонымен қатар, мерекелік шарада «Өнер қырандары» театры әншісі Р.Төре, «Тұран» тобы әншісі Қ.Зайит, Т.Жарасқан және де ағайынды Ж.Бекзатұлы мен Р.Бекзатұлы діни әуендерден шашу шашса, күмбірлеген домбыраның қоңыр үніне кезек беріліп, М.Сүгірбай терме арнады.
Шара соңында өкіл имам Болатбек Ұласқанұлы құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты шараларға кезек берді. Барша халықтың алдында Баймаханова Сезім және Абайқызы Кәусар атты балапандардың еміне 200 000 тг және 120 000 тг қаржылай көмек берілсе, «Асыл Иман Ихсан» қайырымдылық қорының демеушілігімен Қазалы ауданы тұрғынына үйдің кілті табысталды. Бұдан кейін, наиб мүфти Алау Шайқымұлы мәуліт айының құрметіне орай ұйымдастырлыған мини футбол турнирінің жеңімпазы мен мешітке жанашыр бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі