« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Байқайсыз ба, осы күні әлем «жасылданып» барады. Иә... «Жасылданып»... Біраз мемлекет дәстүрлі энергия көздері – газ, мұнай, көмірден бас тартты. Оларды табиғаттың тартуы – жел, су, күн алмастырды. Біздің «жасыл» деп отырғанымыз – осы.
Биыл мамырдың 1-і күні Германияда «бәрекелді» дерлік жаңалық болды. Баламалы қуат көздері бірнеше сағат бойы елдің энергия жүйесін жаппай мен қамтамасыз етіп тұрды. Сонда күннің күші көмір, газ бен атом – үшеуінен алынатын энергия мөлшерінен де асып түскен. Шотландия ұйытқыған желді ұтымды пайдалануға көшкелі қашан?! 2016 жылы бұл ел энергетикалық қажеттілікті бір ғана жел энергиясының есебінен жапты. Калифорния үкіметі (АҚШ) 2020 жылдан бастап жеке және көпқабатты үйлердің шатырына жаппай күн батареяларын орнатуды талап ететін заң қабылдауға құлықты. Күннің көзі көп түсетін Мексикада «жасыл» энергия арзандау көрінеді.
«Жасыл» энергия түсінігі бұрын біздің елде қиял-ғажайып ертегіге ұқсайтын. Қазір қалыпты құбылысқа айналды. Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге еніп те үлгерді. ТМД елдері арасында Қазақстан тұңғыш «жасыл» экономикаға өтудің тиімді алғышартын қалыптастырды. 2007 жылы Экологиялық кодекс, 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң, 2013 жылы «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады.
Оң бастама аясында баламалы қуат көздерін өндіру ісіне алғаш ден қойған аймақтардың бірі – біздің облыс. Синоптиктердің сөзінше, Сыр өңірінде 365 күннің 300-ден астамында аспан ашық, бұлтсыз болады. Аймақ географиялық жағынан желді белдеуде орналасқан. Климаттың мұндай сипаты «жасыл» экономикаға жеделдетіп көшуге мүмкіндік береді. Бұл – бір. Екіншіден, қолға алынған серпінді жобалардың жүзеге асырылуы, жұмысты дұрыс ұйымдастыруы аса маңызды.
Күні кеше оныншы рет өткен «Байқоңыр инвест» форумы дамудың жаңа бағытындағы мәселелерді айқындап берді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев онда «жасыл» экономикаға негізделген шаралар мен алдағы жоспарлар туралы айтты. Облыста жылына 148 мың тонна қоқыс өндірілсе, соның небәрі 3 проценті қайта өңделеді. Осы ретте Қызылорда қаласында қоқыс сұрыптайтын кешен салынғалы отыр. Сырдария өзеніндегі «Ақлақ» су тоспасында гидроэлектр станциясын орнату межеленді.
Отандық және шетелдік инвесторлардың Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Жалағаш, Шиелі аудандарында 4 күн электр станциясын салуға ынта білдіруі – халықаралық форумның басты жетістігі десе болатындай. Бұл Сыр өңірінде қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанының тағы бір көрінісі іспетті. Олай дейтініміз, алдыңғы 9 форумның нәтижесінде 100-ден астам меморандум жасалып, экономикаға 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Бірлескен жоба бастауға ниетті «Total Eren» (Франция) компаниясы Жалағашта күн электр станциясын дамыту жөнінде міндеттеме алды. Жұмыс көп ұзамай басталып, жыл бойы жалғаспақ. «Франция 2030 жылға дейін жалпы тұтынатын энергия көлемінің 32 процентін баламалы қуат көздерінен алуды көздеп отыр. Елімізде шағын және орта кәсіпорындар, ірі компаниялар барлық салада осындай жобаларды жүзеге асыра бастады. Ендігі жерде Қызылорда облысының экономикасын дамытуға үлес қосатынымыз қуантады», – дейді Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ.
Айта кетейік, баламалы энергия көздері жайылымдық жерлерді игеруде тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Шопандар қазір жер астынан су шығару, тұрмыстық қажеттілік үшін күн панельдерін пайдаланып жүр. Жаңақорған ауданы Байкенже ауылдық округіндегі «Байкенже-1» шаруа қожалығы – игілікке иек артқан шаруашылықтардың бірі ғана. Қожалық төрағасы Ербол Өскенбай мұндай жаңашылдыққа мемлекет тарапынан қолдау барын айтады.
– Субсидия есебінен қазір 6 панель мен қосымша құрылғылар пайдаланып отырмыз. Теледидар, тоңазытқыш, есік алдындағы екі құдық, тоқ көзіне қосылатын басқа да бұйымдар осылардың көмегімен жарықтандырылады. Тиімділігі сол, бұрынғыдай жанармай тасып әуре болмайсың әрі көп шығындалмайсың, – дейді ол.
«Жасыл» энергияға жүгінген жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі бау-бақша егіп, мал басын көбейтумен айналысады. Бұл диқандар мен шопандарды электр қуатын алу үшін тонналап жанар-жағармай тұтынудан сақтайтыны сөзсіз.
Одан бөлек, Жаңақорғандағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылымен бірге электр энергиясын шығарып келеді. 2013 жылы зауыт сағатына 420 кВт энергия өндіретін күн электр станциясын іске қосты. Серіктестіктің жұмысшылар қалашығы бүгінде толықтай станция өнімінің есебінен жарықтандырылып отыр.
Күні кешегі инвестфорум «жасыл» экономиканы дамыту жолында игі қадам жасауға, Елбасы Жолдауында қозғалған жаңғырмалы энергия үлесін арттыру, «жасыл» технологияға көшу, тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жарату және қайта өңдеу арқылы ресурстық әлеуетті дамыту сияқты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді деген сенім бар. Осы күні өзіміз қуат көзі ретінде пайдаланып жүрген көмір, мұнай, табиғи газ секілді энергия түрлері түптің түбінде түгесілетінін ескерсек, қолға алынған жобалардың жемісті болғаны керек.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |