« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазіргі уақытта елімізде біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізудің кезеңдік жұмыстары жалғасуда. Денсаулық сақтау мекемелерінде құрылымдық өзгерістер болып жатыр. Заң талаптарына сәйкес, облыс бойынша ауылдық елді мекендердегі жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауруханалардың жұмыс істеу қажеттілігіне, тәуліктік стационарлық төсек-орындарды күндізгі стационарларға ауыстыру мүмкіндігіне байланысты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақов саладағы өзгерістердің жай-жапсарын баян етті.
– Облыс бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ауылдық елді мекендерде тәуліктік 103 төсек-орын бар. Бүгінгі таңда медициналық қызметке ақы төлеу тетіктері өзгеріп жатыр. Осы уақытқа дейін ауруханаларды, емханаларды қаржыландыру жүйесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы жүргізілсе, биылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жұмыс істейді. Демек, 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттен тек коммуналдық қызметтерге және жөндеу жұмыстарына ғана қаржы бөлінеді. Осыған байланысты, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылды. Ауылдық елді мекендерде қанша халық бар, қаншасы жергілікті ауруханаларда емделіп жатыр? Елді мекенге аудандық аурухана қаншалықты жақын орналасқан? Арнайы комиссия осы сауалдар бойынша зерттеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде ауылдық елді мекендердегі 103 төсек-орынның 66 төсек-орыны оңтайландыруды, 37 төсек-орын қысқартуды қажет ететіндігі анықталды, - деді ол.
Айталық, Қазалы ауданында 3 ауылдық аурухана бар. Атап өтсек, Қожабақы, Бозкөл, Бекарыстан би елді мекендерінде. Қазалы аудандық ауруханасына ең жақын елді мекен – Қожабақы. Онан кейін Бекарыстан би ауылы орналасқан. Зерделей келе, үш стационарды түгелдей жауып тастамау үшін, қалаға жақын Бекарыстан би мен Қожабақы ауылдық ауруханаларын оңтайландыруға ұсыныс берілді. Аурухананың әрқайсысында 6 төсек-орын бар. Қожабақыда осы кезге дейін дәрігерлік амбулатория бөлек, аурухана бөлек ғимаратта жұмыс істеп келді. Аурухана өткен ғасырдың 70 жылдары салынса, дәрігерлік амбулатория соңғы жылдары типтік үлгіде бой көтерген. Сондықтан, ауруханадағы 6 төсек-орын қысқартылып, дәрігерлік амбулаториядан 15 төсек-орын етіп қайта ашылды. Мұнан халық ұтылмайды, керісінше төсек-орынның саны артып отыр. Көшіру жұмыстарын жүргізбес бұрын науқастар дертіне зерттеу жасалғанын айта кету керек. Диагнозына сәйкес, барлығына күндізгі ауруханаға жолдама берілген.
– Айтқандай, ауыл тұрғындары жақын орналасқан аудан орталығындағы ауруханаға да көріне алады. Оңтайландыру жұмыстарын жүргізу барысында заң талаптарымен қатар, аурухананың экономикалық жағдайын да есепке алдық. Ал Бозкөл елді мекенінде дәрігерлік амбулатория мен аурухана бір ғимаратта орналасқан әрі оған қарайтын шағын ауылдар көп. Сондықтан бұл ауылдағы мекемеде құрылымдық өзгерістер болған жоқ.
Қызметкерлерге келсек, осы кезге дейін Қожабақыда 12,5 штаттық қызметте 20 қызметкер жұмыс істеп келген. Бүгінде медицина қызметкерлері түгел жұмыспен қамтылған, бірақ кіші буын қызметкерлері, санитаркалардан 7 адам қысқартылды. Бекарыстан би ауылындағы ауруханадан да қысқартылған қызметкерлер бар. Олардың әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізілді, кейбірі зейнет жасынан асқан. Бұл қызметкерлерге заңға сай еңбек өтемақысы беріледі, - дейді Олжас Ермекұлы.
Медицина мекемелеріндегі құрылымдық өзгеріс Қазақстан Республикасының денсаулық саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары және облыстың денсаулық сақтау саласын дамытудың 2018-2025 жылдарға арналған «Біріңғай перспективті жоспарына» сәйкес жүргізілген. Заңға сәйкес арнайы комиссия ауылдық елді мекендерде орналасқан аурухананың 66 төсек-орыны оңтайландыруды, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандары бойынша ауылдық ауруханадағы 37 төсек-орын қысқартуды қажет етіп отыр.
Оңтайландыру, біріктіру жұмыстарының тиімділігі, емдеу ісі бойынша негізсіз қаржының, коммуналдық шығындардың төмендеуіне әкелді. Нақты дерек, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен ауылдық елді мекендегі стационарларды ұстап тұруға 265 128,0 мың теңге бөлінсе, келер жылға 33 310,0 мың теңге қаржы бөліну жоспарланып отыр.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |