Инвестициялық форум аясында «Цифрландыру. Smart city» тақырыбында секция жұмысы өтіп, «ақылды қаланы» қалыптастыру, дамыту мәселелері талқыланды. Жиынның модераторы Сергей Становкин негізгі салаларды цифрландыру аймақтың ғана емес, тұтас ел тұрғындарының өмірін жақсартатынын атап өтті.
Секцияда облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен «Smart city» тұжырымдамасы аясында облыста іске асырылып жатқан жобалар туралы баян етті.
Бүгінде аймақта білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және қауіпсіздік, бизнес салаларында жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылуда. Білім беру саласы бойынша 293 мектепте «Күнделік» электронды журналы іске қосылған. Ал, денсаулық сақтау саласында «Damumed» мобильді қосымшасының пайдаланылуы медицина қызметкерлері мен пациенттердің уақыт үнемдеуіне, жылдам ақпарат алуына мүмкіндік береді. Саланы цифрландыру емделушінің электронды түрде дәрігерге алдын ала жазылып, электронды денсаулық құжатының жасалуын қамтамасыз етті.
Алдағы уақытта қауіпсіздік саласын цифрландыру аясында 5 жоба жүзеге асырылмақшы. 2020 жылдың соңына дейін 1400 бейнекамера орнатып, облыс орталығында жол қозғалыс ережелері бұзушылықтарын тіркейтін 31 жүйені іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, пилоттық режимде 112 бірыңғай диспетчерлік қызметі іске қосылып, ол жедел жәрдем, полиция, төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, газбен қамту, анықтама қызметін біріктіреді.
Евгений Кимнің айтуынша, өнеркәсіп саласын цифрландыру шеңберінде «Қазгермұнай» БК» ЖШС мұнай өндіруді 1-2 процентке дейін ұлғайтуға, жөндеуаралық кезеңді 700 күнге дейін ұзартуға, операциялық шығындарды 10 процентке дейін қысқартуға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін 20 процентке дейін арттыруға мүмкіндік беретін «Ақылды кен орны» технологиясын енгізу бойынша жұмыстар басталды.
Жиында АҚШ-тан келген «4Kz Inc» турагенттігінің өкілі Кореи Дикинсон туризм саласындағы цифрландыру жұмыстары турасында хабарлама жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда туризм саласын дамыту мүмкіндігі мол. Ел мәдениеті, табиғи ландшафтары мен өзен, көлдері, ұлттық асханасы туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Алайда, аймақтарда турагенттіктер жұмысының жаңа технологиямен қамтамасыз етілуі жоғары деңгейде емес. Сондықтан жұмыс барысымен ғана сапарлайтын туристерден гөрі елге ішкі қызығушылығымен келетін шетелдіктер санын арттыру мақсатында аймақ туралы ақпаратты бірнеше тілде ұсынып, ақпараттық сайт жұмыстарын жандандыру қажет. Аймақтың тартымдылығын арттыру үшін брендингке мән беру керектігін де баса айтты.
Ал «Цифрлық өндіріс» DF/PD департаментінің «Siemens» ЖШС директоры Роман Мухортов қаладағы және индустриядағы цифрландыру жұмыстары туралы сөз қозғады. Қазіргі уақытта «Siemens» компаниясы әртүрлі салаларда цифрландыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықтарға ие.
Жиында Тракия университетінің профессоры, PhD докторы Эмиля Димово «ақылды қала» жобасы бойынша Болгарияда жүзеге асырылған жұмыстармен таныстырды.
Жалпы «ақылды қала» болып саналатын София қаласында ел компаниялары шетелдік компаниялармен бірлесіп, сала бойынша үлкен деректерді қорғаудың бірнеше аспектілерін және көлік пен жол қатынасына бағытталған бірнеше бағдарламаларды жүзеге асыруда. Профессор бұл қалада қоғамдық көлік билеттерін смартфондағы мобильді қосымшалар арқылы сатып алуға болатынын, автобустардың келуі туралы ақпарат алдын ала берілетінін, смартфоны жоқ тұрғындар QR коды бар қағаз билет алатынын да атап өтті.
Секция барысында мұнан өзге «Барс групп» ЖАҚ департаментінің директоры Ильгар Юсуфзаде құрылыс саласындағы цифрландыру, «Ақпараттық технологиялар орталығы «ДАМУ» ЖШС техникалық директоры Талғат Елеманов «Денсаулық сақтау саласында басқару жүйесінен цифрлық экожүйеге өту», «Астананың тұрақты даму орталығының» ЖШС жоба үйлестірушісі Виталий Пустовойтенко «Smart city» интеграцияланған ақпараттық жүйе» тақырыбында хабарлама жасады.
Айдана Жұмадинова,
"Сыр бойы".