Форум аясында жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды енгізу мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру барысында өткен секция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов қатысты.
«Жасыл» экономиканың бағыты көп. Қазақстан «жасыл» экономикаға өту жолын 2013 жылы бастады. Сол уақытта арнайы тұжырымдама қабылданып, негізгі жұмыс бағдары анықталды.
Секция жұмысына қатысқан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов экономикалық идеялардың алға жылжуы үшін инвестиция қажеттігін атап өтті. Ал, сол инвестицияны елімізге алып келетін және еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын, әрине, инвесторлар. Сондықтан елімізде инвесторларды қолдау, олардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
– Алайда, сырттан келетін инвесторлар кез келген мемлекетте, біздің елімізде инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше тәуекелдерге, әкімшілік кедергілерге кездесуі ықтимал. Осыған сәйкес біз инвесторларды болуы мүмкін түрлі тәуекелден жан-жақты қорғауымыз қажет. Агенттік қолайлы инвестициялық климатты нығайтуға бағытталған алдын алудың тиімді тетіктерін белсенді пайдалану міндетін анықтайтын инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі жоба әзірледі. Агенттік төрағасы мен Ұлттық бюро департаменті жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті және инвестицияларды дамытуға жан-жақты көмек көрсетуге тапсырма берді, – деді А.Мұхимов.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің инжиниринг және ресурстарды үнемдеу ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәрсенбек Монтаевтың айтуынша, қазір «жасыл» экономика, «жасыл» технология және «жасыл» құрылыс, шикізаттарды үнемдеу, энергетика бағытында онға жуық ғылыми жоба бар. Университеттің инжиниринг және ресурстарды үнемдеу ғылыми-зерттеу институтында осы жобалар жүзеге асырылуда.
– Солардың ішінде Сыр өңіріне жарамды жобалардың бірі – шыны қалдықтарын қайта өңдеп, жылу сақтағыш, отқа төзімді материал көбікті шыны (пеностекло) шығаруды жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Көбікті шынының пайдасына келетін болсақ, ол жанбайды, жылу сақтағыш қасиеті өте жоғары және ұзақ мерзімге шыдайды, экологиялық тиімділігі өз алдына бөлек әңгіме. Су сіңірмейді, аязға төзімді. Сонымен қатар, мұнай өндіретін өңірде мұнай қалдықтарын өңдеу мәселесі туындайды. Өйткені мұнай қалдықтары мұнайшыларға қажет емес, сондықтан полигондарға көміледі. Мұнай жинайтын сыйымдылықтардың түбінде де шөгінді қалады. Бірақ оны тазалау қиын. Онда «қара алтынды» суынан бөлектейді, түбінде қалатын ауыр фракциялар кәдеге асырылмайды. Ол да мұнай, бірақ құрамы қою, жану қасиетіне ие. Оны мұнайшылар «қалдық» деп атайды. Қалдық жанғанда энергия бөледі. Бізде құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары энергияны көп пайдаланады. Мысалға, кірпіш зауыттары газды пайдаланады. Керамзит өндірісінде өнім шығаруға соляр майы, көмір қосылады. Осы жобада мұнай қалдығын керамзит, керамикалық кірпіш өндірісіне пайдалану жоспарланған, – деді ол.
Одан кейін «Қалалық мекемелерде энергия тиімділігін арттыру тәжірибесі: Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының нәтижелері мен ұсыныстары» тақырыбында БҰҰ Даму бағдарламасының жобалар менеджері Александр Белый, «Қазақстан Республикасында күн энергетикасын дамытудың келешегі» тақырыбында «Авелар Соло Технолоджи» компаниясының бас директоры Игорь Шахрай баяндама жасады. Секциялық жұмыс соңында сұрақтар қойылып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Шынар БЕКБАН,
"Сыр бойы".