Ардақтасаң, аналарды ардақта!

 «Ең Алдымен Анаңа, Анаңа, Анаңа, содан кейін әкеңе жақсылық жаса!». Екі дүниенің сардары Мұхаммед пай­ғамбардан (с.ғ.с) қалған парасатты сөз ғана емес, өмірлік ұстаным, ғұмырлық ғибраттың бірі осы. Салт-санасын ислам дінімен қабыстырып жіберген қазақ «Жұмақ ананың табанының астында» дейді. Оған қоса үш рет Меккеге анаңды арқалап апарсаң да, оның түн ұйқысын төрт бөліп, бесік таянып, білегі талып, белі майысып бағып-қаққанын, ақ сүтін беріп өсіргенін ақтай алмайтыныңды да қаперіңе салады. Алты құрлықтағы асыл адам – АНА! Қасиетті дініміз де, қастерлі бабалар жолы да бізге осыны анық аңғартып, қолмен ұстағандай көрсетіп отыр.

Халқымыздың қаны мен тері сіңген байтақ далада ұлттың ұяты, ұрпаққа ұран, елге ес, дұшпанға сес болған талай абзал аналар өткен. Дөңгелеген дүниенің темірқазығы іспеттес Домалақ ананың дәріпті өмірінен дүйім жұрт хабардар. Адалдықтың айнасындай Қарашаш ханымның үлгісі көпке өнеге. Алашта парасат-пайымымен аты қалған Айша бибінің жолын жамағат жақсы біледі. Көз қарықтырар сұлулығына ақылы сай болған Бегім сұлудың аңыз ғұмырына да әбден қанықпыз. Осылай тізбелесек, онда қазақ халқының тарихындағы Аналар бейнесі том-том болмақ. Ең бастысы, ғасырларға жалғасқан бұл жол үзілген емес. Өзінің алтын тінін үзіп алмай, біздің заманға дейін жетті. Ал ардақты аналардың бүгінгі жалғасы кімдер? Шүкір, олар көп. Осы Сырдың бойынан шыққан талай арлы Аналарды таратып айтсақ та болады. Еңбегімен еленіп, ел өміріне елеулі үлес қосып, жүзге жақындағанында қара жерді көрпе қылып жамылған Шырынкүл Қазанбаеваның өміріндегі сәулелі сәттер мен өнегелі жолын өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуге болады. Бұғанасы қатпай еңбекке араласып, белі бүгіліп, ерте көктемнен қара күзге дейін жерді еміп, терін төгіп, жанын аямай атқарған жұмысы ақыры бақыт пен барақатқа бөледі. Кеудесінде Социалистік Еңбек Ері жұлдызы жарқырап тұрды. Ғұмырының соңына дейін елдің ұйытқысына айналып, ырысы мен ынтымағының артуына, несібесінің молаюына тілекші болып, аналық ақ батасын беріп отырды. Қазанбаева салған соқпақпен жүрген, сол даңғылды жалғастырған Сәлима Жұмабекова бүгін арамызда жүр.

Қайбір күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мынадай сөз айтты: «Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» дейді. Ал сіз осы елдің анасысыз!». Тура айтылған, дәл суреттелген сөз. Өйткені Сәлима апай еңбегімен ғана еленіп, Еңбек Ері болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, он бір бала тауып, өсіріп-өндірген Батыр Ана да атанды. Еңбекпен бір, өнбекпен екі батыр атанған ананың өмірі ғибратқа толы. Осы арада бір мысал айтып кеткіміз келеді. Сәлима Жұмабекова 7-сыныптан бастап еңбекке ара­ласқан. 1964 жылы даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев облыс жастарына үндеу тастайды. Солайша, аймақ жас­тарын күріш егуге шақырады. Шаруашылықта құрылысшы болып жұмыс істеп жүрген Сәлима апа өзінің үйренген кәсібін тастап, сушы болып орналасады. Күріш егу­дің қыр-сырын меңгереді. Сыр маржанын бап­таудың жолдарын үйренеді. Сөйтіп жүргенде ауылдас­тары оның ұйымдастырушылық, іс­кер­­лік қабілеттерін бағалап, Дауыл­көл ауылдық кеңесінің төра­ғасы етіп сайлайды. Бұл жұ­мысты да абы­роймен атқарады. Дегенмен, кең­сенің жұмысы, қағазбастылық, ауданмен екі ортада шапқылап жүру көңі­ліне аса қолай бола қоймайды-ау. Бес жыл дегенде өз еркімен ары­зын жазып, жұмыстан шығып, егіс­тіктің басына қайта оралады. Қазір ғой, тақымына кресло тиген адам одан айырылмаудың барлық қа­мын, әрекетін істейді. Әкесінен қал­ған мұрадай қарап, меншіктеп алуға бар. Қызметті өмірінің мәні деп қабылдап, тізгіні қолынан сусып түскен күні өмірден баз кешіп кетердей болады. Ал Сәлима апа қызметке қызықпаған, атақ-даңқ қумаған, даң­ға­заға ілеспеген, көкірегінде түйір де арамдығы жоқ таза еңбекпен өс­кен адал адам. Адалға Алла да әр­қашан жақсылығын аямай берген ғой. Еңбекке қайта оралғаннан кейін Жер-Ананың жағдайын тынымсыз жасай берді. Екі жылдан соң «Ленин» орденімен марапатталды. Арада біршама уақыт өткеннен кейін Социалистік Еңбек Ері атағын да алды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне де­путат болып сайланды. «Депутат бол­ғанымда Нұрсұлтанжанмен қа­тар отыр­ғанмын», – дейді апа ыл­ғи. Тәуелсіздік алардан бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Қы­зылорда облысына сапарлатып келеді. Қазақстан Компартия­сы Ор­талық Комитетінің бірінші хатшысы кезі. «Көп ішінде тұрғанбыз ғой. Бір әйел «Сен ­Назарбаевты танимын» дейтін ең. Алдынан шықпайсың ба?» деп ортаға қарай итеріп жіберсін. Сол сәтте Нұрсұлтаным мені көріп, тура маған қарай жүрді. Екеуміз құшақтасып амандастық. Сосын біз тіккен үйге қарай келдік»,– дейді Сәлима апай. Қызық осы жерде бас­талады. Бірінші хатшыға тіккен үй бөлек. Ал мына үйде дайындық жоқ. Сәлима апай ең болмаса су ішіп шығар деп ойлайды. Сөйтсе, айран дайын тұр екен. Киіз үйдің ішінде айран ішіп, арқа-жарқа әңгіме айтып тұрғанында бір кісі байқамай айран толы ыдыс­­ты төңкеріп алады. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың аяғына құйылады. Осы сәтте облыстың сол кездегі басшысы Сейілбек Шаухаманов «Құрттың ғой, Жұмабекова» депті. «Құртқан ештеңесі жоқ. Ағар­ған деген жақсы. Құдай қаласа, Нұр­сұлтаным ақ киізге оранып, хан болайын деп тұр» дедім де, Назар­баев­тың аяғын сүрте бас­тадым. Айт­қандай-ақ, арада аз ғана уақыт өткенде Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Нұрсұлтан Назарбаев Прези­дент болды ғой. Менің айтқаным келді»,– деп күледі апай қазір.

Қос ғасыр ат алмастырып жатқанда Сәлима Жұмабекова Елбасының қабылдауында бол­ды. Қабылдаудың өзіндік тәр­тібі мен талабы бар. Барлығы алдын ала хатталып, қағазға түсіріліп қояды ғой. Нұрсұлтан ­Назарбаев келгенде Сәлима апа алдынан шығып, қолын алып, бетінен сүйеді. «Сол жерде біреулер «Президенттің бетінен сүюге болмайды» дейді. Протокол-мротокол дегеніне қарағам жоқ. Нұрсұлтанымның бетінен сүйдім. Ол да бар ықыласымен амандасып, жағдайымды сұ­ра­ды» деп естелігімен бөлі­седі Батыр Ана.

Мұның бәрін неге термелеп отырмыз? Бір игілікті, ізгілікті, тәрбиелік һәм тағылымдық мәні бар істің жайын баян етсек дейміз. Сәлима Жұмабекова Қызылорда қаласында, көп қабатты үйде тұратын. Сек­сен­нің сеңгіріне шыққан батыр анаға мұның қаншалықты қолайсыз болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Осы жағдайдан хабардар болған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев елдегі кәсіпкер жігіттерге ана­мызға жаңа баспананың жағ­дайын жасап беру жайында ойласады. Азаматтар мұндай іске құлшына кірісетіндерін, еңбегімен елін бақытқа сүйреген Батыр Ана­ның қандай да құрметке лайық екенін айтып, шаруаға кірісіп кетеді. Сөйтеді де қалаға әуежай жақтан кіреберістегі «Сыр Ана» монументінің артынан ел анасына үй салып береді. Қайбір күні Сәлима Жұмабекованың шаңырағына Қырымбек Елеуұлы бастаған ел азаматтары мен осы істің басы-қасында болған құрылысшылар арнайы барып, құтты болсын айтып шықты. Батыр Ананың көңілі шат-шадыман. «Осы жасыма дейін ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Бірақ менің жағдайыма қарап, мынадай үй соғып берген елдің азаматтарына айтар алғысым шексіз. Тұңғыш Президент күні қарсаңында осындай қуанышқа бөленіп жатырмыз. Бұл ел бірлігінің, ынтымағының арқасында болған игілікті іс қой» деп ағынан жарылып, батасын берді.

Жақсының жақсылығын айту – парыз. Қазақ мұндайда нұры тасысын дейді. Сәлима Жұмабековаға жаңа баспана салып беруге елдегі құрылысшылардың дені атсалыс­ты. Атап айтқанда, Әбдімәжит Жан­сақалов, Қайрат Ерназаров, Бақдәулет Ысқақов, Әділхан Маштаев, Мұса Әбдіқалықов, Досхан Жүнісов, Серік Садықов, Шалқарбек Жаңабергенов, Расул Ысқақовтар қолынан келген көмекті аяп қалған жоқ. Мейірім деген ұғымды музейге қоятындай дәрежеге жеткен заманда, қайырымдылықтың өзі есеппен жасалатын кезеңде жігіттердің азаматтық танытып, қолынан келгенше Батыр Анаға қамқорлық көрсеткеніне Алла разы болсын айтамыз! Елдіктің бейнесіндей, ерлердің тұрпатын танытатындай, азаматтықты айқындайтын жақсы іс болды. Айтпақшы, үйдің ішін дүниемен жасақтауға да атсалысқан азаматтар бар. Олар: облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, «Абзал және К» серіктестігінің директоры Абзал Ералиев, «Жан­АрайЖем» ЖШС басшысы Бақдәулет Мақашовтар Сәлима апаны ұзатылған қыздай етіп барлық жабдығын түгендеп берді. Қысқасы, толыққанды жасалған жұмыс десек, артық айтқандық емес.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуі­рінде өзінің ең­бегімен, білі­мі­мен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш»,– дейді. Міне, Сәлима Жұмабекованың өмір жолы қандай да болмасын статистикадан артық, оны он орап алатын көрсеткіш. Соның құнын түсініп, қадірін біліп, қамқорлық қылған азаматтардың әрекеті болашақ ұрпаққа үлгі, аманат. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?..

Ержан БАЙТІЛЕС.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2018 г. 759 0