Түркі дүниесі тәу етер кешен – Қорқыт ата мемориалын тамашалау барысында біз Чехия Республикасынан келген кәсіпкермен тілдестік. Яков Ходорковский – «Development Velas» компаниясының өкілі екен. Қызылордаға алғаш келуі емес. Бұған дейін өңірдегі іскерлік кездесулерде болыпты. Алайда, ол киелі жерлерге саяхаттауға мүмкіндік тумағанын айтты.
– Тарих тереңіне бойлау – әрбір азаматтың борышы. Осыған дейін мен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенісіне бардым. Бүгін сіздердің өлкелеріңіздің өткенімен танысуға мүмкіндік туды. Сіздерге туристік әлеуетті дамытуға күш салу керек, мұндай маңызды нысанға әлі мыңдаған саяхатшының қызығушылығы ауады деген ойдамын. Ұйымдастырушыларға алғыс. Мұндай форум – туристік кластерді қалыптастырудан бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары технологиялық өндірістерді орналастыруға үлкен көмек. Орайы келгенде айта кетейін, жуырда біз Жаңақорған ауданы, Шалқия кентінен қуаттылығы 50 МВт құрайтын күн сәулесінен энергия өндіретін станция құрылысын бастамақпыз. Оның аясында 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Я.Ходорковский.
Мұнан кейін меймандар әлемдегі теңдессіз ғарыш айлағы – «Байқоңыр» кешенінде болды. Мұражайды аралап, атақты конструктор Сергей Королев, Юрий Гагарин бастаған ержүрек ғарышкерлер туралы қызықты мәліметтерге қанықты. Шара «Союз МС-11» көліктік басқарылатын кемесі бар «Союз ФГ» зымыран-тасығышының ұшуымен қорытындыланды. Халықаралық ғарыш станциясы кемесі бортының экипаж құрамында кеме командирі, ресейлік ғарышкер Олег Конаненко, канадалық Давид Сан-Жак және американдық ғарышкер Энн Макклейн бар. Бұл – 11 қазан күні «Союз МС-10» кемесі бар «Союз ФГ» зымыраны апатқа ұшырағаннан кейін жасалған алғашқы ұшырылым. Айта кетейік, зымырандық стартты тамашалауға келгендердің көбі дерлік шетелдіктер болды. Олардың қатарында «Франция – Қазақстан» парламенттік достығы тобының төрағасы, Франция ұлттық ассамблеясының депутаты Пьер Кабарэ бар.
– Қызылорда – ғарыш саласының символы іспетті. Мен өзім Францияның аэроғарыш саласы дамыған Тулуза қаласынанмын. Бұл жер – «Airbus» компаниясының отаны. Қазіргі таңда танымал компания әлемдегі жолаушы ұшақтарының жартысына жуығын шығарады. Инвест форумда сауда-экономикалық, оның ішінде дәл осы аэроғарыш өнеркәсібіндегі өзара тиімді әріптестік, сондай-ақ тікұшақтар құрастыру және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі ынтымақтастықты нығайтудың келешегі талқылануы қажет. Француз тарапы экотуризмді дамыту тәжірибесімен бөлісуге де дайын. Біз Қазақстанмен, оның ішінде сіздермен бірге әріптестігімізді одан әрі нығайтып, достық қарым-қатынасты дамытқымыз келеді, – деді П.Кабарэ.
Әрі қарай біз тарихи сәттің куәсі болдық. Зымыран орбитаға енемін дегенше, аспандағы көрініс баршаны таңдандырды. Іштей «Орайын тауып, шетелдіктердің бұл қызығушылығын олжаға айналдырсақ, ұтылмасымыз анық» деген ойға қалдық.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
"Сыр бойы".