ЖЕРЛЕСІМІЗ - «МЕН ҚАЗАҚПЫН» МЕГАЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Астанадағы Қазмедиа орталығының киноконцерт залында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Men qazaqpyn» атты халықаралық мегажобаның гала концерті өтті.
Н.Ә.Назарбаев өзінің "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында: «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын.
Ал бүгінгі шара аясында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков және «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Men qazaqpyn» жобасының жеңімпаздарын терме, күй, ән жанрлары бойынша марапаттады.
Сондай-ақ, гала-концертте «Men qazaqpyn» жобасының қазылар алқасының мүшелері Ұлжан Байбосынова, Айгүл Үлкенбаева, Айгүл Елшібаева және І мауысымындағы жеңімпаздары өнер көрсетті.
Айта кетейік, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрілігінің қолдауымен «Қазақстан РТРК» АҚ бірлесіп алғаш рет 2017 жылы «Men qazaqpyn» халықаралық телевизиялық мегажобасын жүзеге асырған болатын.
«Жобаның мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау» – дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен ақтық сынға жолдама алған 9 үміткердің ішінен суырылып шыққан үш үздікті айтар болсақ: «Үздік термеші» қызылордалық Күнсұлу Түрікпен, «Үздік күйші» номинациясына Жәнібек Жәмиев лайық деп танылса, «Үздік дәстүрлі әнші» екі жеңімпаз Алпысбек Оңайбайұлы, Рауан Әлімбаевке бұйырды. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңгеден сыйақы берілді.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 желтоксан 2018 г. 845 0