Ортақ қуаныш

Қорқыт баба мұраларының ЮНЕСКО тізіміне енуі бәріміз үшін ортақ қуаныш. Біздің түсінігімізде Қорқыт аңыз кейіпкері. Ал, шын мәнінде өмірде болған тарихи тұлға. 
Бұл ретте, басқаны айтпағанда, авторлығы Қорқытқа телінген нақты күйлердің болуы мен оның сан ғасырлар бойы ұмытылмай, бүгінге жетуінің өзі-ақ бабамыздың өмірде болған нақты тұлға екенін дәлелдей алады. Тек өкініштісі сол, көне тарихымызды әлі күнге төл болмысында толық тани алмағандықтан, тек халықтың ауызша тарихының негізінде ел жадында сақталған аңыз әңгімелер дерегін малданып келеміз. Отандық тарих ғылымы әлі күнге еуроцентристік теория ықпалында жүр.
Ежелгі замандар оқиғаларына куә болар халықтың өзінің жадында сақтап келген ауызша дерек мәліметін қазба деректер мен жазба деректер берер мәліметтермен салыстыра зерделеп, оның нәтижесін әлемдік ғылымның жетістіктерімен сабақтастыру – түріктік танымға жол ашып, төл тарихымызды төл болмысында тануға мүмкіндік беретін тірлік. Осылай істесек, өткеннің ұмыт болған шындығын жалғанның жарығына шығарып, Қорқыт бабамыздың тек аңыз кейіпкері ғана емес, әлемдік деңгейдегі нақты тарихи тұлға екенін бар болмысымен жарқыратып көрсете аламыз.
 Қалай дегенде де, Қорқыт бабамызды аңыз кейіпкері болуымен бірге нақты тарихи тұлға екенін жас ұрпаққа нақты деректермен жеткізетін уақыт келіп жетті деп есептеймін. Ортақ қуаныш құтты болсын, ағайын!

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ,
тарихшы-этнограф, жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 893 0