ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ДАРАБОЗЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады», - дей келе біздің ұлы тұлғаларымызды тек елімізде ғана емес, әлем танып-білетіндей етіп насихаттауымыз қажеттігін айтып өтеді. Осы тұрғыда Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО-ға кіруі құптарлық іс, өйткені ол түркі халқына ортақ жырау, қобызшы, тарихи тұлға.
Зерттеулерде Қорқыт ата оғыз-қыпшақ тайпа бірлестігінде Х ғасыр басында дүниеге келген деген болжам айтылады. Рашид әд-Дин «Жамиғ Ат-Тауарих» еңбегінде Қорқыт қайы тайпасынан шықты деп жазса, Әбілғазы «Түрік шежіресінде» оның тегі баят тайпасынан дейді.
Сырдарияның бойынан бері жерде Қорқыттың зираты болғаны туралы Ә.Диваев, т.б. ғалымдардың өз еңбектерінде жазылған. Ә.Қоңыратбаев жұмыстарында Қорқыт ХІ ғасыр басында қайтыс болған делінсе, Ә.Марғұланның зерттеулерінде ол 7 – 8 ғасырлар арасында өмір сүрген деген пікірлер бар. Қазақ философиясында Қорқыт ата елдің бірлігін нығайтып, түркілер дүниетанымының негізін құрған ұлы ақылшы, философ-гуманист ретінде танылады. Қорқыт оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан бақсы, күйші, және қобыздың сарынын тұңғыш күйші-қобызшы, танымал жырау, себебі оның жырлары оғыз-қыпшақ тайпаларының өмірі анық бейнеленген тарихи жағынан алғанда маңызды мұра.
Пертев Найили Боратов Қорқыт ата ертегілері жөніндегі Ислам Энциклопедиясына жазған мақаласында ертегілердің XV ғасырға дейін ауызша болып келгенін, ал XV ғасырдың екінші жартысында Аққойынлылар тарапынан жазылып алынғанын еске түсіріп, қолымыздағы бар мәтіндерде екі бөлек дәуірдің оқиғалары бейнеленгенін көрсетеді. Қыпшақ-оғыз түріктерінің Сырдария солтүстігінде IX-XI ғасыр арасында кешкен өмірлері осы ертегі-дастандарда көрсетілген. Бұл аңыздар XV ғасырдағы Аққойынлы мемлекетінде болған оқиғаларды қамтиды. Оның негізі қыпшақ-оғыз түріктерінің өмір-тұрмысына негізделген және осы заманның салт, әдет-ғұрып және дәстүрлерін көрсетеді.
Шоқан Уәлиханов «Қорқыт Шығыстың ең алғашқы бақсысы» деген болатын. Күй атасы – Қорқыт. Араға сан ғасырларды салса да Қорқыт күйлері мен жырлары бүгінгі күнмен өзектес, сарындас. Кез келген өнер туындысы әбден екшеліп, уақыт елегінен өткен маңызы мен мәйегі ғана ел есінде сақталады. Осы орайда Қорқыт күйлерінің бүгінгі күнге жетуі баға жетпес байлық екенін айту жөн.
Қобыздың әр ішегі жылқының алпыс тал қылының бірлігінен тұрады. Қобыздың құлағын кергенде алпыс тал қыл әр түрлі керіледі. Сондықтан дыбыстардың шашырауы әр түрлі бағытта болады. Қобыз орындаушы осы қасиетке ілесу үшін көмей тілді пайдалануға мәжбүр болады. Сыр бойының жыраулық дәстүрінде сақталған бұл ерекше феномен кез-келген орындаушының ырқына көне бермейді.
Қорқыт ата ескерткіш кешені Сырдария өзені жағасында орналасқаны да тегін емес. Сондықтан планетарлық деңгейге түркі халықының дарабозы ретінде Қорқыт атаның ЮНЕСКО тізіміне енуі қуанышты да құптарлық іс деп санаймыз.

Зиябек Қабылдинов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының директоры, т.ғ.д.
профессор

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 1 075 0