Дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба мұрасының ЮНЕСКО тізіміне енуі біз үшін бұл үлкен қуанышты хабар. Қазақ руханяты, бүкіл түркі әлемі үшін Қорқыт мұрасы үлкен жетістік. «Қорқыт ата» кітабы туралы зерттеулер де жетерлік. Тіпті, қазір керек десеңіз, Қорқытқа, оның мұраларына түркі тілдес халықтар арасында әлі күнге дейін талас бар. Біздің мақтан тұтатынымыз мұраларын әлем мойындайтын Қорқыт баба Сыр өңірінде орын тебуі. ЮНЕСКО-ның бұл бастамасын Қорқыт ата мұраларының зерттелуінің әлемдік деңгейге көтерілуі деп ұғуымыз қажет. Енді Қорқыт мұраларын сақтау талабы күшейеді.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ елінің әлемдік өркениет пен мәдениет қатарына қосқан рухани мұраларының бірі – Қорқыт және оның қазынасы. Елбасы айтқандай, Алаштың анасы атандырған Сыр бойының түркі әлемінің рухани орталықтарының біріне айналатын күні алыс емес.
Берекет КӘРІБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық
университетінің профессоры.