« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Апта басында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII азаматтық форум өтті. Форумның пленарлық отырысына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Екі күнге жалғасқан шараның шымылдығы «Мен сенемін» атты азаматтық бастамалар конференциясымен түрілді.
– Ашық диалог алаңында біз Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтық жауапкершілігін арттыру жолдарын бірлесе іздейміз. Қиын, бірақ қажетті істе көшбасшы болуы тиіс адамдарды көрсетеміз, – деді форумның ашылуында «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов.
Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев екі жылда бір рет ұйымдастырылатын шараның азаматтық сектор, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының ашық диалогын дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.
Конференцияда белсенділер, еріктілер және өнер қайраткерлері тәжірибелерімен бөлісті. Спикерлер Іле Алатауының қорықты аймағында орналасқан Көкжайлау шатқалындағы құрылыс, балаларға зорлық көрсету, мемлекеттік бюджеттің салық төлеушілерге ашықтығы сияқты өзекті мәселелерге баса назар аударды.
«Open Budget Fellowship» жобасының жетекшісі Шолпан Әйтенова салықтың жұмсалу реттілігін, мемлекеттік бюджет кірісін қадағалауға әрбір қазақстандық құқылы екенін жеткізді.
– Қазіргі кезде 2019 жылға арналған бюджет жобалары әзірленуде. Жоба Қаржы министрлігінің сайтына орналастырылған. Алайда, кейбір әкімдіктер бюджет жобаларын жариялауға асықпайды. Ал жариялылық сіз бен біздің араласуымыздың нәтижесінде ғана қалыптасады, – деді Ш.Әйтенова.
Тележурналист Дана Нұржігіт форум барысында Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаевамен сұхбаттасты.
– Барлығымыздың құндылығымыз ортақ, ол – тұрақтылық, бейбітшілік, мемлекеттің тыныштығы және азаматтардың әл-ауқаты. Бұлар бізді біріктіреді. Біздің мақсат-мұратымыз да бір, ол – қуатты Қазақстан құру, – деді А.Балаева.
VIII Азаматтық форум аясында семинарлар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, мүдделі ведомстволардың басшыларымен салалық кездесулер түріндегі 35 тақырыптық сессия ұйымдастырылды. «Адамдар», «Планета», «Өркендеу», «Әлем», «Серіктестік» деп аталатын 5 панельдік сессия БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарының құрамына кіретін тиісті мақсатты топтарды қамтыды.
Келесі күні форум Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалғасты. Пленарлық отырыстың ашылуында Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев еліміздегі азаматтық қоғам құру бастамалары мен мемлекеттік қолдау жөнінде айтып берді.
– 2003 жылы Азаматтық Альянс құрылды. Сол уақыттан бері үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған 3 бағдарлама қабылданды. 2003 жылы 5 мың ұйым тіркелген болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 22 мыңға жетті, – деді министр.
Елбасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 млрд теңгеден асқанын, осының арқасында үкіметтік емес ұйымдардың қызмет ауқымы кеңейгеніне тоқталды. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін балалар үйлері мен «Ана үйі» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына көмектесуге үндеді. Арнайы санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асырумен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.
– Соңғы уақытта кәсіпкерлердің қайырымдылыққа көңіл бөлуі қуантады. Жетімдер үйі, қарттар үйі деген секілді мәселелер мені қатты толғандырады. Қазақстанда жетім балалар үйі болмауы тиіс. Біздің балаларымыз мұхиттың арғы жағындағы елге барып, бізге бөтен болмауы қажет. Бір немесе үш баласы бар адам тағы бір баланы асырап алса, ол тек қана жақсылыққа ие болады деп санаймын, – деді Президент.
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген ұлт даналығын ұстанып, игілікті іс атқарып жүрген азаматтардың бірі – «BI Group» құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рақымбаев.
– Соңғы 2 жылда біздің қорға бала асырап алуға ниетті 5 мың адам келді. Олардың мыңға жуығын ата-ана болуға дайындадық. Сөйтіп, 800-дей тастанды бала өзіне жаңа отбасы тапты. Жетім балаларды бауырына басам деушілер болса, көмек беруге дайынбыз, – деген кәсіпкердің бастамасына Мемлекет басшысы қолдау білдірді.
Айта кетейік, әлеуметтік жоба аясында елімізде 25 «Аналар үйі» ашылып, жұмыс істеуде. Осының нәтижесінде соңғы 5 жылда балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 11 мыңнан 5 мыңға азайды.
Елбасы форум барысында үкіметтік емес ұйымдар жобасына жан-жақты қолдау білдіріп, бұл іске бизнес өкілдерінің де жұмыла кірісу қажеттігін айтты. Яғни, мемлекеттік қолдау арқылы еңсе тіктеп, кәсібін дөңгеленткен кәсіпкерлер қоғам дамуын қамтамасыз етуі тиіс. Жиын қорытындысында үкіметтік емес ұйымдардың 2019-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу, жастар саясатына баса көңіл бөлу міндеттері жүктелді. Үкімет бұл бағытта нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.
Азаматтық форум қорытындысында республикалық қоғамдық «Таным» жүлдесінің қорытындысы жарияланды. Оған еліміздің әр түкпірінен көптеген өтініш келіп түскен. Соның ішінде 16 аталым бойынша үздіктер іріктелді. «Қоғамдық кеңес», «Инклюзивті спорт», «Инклюзивті білім» секілді аталымдар биыл жаңадан енгізіліп отыр. Іріктеу екі кезең – онлайн дауыс беру және арнайы комиссияның бағалауы негізінде ұйымдастырылды. Комиссия үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік қызмет өкілдерінен жасақталды.
Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар қатарында біздің өңірден екі бірдей үкіметтік емес ұйым аталды. Атап айтқанда, мектепке дейінгі балаларға арналған «Ұмай» емдік-тәрбиелік қайырымдылық мектебі мекемесі – «Балалар – біздің болашағымыз», «Q-med» корпоративті қоры «Дені сау ұлт – гүлденген Қазақстан» номинацияларын иеленді.
– Байқауға ұсынылған «Мейіргерлік күтім бөлімі» жобасы екі жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жоба қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсетуді көздейді. Екі жылда біз осы санаттағы 200-ден астам адамға қолұшын созып үлгердік. Жұмысымыз нәтижесіз емес. Осы орайда облыс әкімдігі мен жергілікті денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Бүгін қол жеткізген «Таным» жүлдесі бізге зор жауапкершілік пен сенім жүктейді, – дейді «Q-med» корпоративті қорының атқарушы директоры Раушан Базарбай.
Аталған жүлде үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер мен қоғам қайраткерлеріне азаматтық қоғамның құрылуына және дамуына қосқан үлесі үшін табысталды. Бұл – қаржылай сияпат емес, үкіметтік емес ұйымдарды ынталандыру мақсатындағы марапат. Жеңімпаздарға «Республикалық сыйлықтың лауреаты» атағы мен диплом қоса берілді.
Сонымен қатар, форум аясында 15 бағыт бойынша 63 үкіметтік емес ұйымға мемлекеттік сыйақы тағайындалды. Оған лайықтыларды қоғам қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасы анықтады. Талайдың арасынан суырылып алға шыққандар қатарында біздің облыстан Анар Ізденнің басқаруындағы мектепке дейінгі балаларға арналған «Ұмай» емдік-тәрбиелік қайырымдылық мектебі мекемесі, Шынаркүл Жеңсікбаева жетекшілік ететін Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтыру орталығы бар.
Мүмкіндігі мол, кәсіби біліктілігі мен ұстанымы биік үкіметтік емес ұйымдар – мемлекеттің қуатын арттыратын, тұрақтылығын күшейтетін аса маңызды қоғамдық институт. Бұл ретте еліміздегі азаматтық бастамаларға қолдау және жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Оның айқын дәлелін Сыр өңірінен көруге болады. Он жыл бұрын облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 150 болса, бүгінде мыңға жуықтады. 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына 45 млн теңге бөлінсе, қаржы көлемі 22 есе өсіп, биыл 1 млрд теңгеге жетті.
Өткен жылдың қорытындысымен үкіметтік емес ұйымдар қызметін белсенді ету бойынша қаржыландыру жағынан біздің аймақ Астана мен Алматы қалаларынан кейін 3-орында тұр. Әлеуметтік жобалар негізінен қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, жастар саясатын іске асыру, балалар бастамаларын қолдау, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсету сияқты бағыттарды қамтиды.
Назерке Саниязова.
Қызылорда-Астана-
Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |