Қорқыт мұрасы – әлемге ортақ қазына

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын кеңес мүшесі, Қазақстан археологиясының ірі тұлғасы, көрнекті тарихшы Карл Байпақовты еске алудан басталды. Мұнан кейін аймақ басшысы Ә.Марғұлан атындағы археология иститутының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұловты 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, облыстың «Құрмет» грамотасын табыстады. Одан соң кеңес құрамындағы өзгерістермен таныстырды. Соған сәйкес облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас кеңес мүшесі болып бекітілді.

Облыс әкімі жиынға қатысушыларды алдымен еліміздің басты жаңалығы Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО тізіміне енуімен құттықтады.

–  Кеңестің 2014 жылғы отырысына Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес Мәдени мұралар тізіміне» енгізу мәселесі көтеріліп, одан бері Қорқыт мұраларына байланыс­ты қажетті материалдар жинақталып, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясына ұсынылғанын білесіздер. Осы жұмыстың нәтижесінде бұл күндері Шығыс Африка еліндегі Маврикий Рес­публикасында 217 мемлекет қатысып жатқан ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында өздеріңіздің қолдауларыңызбен ұсынылған «Қорқыт ата мұрасы» көпұлттық номинациясы қолдау тауып, бүкіл әлемге танылды. Сіздерді осы қуанышымызбен – данагөй баба қазынасының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілуімен құттықтаймын, – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, бүгінге дейін дүниежүзі бойынша материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген 377 элементтің 8-і қазақстандық болатын. Ал, бұл қатарға  Қорқыт ата мұраларының енуі – тек Сыр елінің ғана емес, бүкіл Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі. Аймақ басшысы ендігі міндет – Қорқыт ата мұраларын халықаралық дәрежеде насихаттау екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Үкіметке Шығыс елдерінің күнтізбесі бойынша Наурыз хамал (амал) айының бірінші жұлдызында басталатын 14 наурыз – «Амал» күнінде «Қобыз күнін» атап өту ұсынылғандығын  жеткізді. Оған қоса, дәстүрлі өткізілетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық музыкалық өнер фестивалінің ауқымын кеңейтіп, биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Қорқыт-Қобыз» республикалық қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың байқауын халықаралық деңгейде өткізу қажеттілігі де айтылды.

Жиын барысында облыс әкімі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы маңызды мәселелер мен атқарылуға тиіс жобаларға да тоқталды.

– «Архив-2025» жетіжылдық бағ­­дар­ламасын, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энци­клопедиялық саябағын, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарумен қатар, мектептер мен музейлер жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны іске асыру, «Ұлы Дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Ұлы Даланың өркениеттері» атты тарихи реконструкциялық клубын құру сынды жобаларды рухани-мәдени салада жүзеге асыратын боламыз. Осы орайда, аталған жұмыстарды іске асыруда    кеңестің де жауапкершілігі жоғары екендігін айтып өткім келеді, – деді.

Мұнан әрі кеңесте Қызылорда об­лысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің 2017 жылғы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы және алдағы міндеттері жайлы айтылып, облыс аумағында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Іңкәрдария алқабындағы ортағасырлық қала мәдениетін зерттеу жайлы сөз болып, Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы ин­терактивті картасының презентациясы өтті. Сондай-ақ,  «Қорқыт ата – әлемдік тұлға. Аңыз және ақиқат» жобасының жүзеге асырылуы, «Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» кітап-альбомы бойынша атқарылған жұмыстардың барысы, Қызылорда қаласының астана болған кезеңіндегі тарихи нысандары мен Алаш қайраткерлерінің еңбектері жөніндегі зерттеу мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова сөз алып, өткен жылғы тапсырмалардың орындалу барысын баян етті. Оның айтуынша, тапсырмаларға сәйкес нақты жұмыстар атқарылған. Мәселен, «Рухани жаңғыру»” бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі орындарының географиясы» бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына  64 нысан  ұсынылған. Жобаның бірінші кезеңі негізінде өңірдегі 12 ескерткіш  жалпыхалықтық қасиетті нысандар, 35 ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Бүгінде екінші кезең жалғасын табуда. Оған қосымша 28 нысан ұсынылып отыр. Сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің ресми сайтына 150 ескерткіштің 3D форматындағы интерактивті картасы енгізілді.

– Өңірдегі тарихи нысандар­ды туризм аймағына айнал­дыру мақсатында олардың инфра­құры­лымын жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сығанақ қаласы қоршалып, арнайы стелла орнатылды. Сонымен қатар, Қалжан ахун медресесі, Марал ишан кесенесі қайта жаңғыртудан өткізілді. Өткен жылы Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Қышқала, Бәбіш молда  қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тарихи мұраларды қорғау, сақтау, насихаттау мақсатында 150 ескерткішке QR коды орнатылды, – деген басқарма басшысы Ақмешіт музейін “Сыр әдебиеті” музейі етіп ашу туралы ұсынысын жеткізді.

Сыр өңірі республика бойынша алғаш болып Ресей Федерациясы Белгород облысының тә­жірибесімен «Жоба­лық кеңсені» қолданысқа енгізіп отыр. Осыған сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруда сараптамалық плат­формалар мен ІТ-тех­нологиялар пайда­ланылуда. Биылғы жылы осы жұмыстарды үй­лестіру бойынша аймақта цифр­лық тех­нологиялар бас­қар­ма­сы құрылды. Бү­гінгі күні осы кеңсе аясында ауқымды жо­ба­лар жүзеге асырылуда. Сондай жобалардың бірі – өңірдің тарихи және қасиетті орындарының интерактивті картасын дайындау. Бұл ретте облыстың тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасының презентациясын «Археологиялық сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дмитрий Воякин таныстырды. Ал, Іңкәрдария алқабындағы ортағасырлық қала мәдениетін зерттеу мәселесі бойынша  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінің аға ғылыми қызметкері Нәбира Төрежанова сөз алса, «Қорқыт ата – әлемдік тұлға. Аңыз және ақиқат» жобасының жүзеге асырылуын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы ғылыми-зерттеу институтының» ди­ректоры Бағдат Кәрібозұлы кеңі­нен өрбітті. Бұдан бөлек, «Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» кітап-альбомы бойынша атқарған жұмыстардың барысын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетек­шісі Әзілхан Тәжекеев жеткізді.

Қызылорда қаласының астана болған кезеңіндегі нысандардың кейбірі әлі күнге дейін бар. Олардың біршамасы қайта жаңғырса, енді бірі сол қалпында сақталған. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Серікбай Қосанов келелі ой қозғап, нақты ұсыныстарын жасады.

Бәбіш молда, Сығанақ, Қышқала және Сортөбеге жасалған зерттеу жұмыс­тары да кеңесте кеңінен қозғалды. Бұл ретте Далалық комиссия төрағасы, ғалым Мадияр Елеуов Сырдан Арқаға дейін экспедиция ұйымдастыруды ұсынса, Жолдасбек Құрманқұлов кесене ішіне салынған суреттерді зерттеу жайын айтты. Облыс әкімі кеңесте айтылған ұсыныстарды жинақтап өткізуді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Әбуоваға тапсырды.

Ал, археологиялық зерттеулерге байланысты экспедиция жетекшілері қазба жұмыстарымен қатар, консервациялау, анықталған құрылыс нысандарын қалпына келтіру шараларын жүйелі жүргізіп, келешекте археологиялық парк қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды ұйым­дастыру қажет екендігін жеткізді. Сонымен бірге, Жастар жылы аясында «Өз жеріңді танып, біл!»  бастамасын іске асыру мақсатында экспедиция жұмыстарына студенттер, жас еріктілерді тарту керектігін  де тілге тиек етті. Осыған сәйкес, аймақ басшысы жастар мен мектеп оқушыларын қамтитын туристік жобаларды іске асырып, мектеп және өлкетану музейлері жанынан тарихи-археологиялық қозғалыс құруды облыстық білім, кәсіпкерлік және туризм, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары басшыларына жүктеді.

Жалпы, тарихи ескерткішімізді түгендеп, мәдени мұраны ұлық­таған шарада тарихшылар қауымы мұндай мүмкіндіктің тек Сыр елінде жасалып отырғандығын жеткізіп, жұмыстарының нәтижелі болуына қолдау көрсеткен аймақ басшысына алғыс білдірді.

Жиын соңында «Өз жеріңді танып біл!» бастамасын іске асыру және археологиялық зерттеу жұмыстарына жас еріктілер мен студенттерді қатыстыру бағытындағы меморандумдарға  облыстық білім, кәсіпкерлік және туризм, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ және Қ.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті басшылары қол қойды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 1 100 0