ТУҒАН ЖЕРДЕН КЕЗІМ ЖОҚ АЛЫСТАҒАН...

Жылдағы дәстүрмен Сыр өңірінде «Туған жерге тағзым» акциясы өтуде. Шара аясында туған жерден түлеп ұшқан, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген белгілі азаматтармен кездесу болып өтті. Жырақта жүрген жерлестер елге деген сағынышын жырмен төкті, өлеңмен жырлады, жүректен-жүрекке жеткізді.

Сыр өңірінен шыққан танымал тұлғалар – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев, белгілі қаламгер, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова, жыршы-термеші Ақмарал Ноғай­баева, дәрігер Сәбит Пазылов, есімі елге белгілі жур­налистер Жайна Сламбек, Нұрбек Әмиша және басқа да белгілі азаматтар туған жерге келді.

Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов аймақтағы айтулы жетістіктерді атап, оған елдің жанашыр азаматтарының қосқан үлесі зор екенін айтты.

Кім-кімге де туған жерден артық мекен жоқ екенін тебірене жеткізген облыс әкімінің орынбасары туған жер дегенде тіл ұшына орала кеткен өлеңдерден үзінді оқыды, әсерлі әңгіме тарқатты.  Кезінде Мысыр патшалығын  билеген Бейбарыс  Сұлтан бір түп жусанды иіскеген сәтте тақты да тас­тап, туған жерге тартып кеткен екен. Алмағайып заманда кіндік қаны тамған ауылын бір көруге зар болған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай «Топырағын қасиетті басып жүрген, бақытты ғой Сұлутөбе адамдары» деп жырласа керек. Ал, бар қазақ қосыла шырқайтын «Атамекен» әнінің сөзін жазған Қадыр Мырзалиевтің туған жерге деген шексіз махаббатынан туған жырын әрқайсымыз туған өлкемізге арналғандай қабылдаймыз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан бастау алған «Туған жерге тағзым» шын мәнінде көптің жүрегінен орын алған, тіпті асыға күтетін рухани шараға айналғаны да рас.

– Елбасының өзі Алаштың анасына балаған Сыр топырағы қасиетті. Осы өңірден шығып, талай жерде өзін мойындатып жүрген туған жердің перзенттері аз емес. Біз олармен мақтанамыз. Азаматтарды жыл сайын дәстүрлі түрде өзінің туған топырағына шақырып, атамекеніне тәу еткізіп, сағынып келгенде мауқын басуға және туған жерге деген жауапкершілігін күшейтуде осындай шаралардың маңызы ерекше.

Сыр өңірі ел тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақытта, оның ішінде соңғы 5 жылда биік белеске жетті. Елбасы «Тәуелсіздік кезіндегі жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген еді. Біздің аймағымызда қазір аграрлы аймақтан индустриялық өңірге айналу бағытында үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мақсатта 30-ға жуық жоба жүзеге асуда. Алдағы жылы Орталық Азияда баламасы жоқ шыны зауытын іске қосу жоспарлануда.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» атты бағыт бар. Онда көрсетілгендей әрбір азамат туған жеріңнің өсіп-өркендеуіне үлес қосу, еңбек сіңіру керек. Әрине, бұл үшін белгілі кәсіпкер, құрылысшы болу шарт емес. Шерхан Мұртаза айтқандай, Отанды сүю үшін көп әңгіменің қажеті жоқ, тек еңбектену керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов.

Туған жерге деген ыстық ықыласын білдірген белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев биыл Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Сыр елім» атты ән  жазғанын, аз уақыт ішінде бұл туынды сырбойылықтардың гимніне айналғанын мақтанышпен жеткізді.

Белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп жиналған қауымға дәл бүгін Қорқыт баба мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгенін сүйіншілей жеткізді. Ол мұндай шаралардың кімге де болса туған жерді түлетуге нендей үлес қоса алдым деген ойға жетелейтінін айта келіп, барша сырбойылық азаматтарды атамекенін өркендетуге шақырды.

Шара барысында «Жомарт жүрек» байқауының облыс бойынша жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда: «Жыл меценаты» номинациясымен Шиелі ауданы «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеев марапатталды. Қолы ашық азамат биыл Ш.Қодаманов ауылына 90 млн теңгеге спорт кешенін салып берген.  «Жыл тұлғасы» номинациясын  150 адамды жұмыспен қамтып, қайырымдылық акция­ларында 2 млн теңгеге жуық қар­жылай демеушілік жасаған кәсіпкер Ақшагүл Махатова иеленсе, «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына «Ұшқын» мүмкіндігі шектеулі оқу-өндірістік кәсіпорны ЖШС лайық болды. Ал, «Туған өлке» номинация­сымен Қармақшы ауданы «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев, «Ерен еріктілік»  номинациясымен  Сырдария ауданында «Мирас» жастар ұйы­мының үйлестірушісі Сәуле Сыздықова марапатталды. Сонымен қатар «Сыр жанашыры» номинациясымен «Жел-Кент-Вент» ЖШС төрағасы М.Әбілдаев, «Сыр маржаны» ЖШС директоры М.Өтеев, «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы Қ.Исаханов, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда белсенділік танытқан М.Жұмашев және И.Үсенов марапатталды.


«Ақтөбе и К» ЖШС директоры, «Туған өлке» номи­на­циясының иегері Нұрлан Іздібаев:

Осыдан үш жыл бұрын  бір инвестор табылмай, дағдарып қалған ауыл тізгінін қолға алып еңбек еттік. Қазір ауылдың жағдайы өте жақсы. Елде берекелі тірлік бар. Ауылды өркендетуге қосқан үлесім бүгін атап айтылып, марапат берілді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Кіндік қаным тамған, топырағына аунап өскен ауылға күш-жігерімізді аямай қызмет ете береміз.


Гүлмира Ділдәбекова,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 671 0