СҮЙІКТІ ІС – ТАБЫСТЫ КӘСІП

Әр адамның әуестенетін ісі бар. Мұны «хобби» деп жатамыз. Тарих беттерін парақтасақ, І Петр ұсталықпен айналысқан деген дерек бар. Коллекция жинаудан АҚШ-тың саяси лидері Франклин Рузвельт алдына жан салмапты. Ел әйгілі Лев Толстойдың тың туындыларымен таныс болғанымен, етікшілігі жайлы біле бермейді. Ал Леонардо да Винчи атақты суретші ғана емес, керемет аспаз болған көрінеді. Елімізде де әдемі әуестігімен ерекшеленген тұлғалар жетерлік. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев оттық жинағанды ұнатқан. Қазір көрнекті қоғам қайраткерінің 3000-нан астам оттығы Алматыдағы мұражайында сақтаулы. Ал Әзiлхан Нұршайықовтың қолтаңба жиюды әдетке айналдырғаны көпке мәлім. Айта берсек, хоббидің сан алуан түрі бар. Оған қоса психолог мамандар жанға жайлылық сыйлайтын әуестік күйзеліс пен көңілсіздіктен арылуға көмектесетінін дәлелдеген. Қазір оны тиімді кәсіп көзіне айналдыруға да мүмкіндік бар. Кезекті кейіпкеріміз осы сөздің дәлелі.

Әріптесіміз Мира Жәкібаева – «Кызылординские вести» газетінің аға тілшісі. Бір минутын сарп етпейді. Шығармашылық жұмыстан кейін сүйікті ісіне көңіл бөледі. Тапсырысқа туған күн, үйлену тойы, басқа да салтанатты дастарханның сәнін келтіретін әзірбайжан тәттілерін дайындайды. Тұтынушыларын «инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы жинаған кейіпкеріміз бала кезінен тіл үйірер дәмділер жасауға бейімденген. 

– Әйел адам үй шаруасына икемді болуы тиіс. Өзім де ас үйде жүріп, тағам дайындаудан жалықпаймын. Ғаламтор желісіндегі  рецепттермен танысып, көрген-білгенімді жүзеге асыруға талпынамын. Бірер жыл бұрын осы хоббиімді бизнеске айналдыру жайлы ой келді. Бұл – жұмыстан соң тынығуға септесетін керемет әдіс. Тек түгесілмейтін қиял, таусылмайтын шабыт керек. Қазір әзірбайжан тағамдарын, тәттілерін пісіремін. Бұл елдің ұлттық асханасы көнелігімен, әртектілігімен ерекше. Жапырақ долмасы, тауық етінен жасалған лявянги, пахлава, шавталыны жесеңіз, көңіліңізден шығады. Тұтынушылар дән риза. Ұялы байланыстың дамыған кезеңі болғандықтан, көбіне әлеуметтік желі арқылы тапсырыс түседі. Жоғарыда айтқан, пахлавадан бөлек «Медовик», «Вупи пай»,  «Красный бархат» тортына сұраныс жоғары, – дейді ол. 

Кейіпкеріміз шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, осы іске қызығушылық танытқандарға бар білгенін үйрететінін де жеткізді. Сонымен қатар әзірбайжан асханасында біздің ұлттық тағамдарға ұқсас дүниелер кездесетінін айтып қалды. Әзірбайжандықтар да біз көп күтетін Наурыз мерекесіне ыждаһаттылықпен қараса керек. Олар Наурыз айы басталған тұста бидай тұқымын егіп, дәннен өнiп-өскен бидайдың өркенiне қарап, келген жылдың қаншалықты берекелi болатынын болжайды. Оны қызыл лентамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды. Дәнді-дақылдардың өскіні үйде 13 күн тұрып, содан кейін өзенге тасталады. Бұл күні Наурыз көжеге ұқсас жеті түрлі дәм қосылатын йеди-левин тағамы дайындалады екен.

Әңгіме барысында талапшыл әріптесіміздің сүйікті ісіне селқос қарамайтынын аңғардық. Ол осы кезге дейін де хоббиін кәсіп етуде аянып қалмады. «Арман адастырмайды,  ерте ме, кеш пе сізбен серік» деген пікірде.

 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2018 г. 1 122 0