АСЫЛ МҰРАМЫЗДЫҢ АРНАСЫ

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» – деген еді.

Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде Қорқыт мұраларының ЮНЕСКО тізіміне енуі Ұлы даланың тарихындағы тағы бір жаңғыру екені анық.

2014 жылдың ақпан айында Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңесте облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұралары» номинациясын енгізу мәселесі қаралған болатын.

2016 жылы Қызылорда қаласында бірінші рет Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Дүниежүзілік мұралар Ұлттық комитетімен «Жібек жолы: Фергана-сырдария дәлізі» атты сериялық траншекаралық Дүниежүзілік мұралар номинациясының номинациялық құжаттарын дайындау жөніндегі сараптамалық кездесу өткізілді.

Осыған орай, 2017 жылдың ақпан, наурыз айларында Қызылорда, Алматы қалаларында бірнеше эксперт өкілдерінің қатысуымен тиісті жұмыстар атқарылып, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесе отырып, «Қорқыт ата мұралары» көпұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу бойынша сараптамалық кездесулер ұйымдастырылды.

Сараптамалық семинарға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия елдерінің сарапшылары мен халықаралық Түркі академиясының өкілдері қатысты. Мұнда іс-қимыл жоспары бекітіліп,  бұл номинация бойынша тиісті өтінім әзірленіп, Қорқыт ата мұралары 2017 жылдың 31 наурызында ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне қосуға ұсынылды.

 2018 жылдың 26 қараша мен 2 желтоқсан күндеріне белгіленген  Маврикий республикасының астанасы Порт-Луистегі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысына Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ж.Құрамысова мен Қорқыт ата мұрасын насихаттаушы, қобызшы М.Мұхамеджан қатысу үстінде.  Қобызшы 27 елдің өкілдері алдында Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындап, талғампаз тыңдарман назарын аударды.

Осылайша, Қорқыт ата мұралары әлемдік аренеда мақұлданып, «Қорқыт ата мұрасы» ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді.

Барлық замандардағы зерттеушілер батагөй, сәуегей, қолбасшы, ұлы күйші Қорқытты түркі халықтарының ішінде қазақ халқына жақын екеніне дәлел келтірген. Ұлы абыздың мәңгілік мекенінің біздің аймағымызда болуы да осыған айғақ. Қорқыт билік құрса да, үнемі ел қамында, тарыққан жұрт жанында жүретін тұлға. Оның мұраларының халықтар қазынасына айналу себебі де сонда жатса керек. «Қобыздың ішегінде, халықтың жүрегінде қалған» деп М.Әуезов айтқандай, Қорқыт тәуелсіздігіміз тұғыр салған Мәңгілік елдің мұраты, өшпес өнер мирасы болып қала бермек және ол қазақ халқын әлемге танытудың, мойындатудың рухани құралына айналмақ.

Біз бүгін осындай қуаныш үстіндеміз.

Алдағы уақытта Қорқыт ата мұраларын жан-жақты насихаттау бағытында өңірімізде «Қобызшылар ансамблін» құру, мәдениет үйлері мен клубтарда Қобыз үйірмелерінің санын арттыру, сонымен қатар, Қорқыт мұраларын насихаттауға арналған арнайы сайт ашу,  осы жұмыстарды қосып, ЮНЕСКО-ның  талаптарына сәйкес арнайы кешенді жұмыс жоспары дайындалатын болады.    

 

Мира АБУОВА,

Облыстық мәдениет, архивтер және

 құжаттама басқармасының басшысы

 

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қараша 2018 г. 808 0