Өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылау үшін баспасөз конференциясы өтті. Оған «Дін мәселелерін зерттеу» орталығының теолог маманы Бақтияр Оспанов пен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының сектор меңгерушісі Майра Сәрсенбаева қатысты.
– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы. Бұл мақалада Қазақ халқының тереңнен бастау алатын тарихи және мәдени ерекшеліктері, сондай-ақ, әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесі туралы жазылған. Мақаланы оқи отырып, тарихтың тұңғиығына сүңгіп кетесің, – деді Б.Оспанов.
Теолог маман Бақтияр Есенгелдіұлы грек аңыздарының барлығында Геркулес, Геракл, Зена сынды батырлары аталатындығына назар аударды. Бірақ олар ешқашан кентаврлармен соғыспайды. Керісінше олармен үнемі мәміледе болады. Сол кентаврлар біздің көшпенді бабаларымыз еді. Ат үстінде өздерін еркін ұстай білетін ержүрек батыр ретінде аңыздарда кентавр қалпында қалдық. Жалпы осы арқылы ата-бабаларымыз кеңістікті уақытты өте жылдам игерді. Бұл туралы көптеген ғалымдар, ғұламалар ой қозғады. Тіпті сол заманда біздің ата-бабаларымыз уақыттың, мәдениеттің католизаторына айналды деген ұғым бар.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының жыраулармен жұмыс секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева мақала бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттың бірегейлігін сақтауда халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тарихын танып, әрі ашылмаған қырларын зерттеуге шақыратынын айтты.
– Қазақта «Сырдың елі – жырдың елі» деген алты Алашқа белгілі әдемі сөз бар. Сырдың бойында біздің абыздарымыз бен сүлейлеріміз салып кеткен ұрпақтан ұрпаққа аманатталатын сара жолы жатыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қанша ауқымды шаралар атқарылды. Соның ішінде Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО тізіміне енгізу барысында облыстың жеті ауданында бірдей қобыз үйірмелерін ашу жұмыстарын жүргіздік.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы 219 жыршы-жыраудың өмірі мен шығармашылығы енгізілген үлкен жинақ шығармақшы. Аймақта қолымызға тимеген мұра әлі де жетерлік. Солардың көшірмесін алып, музыкалық антология шығаруды да жоспарлап отырмыз, – деді Майра Алшынбекқызы.
Шынар БЕКБАН.