Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен мәжіліс өтіп, онда көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, ветеринария саласындағы мәселелер мен келер жылғы халық санағына дайындық барысы қаралды.
Облыс бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру шаралары туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Юлия Тремасованың хабарламасы тыңдалды.
Белгілі болғанындай, бүгінде облыстың жергілікті атқарушы органдары тарапынан 195 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде, мемлекеттік корпорация арқылы – 89, электронды түрде портал арқылы – 95, тікелей мемлекеттік орган арқылы – 46.
Биылғы 10 айда барлығы 2 013 195 қызмет көрсетілсе, соның ішінде мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген қызмет 30,2 процентке азайған. Керісінше, «электронды үкімет» порталы арқылы қызмет көрсету 2 есеге артқан.
– Жергілікті атқарушы органдардың қызмет тиімділігін бағалау критерийлерінің бірі – мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерінің сақталуы. Бұл бағытта облыстық цифрлық технологиялар басқармасы, онымен қоса аудан, қала әкімі аппаратындағы тиісті бөлімдер тарапынан күнделікті орындалуы қажет қызметтерге мониторинг жүргізіліп, қызмет көрсетуші мемлекеттік органдарға ескертіліп отырады. Алайда, осындай ескертулерге қарамастан, биыл 9 айда мерзімі бұзылған қызметтер саны азаяр емес,– деді Ю.Тремасова.
Оның айтуынша, биылғы 9 айда 12 мерзім бұзушылық анықталған.
«Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша бағалаудың келесі критерийі – мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына ішкі бақылау жүргізу. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 3-тоқсанына 137 нысанда бақылау іс-шарасы жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 284 бұзушылық анықталған.
«Электронды үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілетін қызметтер үлесін арттыру бойынша, биылғы 9 айда 190 қызметтің 83 түрі, яғни, 43,7 проценті портал арқылы көрсетілсе, қазан айынан бастап енгізілген өзгерістерге байланысты 195 қызметтің 95-і портал арқылы жүзеге асқан.
Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес биыл электронды қызметтердің үлесі көрсетілетін қызметтер санының 30 процентін құрауы тиіс болса, 10 айда бұл көрсеткіш 33 процентке жеткен.
Мәжілісте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов салада атқарылып жатқан шаралар мен алдағы міндеттер туралы хабарлама жасады.
Жыл басынан бері эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджеттен бөлінген 5190,4 мың доза, энзоотиялық ауруларға қарсы облыстық бюджет қаржысына алынған 641 мың доза ветеринариялық препараттар уақытылы жеткізіліп, егу жұмыстары 100 процентке орындалған.
Сарып ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде 57 бас ірі қара, 186 уақ мал анықталып, ережеге сәйкес сойылған.
Ал, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге байланысты қажетті сырғалар жеткізіліп, бірдейлендіру жұмыстары жүргізіліп, дерекқор базасына енгізілуде. Әйтсе де, басқарма басшысы дерекқор базасы мен статистикалық мәлімет арасында айырмашылықтар бар екенін, бір жүйеге түспей отырғанын айтты.
Сонымен бірге Е.Әпетов халықаралық эпизоотиялық бюроның талабына сәйкес, барлық елді мекендерде типтік жобадағы мал қорымдарының болуы шарт екенін жеткізді. Биыл облыстық бюджеттен 56,4 млн теңге бөлініп, 4 типтік жобадағы мал қорымы салынды. Облыс бойынша мал қорымдарының жалпы саны 146 болса, оның ішінде ветеринариялық-санитарлық талапқа сай келетіні – 75. Келер жылы салынатын 20 типтік жобадағы мал қорымының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджеттен 6 мал қорымына тиісті қаржы қаралған. Қалған 14-не қаражат қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы биыл қолайсыз 127 елді мекенде тиісті механикалық тазалау және залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Келер жылға аталған аурудың алдын алу мақсатында залалсыздандыру жұмыстарына Креолин-Х 5% ерітіндісін пайдалану туралы ұсыныс берілген.
Мәселеге орай аймақ басшысы облыстың буферлік аймақтан жақында ғана шыққанын атап өтті. Сондықтан халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптары орындалуы тиіс. Осы арқылы ғана мал өнімдерін экспорттауға мүмкіндік аламыз. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын кәсіп көзіне айналдырған ауылда кәсіпкерліктің өркендеуіне жол ашады.
Мәжілісте сонымен бірге облыста 2019 жылғы халық санағын өткізуге дайындық жұмыстарының барысы туралы облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Нұрман Талқанбаев баяндады.
Бүгінде ұлттық халық санағына дайындық жұмысының іс-шаралары бекітілген. Бұл орайда аудандар мен қаладағы көше атаулары түгенделіп, үйлердің, ғимараттардың нөмірлерін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Саяжай аумақтарының паспорттары жасалып, ондағы тұрғындардың есебі алынып, көшелері нақтыланған. Н.Талқанбаевтың айтуынша, халық санағы кезінде 1200-ден астам адам уақытша жұмысқа тартылатын болады. Оның ішінде 159-ы нұсқаушы-бақылаушы. Бір нұсқаушының орташа жүктемесі 833 адам болып бекітілді. Жұмысқа тартылғандар арнайы оқытылатын болады. Арнайы ақпараттық байланыс құралдарымен қамтамасыз ету көзделуде. Санақтың алғашқы 10 күні онлайн режимде жүргізіледі деп жоспарлануда.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі күн тәртібінде көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, тиісті сала басшылары мен орынбасарларына, аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Айнұр БАТТАЛОВА.