Өмір жолындағы тағдыр тауқыметіне мойымай, еңбектен бақыт тапқан ақ жаулықты аналарымыз аз емес. Адал еңбекпен ғана жетістікке жеткен оларды құрметтеуді ұрпағы бір сәтке ұмытқан жоқ. Елдің анасына айналған Еңбек Ері, көпбалалы ана Сәлима Жұмабековаға жаңа баспана кілтін биылғы «Алтын дән-2018» мерекесінде табыстаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жергілікті кәсіпкерлердің ел анасына деген сыйы екендігін айтқан еді.
Салтанатты жиында аймақ басшысы «Он бір бала дүниеге әкелген батыр ана егін даласында еңбек етті. Сондай кездерде өмірлік жары дүниеден озды. Өмірдің қиындықтарына қарамай еңбек даласында тер төгіп, рекордтық көрсеткішке жетіп, еңбектің үлгісін көрсеткен асыл анамызға қандай құрмет жасасақ та артық емес» деген болатын.
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел азаматтары Сәлима анамыздың жаңа үйіне құтты болсын айтып, арнайылап барды. Дастарханнан дәм ауыз тиген өңір басшысы аймақта жүзеге асып жатқан жаңалықтардан хабардар етіп, Сыр анасына осындай құрмет пен сый-сияпат жасаған кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді.
– Сыр – Алаштың анасы» десе, Сырдың анасына айналған Сәлима апамызға жасап жатқан сый-сияпаттарыңыз еңбек адамына көрсетілген үлкен құрмет, – деген аймақ басшысы анамызға сый-құрмет көрсетті.
– Бүгінгі қоныс тойым Президент күні мерекесімен тұспа-тұс келіп жатыр. Еңбегімді елеп, маған осындай сый жасап жатқан тәуелсіз еліме, Елбасыма, Сыр азаматтарына алғысымды білдіремін. Тәуелсіз ел аспаны ашық болсын, – деген тілегін айтты Сәлима Жұмабекова.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.