Сыр өңірі экономикалық даму тұрғысы бойынша республикада жетекші аймақ қатарында. Әсіресе, соңғы жылдары әр сала бойынша өңір компаниялары шетелдік және отандық инвесторлармен тиімді әріптестік орнатып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалар жүзеге асты. Аймақ экономикасын әртараптандыруда, инвестициялық жобалардың қолдау табуына соңғы жылдары тұрақты өткізіліп келе жатқан «Baikonyr Invest» форумы ықпал етуде.
Дәстүрге айналған инвестициялық форум алғаш рет 2013 жылы өткізілген. Содан бері алқалы жиын инвестициялық қызметтің өзекті мәселелерін талқылау үшін сындарлы диалог алаңы болып саналады. Форум жыл сайын 300-ден астам шетелдік және отандық бизнес көшбасшыларын, инвестициялық компания, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерін, дипломаттардың басын біріктіреді. Осы кезге дейін форумдарға 21 елден, атап айтсақ, отандық ғылыми-зерттеу институттары және Ұлыбритания, Ресей, Германия, Швейцария, Франция, АҚШ, Украина, Жапония, Нидерланд Корольдігі, Италия, Түркия, Канада, Польша, Австрия, Бельгия, Иран, Филиппин, Өзбекстан, Беларусь және Әзірбайжаннан банк секторы, мемлекеттік орган, даму институттары, ұлттық компаниялар және бизнес қауымдастық өкілдері келген.
Аймақта бүгінге дейін 9 инвестициялық форум ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде 110-нан астам меморандумға қол қойылып, экономикаға 100 миллиардтан астам теңге инвестицияланған.
Жалпы, инвестициялық форумның берері көп. Әлемнің ірі бизнес өкілдері, алып компания өкілдері бас қосқан жиын нәтижесінде осы уақытқа дейін автобус паркі салынып, жылумен қамту желілері қайта құрылды. Келісім нәтижесінде іске асқан бірқатар инвестициялық жобаларды ерекше атап өту керек. Бүгінде аймақта әлемдік бәсекеге қабілетті экспорттық өнім шығаратын өндіріс орны – тампонажды цемент және шыны зауыттарының құрылысы басталып, калцийлендірілген сода өндірісіне арналған тұзды өңдеу зауыты бой көтеретін болды.
Сыр цементінің нарыққа шығар күні де жақын. Алдағы желтоқсан айында елімізде алғашқы тампонажды цемент зауыты мерзімінен бұрын пайдалануға беріледі. Елімізде ғана емес, Орта Азияда бірінші болып құрылысы басталған зауытты қазақстандық «DANAKE» корпорациясы мен Қытай мемлекетінің «Гежуба групп цемент» компаниясы бірлесіп қолға алған. Бас мердігері «Чайна Триумф Интернэшнл» – әлемдегі үздік 50 халықаралық көшбасшы компания қатарында. Зауыт жұмысы басталса, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіреді деп күтілуде.
Ал шыны зауытын іске қосу келер жылдың жаз айына жоспарланып отыр. Осы жобаның екінші кезеңінде күн батареялары, смартфондар мен планшеттер үшін пайдаланылатын өте жұқа әрі ультра мөлдір шыны өндіру үшін қытайлық компания жұмысын бастады. Жоба бойынша жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығарылып, өңделеді деп жоспарланған.
Жалпы, соңғы жылдары өңірде мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс соңғы төрт жыл ішінде бірінші рет ішкі жалпы аймақтық өнім бойынша оң көрсеткішке қол жеткізді. Жыл сайын мұнай мен оған қоса уран өндіру көлемі төмендеп келе жатса да, бұл межені биыл да сақтап қалатын мүмкіндік бар. Соңғы үш жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіпке салынған негізгі капиталға инвестицияның көлемі екі есеге, еңбекпен қамтылғандардың саны 55 процентке артқан.
Алайда, экономиканы шикізат емес секторды дамыту арқылы әртараптандыру негізгі міндет болып саналады. Бұл орайда тампонажды цемент зауытының жуырда іске қосылып, шыны зауытының келер жылы ел игілігіне берілетінін атап өттік. Ал өткен айда Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отырған ауқымды жобаны «Engineering Dobersek GmbH» компаниясы жүзеге асырса, құрылыс жұмысына жергілікті азаматтар қатысады. Өндіріс іске қосылған кезде комбинатта 1500 жұмыс орны ашылмақ.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында да сырт елдермен келелі келісімдер жасалғанын айта кету керек. Күріш өнімін қазірдің өзінде аймақ шаруашылықтары Моңғолия, Түркия, Ауғанстан нарықтарына шығара бастады. Иранның күріш сорттарын игеру қолға алынды. Сондай-ақ, 2016 жылдан бері бақша өнімдері экспортқа шығарылуда. Өткен жылы көкөніс пен мал Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Моңғолия, Өзбекстан елдеріне, үстіміздегі жылы тұңғыш рет мақсары майы Қытайға экспортталды. Облыста соңғы жылдары жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 28 процентке ұлғайды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев республикалық бұқаралық ақпарат өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында аймақтың сыртқа шығаратын өнімдері күріш, тұз және балық болып қала беретінін атап өткен болатын. Аталған салалардың экспортқа бағытталғаны экономиканың қозғаушы күші болып саналады.
Жалпы, шетелдік бизнес өкілдерінің өңір экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға инвестиция салуға қызығушылық танытуының бірқатар себептер бар. Бұл орайда өткен жылғы инвестициялық форумға қатысушы ирандық Горган Сауда өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының вице-президенті Аразджан Шомалидің пікірінен үзінді келтірсек.
– Қызылорда – келешегі мол аймақ. Мұнай бағасының құлдырауы өңір экономикасын төмендеткен жоқ, қайта басқа салаларды дамытуға деген бизнес жобаларды жүйеледі. Аймаққа инвесторлар неге қызығушылық танытып отыр? Себебі, саяси тұрақтылық сақталған және биліктің қолдауы ерекше. Ең бастысы, қолайлы жағдай бар жерде жұмыс та жүреді, қаржы салудың да көзі артады. Бұл тұрғыда істің маңызын білген билікке ризашылығымыз шексіз, – деген болатын.
Өткен жылғы 15-16 қараша күндері өткен «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы ІХ «Baikonyr Invest» форумы табысты болғаны белгілі. Халықаралық және отандық бизнес өкілдері қатысқан жиынға Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша мемлекеттерінен арнайы делегациялар келді. Форум аясында 23 меморандумға қол қойылып, ел дамуына серпін беретін маңызды жобалар қолдау тапты.
Алдағы 3-4 желтоқсанда өтетін Х халықаралық инвестициялық форум «Жасыл» экономика – өңірді дамытудың жаңа бағыты» тақырыбында ұйымдастырылмақшы. Форумға Испания, Франция, Болгария, Қытай, Корея, Түркия, Ресей, Өзбекстан және өзге елдерден ресми тұлғалар мен бизнес-құрылымдардың өкілдері қатысып, жаңа технологиялар мен «жасыл кластерлерді» енгізу мәселелерін талқыға салмақ. Келелі кеңесте ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, қалдықтарды пайдаға асырудың тиімді механизмдері, шешу жолдары қарастырылады. Ал форум модераторы – BBC World News коммерциялық өкілдігінің басшысы Сергей Становкин. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Кимнің айтуынша, кезекті форумның да негізгі мақсаты – шетелдік және отандық инвесторлардың өңір компанияларымен өзара тиімді әріптестік орнату, инвестициялық жобаларды іске асыру, өңір экономикасын әртараптандыру мен жаңғырту үшін бизнес, ғылым және билік өкілдерінің күш-жігерін біріктіру. Жиын барысында инвестицияларды қажет ететін жобалар көрмесі, кездесулер, сондай-ақ меморандумдар мен келісімдерге қол қою рәсімі өтеді. Аймақ экономикасының даму тетігі саналған дәстүрлі инвестициялық форумның маңызды идея, табысты жобаларға жол ашатыны даусыз.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.