Қазақстан бойынша тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны аяқталды. 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткен шара нәтижесінде 300 мыңға жуық адам медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланған.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бахыт Исмаханбетов мәлімдеді.
Қызылорда облысында осы еркін емхананы таңдау құқығын 13 491 адам пайдаланған, оның 11 646-ы алғашқы медициналық-санитариялық қызмет ұйымына өтініш беру арқылы тіркелсе, қалған 1 845 адам онлайн қызметті таңдаған. Былтырғы тіркеу науқаны барысында облыста 18 мыңға жуық тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған.
Алдағы уақытта емхана арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр.
– Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға тікелей барып үйренген азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Egov.kz жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етпейді. Аймағымызда биылғы тіркеу науқанына 20 медицина ұйымы қатысты. Оның 7-уі – жеке медициналық мекеме. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек», – деді Б. Исмаханбетов.