Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – көптің көкейіндегі түйткілді дөп басып тани білген әрі дер кезінде жарияланған құнды дүние. Елбасы: «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – афоризм емес. Шын мәнінде, немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының жылнамасына көз жүгіртсек, олардыңмыңдаған жылды қамтитын төл тарихындағы ұлы жетістіктерінің дені осы елдер қазір мекен етіп жатқан аумақтарға қатыстылығы жөнінде сұрақ туындайтыны орынды. Әрине, ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш» дейді.
Гректердің, италиялықтардың, немістердің өз өркениеті бар. Сол секілді түркі жұртының да өз мәдениеті бар. «Қазақта өркениет болмаған» деп айтуымызға болмайды. Қазақ мәдениетінің көші ықылым замандардан бастау алатынын ғылым баяғыда мойындап қойған. Ежелгі грек жазбаларында жазылып қалған не болмаса тасқа қашалып жазылған жазулардың өзі ұлт мәдениетінің бастауы қайда жатқандығының дәлелі.
Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антикалық тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтар, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді. Бұл қазақ тарихы емес деп айта аламыз ба?
Елбасы мақаласын «Атқа міну мәдениетінен» бастауы тегін емес. Ботай мәдениетінен табылған қазбалар ең алғаш болып жылқыны қолға үйреткен қазақтар екенін дәлелдеп тұр. 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы, профессор Виктор Зайбергтің жетекшілігімен Ботай ескерткішіне зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Ауданы 15 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып аршылған. Кейбіреулерінде 30-ға тарта үйлер болған. Археологтарды ойпаттар қызықтырса керек. Ғалымдар ежелгі тұрғын-жайлар құрылысын қайта тұрғызуға мүмкіндік алады. Ең әуелі дөңгелек және үшбұрышты қазан шұңқырды аршып алады. Сөйтіп, ғалымдар қазба жұмыстары арқылы табылған жылқылардың қаңқасы арқылы жылқының алғаш қолға үйретілгені туралы деректерді анықтайды. Атқа міну мәдениеті арқылы қазақта өркениеттің болғандығын дәлелдеп берді.
«Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі» дейді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында.
Шын мәнінде ғалымдарды Ботай қонысынан табылған жылқы сүйектерінің қаңқасының көптігі таңқалдырған екен. Ғалымдар Ботай мәдениетін 27 жыл зерттеген. Оған әлем ғалымдарының көз тігуі де бекер емес. Қазақ өркениетінің бастауы саналатын бұл қазбалар әлі де нақты зерттеулерді қажет ететіні белгілі.
Сондай-ақ мақалада орынды айтылған тақырыптардың бірі – Ұлы даланың ұлы есімдері. Көп елдер өз елінің ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. «Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала әл-Фараби, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» дегенді Елбасы тегін айтып отырған жоқ.
Көрші Қытай елінің Сиань қаласында сақталған терракот жауынгерлерінің бейнесі – әлем туристерін қызықтырған ғажайыптардың бірі. Жыл сайын мыңдаған адам тарихи мұражайды көруге асығады. Елбасы айтқан оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы әлемнің жеті кереметінен кем болмауы тиіс. Ұлт мұраты жолында атқарылар шаралар өте көп. Тарихи сабақтастық дегеніміз – осы.
Келешек ұрпақ тарихты тани білуі тиіс. Ұлт тарихын білмесек, ұғындыра алмасақ, аға ұрпаққа – сын. Қоғам қай кезде де дами береді. Даму үдерісімен бірге тарих та санаға сіңіп, рухани құндылықтарымыз байи түскені абзал.
«Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». Елбасы осылай ой түйіндейді. «Ұлы даламыздың жеті қыры» – «рухани жаңғырудың» заңды жалғасы. Тарихты түгендеуді бүгіннен бастайық.
Елбасы мақаласының мәні зор. «Ұлы даланың жеті қырында» айтылған рухани дүниелерді жеткілікті дәрежеде пайымдай алсақ, нақты жұмыстарды атқара алсақ, ұтқанымыз.
Ендігі мақсат – жоғары деңгейде орындауда. Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне жүктелген міндет зор. Алдаорындаларнақты шаралар, атқарылар іс көп.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенатор, саяси ғылымдар
докторы, профессор