ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕПІЛІ

Осы тақырыпта Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханасында республикалық ғылыми-тәжірибелік конфереция өтті. Онда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов бүгінгі таңда жалпы қоғамға тән өзекті мәселенің бірі болып отырған діни қарым-қатынасты тұрақтандыру мен зайырлылық сипатындағы өзара келісімді сақтау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызын атап өтті.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бірінші наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы «Діни тағаттылықты дәріптеудегі  дәстүрлі діннің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Онда Ислам дінінің  ұстанымы – адам баласын тек жақсылыққа баулып, имандылықтың ізгі амалдарын насихаттауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге негіз болып отырғанын айтып, осы мазмұндағы тұжырымды ойын дәйекті мысалдармен жеткізді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Серік Дүйсенбаев және «Шымкент епархиясы Қызылорда қаласы Қазан Құдай Ана Иконасы храмының приходы» православие шіркеуінің нас­тоятелі Б.В.Ивашинин де пікірлерін білдірді.
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мә­дениеті университетінің проректоры, ис­ламтану ғылымы бойынша PhD док­торы Қ.Құрманбаев «Жастарға ді­ни бі­лім берудегі отандық оқу орын­дарының әлеуеті мен маңызы»   тақырыбын тереңірек талдап, бүгінде дін саласының мамандарын даярлау мәселесі ерекше жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Бұл орайда елі­міздегі қайсыбір діни бағыт болмасын,  жалпы адамдар арасындағы әділетті қарым-қатынастың орнығуына, конфес­сия­ара­лық келісімнің қалыптасуына жұмыс жасауы тиіс.  
– Өздеріңіз білесіздер, әлемде дін са­ласында экстремистік бағытты оқы­тып жатқан бірде-бір оқу орны жоқ. Сонда да көптеген адамдардың осы жолда адасып жатқанына куә болып жүрміз. Яғни, бұл жердегі мәселе – діни оқу орындарының санын көбейту емес, есесіне қазіргі жұмыс жасап тұрған білім ошақтарының ғылыми әлеуеті мен сапасын көтеру болып отыр, – дейді ғалым. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті С.Оразбайдың баяндамасында «Мемлекеттік-конфес­сияаралық қатынастар: отандық тәжі­рибе» тақырыбына талдау жасалды. Жиын барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар мен ұсыныс-пікірлерге де кезек берілді.
Айта кетейік, конференцияға дейін «Деструктивті діни ағымдардың алдын алудағы мемлекеттік органдардың ролі» тақырыбында секциялық отырыс болып, онда «Исламдағы толе­рант­тылықтың ролі мен маңызы», «Дест­руктивті діни ағым мүшелерінің пси­хологиялық бейнесі мен оңалту әдіс­тері», «Зайырлылық және қоғам» тақырыптары бойынша мамандардың баяндамалары талқыланған еді. Об­лыс­тық ішкі саясат басқармасы­ның бас­шысы Т.Маханов конферен­ция­ қорытындысында осы салада бел­сен­ділік танытып жүрген бірқатар қызмет­керлерге марапаттаулар табыс­тады. 

Ғазиза ӘБІЛДА,
"Сыр бойы".
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қараша 2018 г. 495 0