Бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Онда: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның пайдалы қазбаларымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады», – делінген. Бұл ХХІ ғасырдағы білім мен ғылымның орнын айшықтай түседі. Ұлытау төрінде сөйлеген сөзінде Елбасы: «Менің арманым – Қазақстанды мәңгілік елге айналдыру», – деді. Ал ол үшін азаматтар салауатты өмір салтын ұстанып, туған жерінің тарихын жетік білуі тиіс.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да Мемлекет басшысы қазақ халқының әлемдік өркениетке тигізген әсері туралы атап өтеді. Ежелден белгілі, біздің ата-бабаларымыз атқа міну мәдениетіне революциялық қадам жасаған. Соғыс кезінде садақ ату, найза ұстау тәсілдерін жетік меңгерген. Ең басты жетістігі – қылышты ойлап табуы. 1969 жылы Алматы қаласының Есік қорғанынан «Алтын адамның» сауытының табылуы әлемдік өркениетке бабаларымыз қосқан ерекше үлес екені даусыз.
Мақалада «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» деген тармақ бар. Расымен, солай. Сиверс алмасының Отаны – Қазақстан. Қазіргі кезде жер бетінде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі кездессе, соның 35 түрі біздің елде өседі. Мұны біз тарихи факт ретінде ғана айтып қоймай, алма мен қызғалдақ өндірісін жетілдіре түсуге тиіспіз. Өздеріңізге белгілі, халқының саны 5,5 млн шамалас қана Голландия әлемге қызғалдағымен танымал. Осының арқасында аталған мемлекет ел бюджетін еселеп, экономикасын арттырып отыр.
Ерекше өркениет жетістіктерін ұрпақтан-ұрпаққа қалдырудың негізгі жолы – архивті жүйелеп, оның толықтай электронды нұсқасын әзірлеу, тарихты түгендеу. Одан кейін қалың оқырманның қолына тиюіне жағдай жасау қажет. Тарихи тұлғаларды халыққа танытатын әртүрлі форматтағы фильмдер түсіретін кез жетті. Мақалада айтылған тағы бір міндет – ашық аспан астында оқу-ағарту саябағын құру.
Елбасы жүктеген жауапкершілік қоғамдық сананы, жастар арасында отансүйгіштік сезімін оятуға ықпал ететініне сенімдімін.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша
ПҚ БАИ директоры, профессор