Елбасымыздың кешегі «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласын оқығанда есіме бірден таудағы құнарлы қабат мысалы есіме түсті.
Тауда құнарлы қабат деген болады. Қалыңдығы 30-35 см-ден зорға асады. Ол мың жарым, екі мың жылда әрең қалыптасады. Тауда жаңбыр мен қар көп жауғандықтан, шірінді қабат тез шайылып кетеді. Оларды жібермей ұстап тұратын негізгі фактор – таудағы арша мен шыршаның айқыш-ұйқыш тамыры. Ағаштың тамыры шаштай таралып, топырақ астында өзара тордай болып тоқылған кезде тыңайған топырақты сумен ағызбай ұстап қалады. Осы қабат толық түзіліп болғанда тауда көз көріп, құлақ естімеген өсімдіктер өседі. Жұтатын ауаң да шипалы болады. Шыршалар жұлынғанда осының бәрі қоса құриды. Тауға қайтадан ағаш өсіру жүздеген жылға созылады. Ал құнарлы қабат екі мың жылда зорға түзіліп болады.
Енді осы ретте, рухан жаңғыру аясында жасалып жатқан шығармашылық жұмыстарды көрген сайын құнарлы мәдени қабат есіме түседі. Неге дейсіз ғой. 1917 жылғы Қазан революциясы қазақтың өзін де, дүниетанымын да тоз-тоз қылды. Егер біз сан ғасырдан бастап әлемдік өркениетке жалғанып, содан бері мәңгілік мәдени құндылықтар өндіріп бастадық десек, қазақтың құнарлы мәдени қабаты мың жыл бойына түзілген болып шығады. Көне түркілік дәуірден келе жатқан ғұрыптың бәрі мазмұны жағынан әбден байығанша мың жыл уақыт өтті. Мыңжылдық тарихы бар, рухани тұрғыда әбден құнарланып алған мәдени қабаттың үстіне егілген кез келген өнер мен ғылым дүр етіп гүлдене кетуі тиіс. Солай болды да. ХХ ғасырдың басында бұрқ ете қалған қазақ ғалымдары ерекше құбылыстай көрінді. Олар ғылымның қай саласына түссе де, қопарып тастайтын. Елбасымыз рухани қабаттан нәр алған, тұлғалар мен озық мәдени-рухани үлгілерді өз мақаласында Ұлы даланың негізгі қырлары ретінде атап өтеді.
Кейінгі жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы игі істердің барлығын осы мәдени-рухани қабатты қалыпқа келтірудегі талпыныс дер едім.Шығармашылық жұмыспен айналысатын көзі ашық адам негізгі рухани қоректі мыңжылдық мәдени қабатынан тартып және содан тапқан қазынасын қалаған қалпына құя білсе, рухани жаңғырудың ең негізгі көрсеткіші сол дер едім.
Нұрсұлтан Қаражан,
Ақпараттық-талдау орталығының әлеуметтанушысы.