Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ширек ғасырдан уақыт асқан кезеңде, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының жариялаған бұл мақаласының қазіргі қоғам үшін де, болашақ ұрпақ үшін де маңызы зор. Адамзат баласы Жерден күш-қуат алады. Менің мақаладан түйген ойым - еліміздің, жеріміздің, туған Отанымыздың тарихын,ата-бабаларымыздың өмірімен өрнектелген қатпарларына үңілетін уақыттың жеткендігі. Осы мақалада сол бағыттарға арналған жұмыстарға нақты міндеттер белгіленіп, тапсырмалар берілген.
Біз қазір балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілмен қоса орыс, ағылшын тілдерін оқытумен айналысып жатырмыз. Ол нақты жолға қойылып үлгерді. Ендігі кезекте біз Елдің елдігін сақтап қалу негіздері, жердің байлықтарын қорғау үшін оның қадір-қасиетін түсіндіруіміз, ұрпаққа ұғындыруымыз керек. Елбасы бізге ата-бабамыздың нені аманаттап қалдырғанын ұрпақ санасында жаңғырту үшін арнайы бағдарлама жасап, жұмыс жасау керек екендігін бұған дейін де «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетіп берген болатын.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының қолдауымен «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» жақында жаңа бастаманы қолға алды. Бүгінде біз жергілікті ақын-жазушыларымыздың еңбектерін зерттей отырып, мұрағаттан қарай отырып, 10 түрлі «Әңгімелер жинағын» шығарып үлгердік. Қазіргі таңда әр азамат өзінің алған білімін өз өмірінің сапасын жақсартуға жұмсай алатындай деңгейге жету керек. Соны өзіне мақсат, өмірлік бағдар етіп алуы керек. Бұған өз кезегінде Облыстық әйелдер кеңесінің де ықыласы ерекше. Өз ұрпағымыздың білімді, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды азамат боп қалыптасуына аналар да жұмыла жұмыс жасайтынына сенімдімін.
Нұрсәуле Мусаева,
«Облыстық тілдерді оқыту орталығының» директоры.