БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АРХЕОЛОГ» ЛАГЕРІН АШУ ЖОСПАРЛАНУДА

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив-2025», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобалары ұсынылған. Тарихымызды тани түсуіміз үшін отандық және шет ел архивтеріне зерттеу жүргізуіміз қажет. Өйткені, шетелдік архивтерде біздің тарихымыз туралы қаншама құнды дүиелер бар. Бұл бағытта жетіжылдық бағдарлама жасау міндеттелді.
Жалпы, бұған дейін жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтар қайта қалпына келтірілгені белгілі. Сонымен бірге біздің музей Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бойынша үлкен жұмыстар жасап жатқан саланың бірі. Ішкі туризм бойынша бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Келесі жылға облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері бірнеше жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Солардың бірі –  мектеп оқушыларына, студент жастарға арналған археологиялық лагерь ашуды ұсынып отырмыз. Олар 20 күн ортағасырлық көне Сығанақ және Жанкент қалаларының қазба жұмыстарына қатыстырылады. Сондай-ақ, лагерьде ғалымдармен кездесу, қасиетті нысандарға экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастырылатын болады. Бұл жоба көне өлкенің тарихы мен мәдениетінің дамуы туралы өскелең ұрпаққа мағлұмат беріп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған. Айта кету керек, «Қазақстанның қасиетті нысандары» жобасы аясында облыстық мұражай «Қызылорда облысының киелі жерлеріне саяхат» шарасын жүзеге асырып келеді. Бүгінде 400-ге жуық бала ортағасырлық көне қалаларға және тарихи ескерткіштерге саяхат жасап, қасиетті жерлерді аралады.
Елбасы мақаласында көрсетілген барлық міндеттерді орындауымыз қажет, сол бағыттарда жұмыс жасайтын боламыз.


Асхат САЙЛАУ,
 облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2018 г. 614 0