« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қасиетті Сыр топырағынан нәр алып, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, саналы ғұмырын туған жердің өнері мен мәдениетіне арнаған айтулы өнер иелері қашан да халықтың мақтан тұтар тұлғаларына айналған. Олардың өнерін дәріптеу, өмірін өнегелеп, лайықты құрмет көрсету – жақсы дәстүрлеріміздің бірі.
Өткен сенбі күні Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмахановтың 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Бабадан байрақ өнерім» атты шығармашылық кеш өтті.
Өнер тойының беташар сөзін облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов алып, мерейтой иесіне игі тілек білдірді.
Облыс әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, облыстың Құрмет грамотасын тапсырды. ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берді.
«Ұлы Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой...» дейтін бес асыл ісі Оңталап Нұрмахановтың бойынан түгел табылады.
Сонау 1990-1995 жылдары Арал аудандық мәдениет үйінде жүріп-ақ Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов, Р.Сейсенбаев секілді мүйізі қарағайдай драматургтердің шығармаларын сахналап, аты Алматыға жеткен Оңталап Дүйсенәліұлының өзі де бүгін Сыр мәдениетінің ірі тұлғасы болып қалыптасты. Шәкірт өсіріп, ұстаз атанды. Поэзия мен режиссураны қатар ұстап, тамаша табыстарға жетті» – деді Р.Рүстемов құттықтауында.
Айтса айтқандай, О.Нұрмахановтың өңір мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі бір төбе.
Ол «Ғасырлар үні» жыршы-жыраулар конкурсы, түркі тілдес елдердің балалар шығармашылығы өнер фестивалі, Елбасының Сыр еліне жасаған арнайы іссапары барысындағы мәдени шараларды, сондай-ақ, халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық өнер фестивалі, Астана мен Алматыда өткен облыстың мәдени күндері және басқа да ірілі-ұсақты мәдени шаралардың сценарийлерін жазған.
Кейде қарапайым жұрт режиссерлық, сценаристік жұмысты орындаушыларға ғана қошемет көрсетіп, оның шаршап тер төккен, тамсап ой төккен авторының кім екенінен бейхабар күйде қалады. Оңталап Нұрмаханов жұмысы дәл осындай.
Осы кеште өнер көрсеткен мерейтой иесінің өзі жетекшілік ететін «Жастар театрының» әртістері режиссер-сценаристің сондай еңбектерін әдемі көріністермен бейнелеп, ұстаздарына тарту жасады.
Сонымен бірге сахнада Арал ауданы өнерпаздары, Астана мен Алматыдан келген өнерпаз жерлестеріміз – Елмұра Жаңабергенова, Мұрат Шомбалов, Сырдың дара әншілері – Үміт Медеуова, Нұрболат Сейітмұратов, Жарылқасын Оразғұлов, «Томирис» би ансамблі, «Тұран» тобы ән-жырдан шашу шашты.
«Азия дауысы» халықаралық фестивалінде топ жарған «Қорқыт-қобыз» әнін жас әнші Аягөз Аралбайқызы орындады. Рухты көтеріп, тыңдаушысын терең иіріміне тартатын бұл шығарма О.Нұрмахановтың сөзіне жазылған. Жалпы, ақын өлеңдері ерекше реңк, қазақы түр-нақышымен дараланатын дүниелер. Ақынның «Қорқыт-қобыз» аталатын жыр жинағы да жарық көрген.
Облыс әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған мерейлі кеште – М.Сыдықов, Р.Тайманов, А.Алмағанбетов, А.Қайырбаев, А.Бекенова, С.Ұлықпанұлы секілді композиторлардың ақын сөзіне жазылған шығармалары орындалып, көрерменнің көңілін шалқытты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |