Жаңа заман тізгіні заңғар ойлы жастарда

«Qyzylorda: ұлы мұрат жолында». Талапты да талантты жастардың басын қосқан облыстық форум осылай аталды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қатысты. Аймақ басшысы келер жылдың «Жастар жылы» ретінде жариялануымен құттықтап, мемлекеттің қозғаушы күші саналатын жастарға қолдау толастамайтынын жеткізді.

– Елбасының қай Жолдауында да жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы құжатта да жастарды қолдауға арналған шаралар қамтылды. Жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіп, келер 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланды. Мұнда үлкен мән бар. Ұлт Көшбасшысы Мәңгілік елдің жастарын, сіздерді, ел мұраты үшін қызмет ететін тұлға ретінде көргісі келеді. Артылған сенім баршамызға зор міндет жүктеп отыр. Ал, сенім үдесінен шығуға сіздердің әлеуеттеріңіз де, көрсетілетін қолдау да жеткілікті. Соның ішінде Сыр өңірі мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру бойынша көшбасшылардың қатарында екенін айту керек. Бүгінде қа­ладағы және аудандардағы «Жастар ресурстық орталығы» мекемелерінде жұмыс істейтін мамандар нәтижелі қызмет атқарып келеді. 2021 жылға дейінгі «Жол картасы» да әзірленді. Құжатта жастардың жұмысқа орналасу, тұрғын үй, білім беру, бос уақытты тиімді пайдалануға қатысты және басқа да мәселелерінің шешілуі қарастырылған. 60-тан астам әлеуметтік жоба жүзеге асуда. Сырдарияның сол жағалауынан мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында сіздерге қызмет көрсететін орталықтың құрылысы да жүріп жатыр, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы жастардың бүгінгі ахуалын сөз етті. Қазір мыңдаған жергілікті жастың шетелден білімін жетілдіруі, барыс-келістің бі­лікті маман даярлау ісіне айтар­лықтай септігін тигізетінін айтты. Мұның барлығы білім саласына айрықша назар ау­дарудың, жастарға қажетті жағдай жасаудың жемісі екен­дігін жасырмады.

– Ағымдағы жылы ай­мақ­тағы мектеп түлектерінің 97 проценті жоғары оқу орындары мен колледждерге түсті. Бұл бізге маргинал жастарға арналған әлеуметтік базаны айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Оған қоса Қызылорда облысы – 2014 жылдан бастап РФ Үкіметінің гранты бойынша Ресейдің беделді техникалық жоғары оқу орындарында жүздеген түлектерін оқытуды ұйымдастыра алған еліміздегі жалғыз облыс. Мәскеу болат және қорытпалар институты мен Санкт-Петер­бургтің мемлекеттік технологиялық өсімдік поли­мерлері университетінде Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты есебінен білім алу мүмкіндігіне ие болған  452 студенттің алғашқы 32-сі оқуын тәмамдап, осы жылы елге оралды. Ал, 42 түлек магистратурада оқуын жалғастыруда. Бұл ретте еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін, кемел келешекке жетелейтін дарынды да білімді жастары екенін айтпақпыз. Осыдан төрт ғасыр бұрын Абылай хан «Білектің заманы өтті, біліктінің заманы келе жатыр, дайынбысың, әлеумет?» деген екен. Ұлы Абай да «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң, арқалан. Сен де кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан» деген. Елбасы, тәуелсіз елдің негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы да біліктіліктің, білім рөлінің ерекше екенін айтып келеді. Біз алдымызға отыз өркениетті елдің қатарына кіреміз деген үлкен мақсат қойдық. Ол үшін экономика ғана емес, әрбір азаматымыз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Соның ішінде халқымыздың асыл арманын, үлкен үмітін іске асыратын сіздер бәсекеге сай болуларыңыз керек, – деді облыс әкімі және сөзінде.

Жиын барысында тұрмыс­тық қажеттіліктер жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін дәурен таяғаны, әлемді алақанға сыйдырған технологияның өріс алуы мен ІТ саласының дамуы талқыланды. Аймақ басшысы Сыр өңірінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі екенін жеткізді. Түрлі саланы цифрландыру бағытында 37 жоба қолға алынғанын айтып, сандық технологияларды нарықтық стандарттарға сәйкес дамыту мақсатында облыста арнайы мемлекеттік орган – цифрлық технологиялар басқармасы құрылғанын хабарлады.

– Шетелдік тәжірибе ескеру­сіз қалмайды. Жыл басында Қызылорда облысының делегациясы Татарстан Республикасы, Қазан қаласына, Қытай халық республикасына жұмыс сапарымен барып, ортақ мәміле жасасты. Себебі, қазіргі кезеңде ақпараттық технологияның пайдасы шаш етектен. Бұл – байланыс, бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес деген тәрізді әрі қарай жалғасып кете береді. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы ақпараттық технологиялардың арқасында бір-бірін көрместен байланыс жасап, жұмыс жүр­гізуде. Алысты жақын қылып, жаяуға тездетіп шаруасын бітіруге көмектеседі. Алдағы уақытта біздің балалар заман шақыруларына дайын болып, ІТ-дың, робототехниканың жі­лігін шақса екен дейміз, – деп толықтырды аймақ басшысы.

Келесі кезекте Қармақшы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Әділ Ибрахим аймақтағы жастар саясатының дамуын баяндады. Айтуынша, бүгінде орталық жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына ықпал ететіндей жабдықталған. Мұнда «Еріктілер клубы», «Жайдарман» үйірмелері жұмыс жасайды және аталған үйірмелерге біршама жас қызығушылық танытып, мүше ретінде тіркелген. «Жастар театры» да құрылып, жастардың өзін-өзі қаржыландыру механизімі қалыптасқан. Ауданда демеушілердің көмегімен жас агрономдарды тәрбиелеу мақсатында «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері де ұйымдастырылыпты.

Форумның қорытынды бөлімінде мемлекет тарапынан берілген қолдаудың нәтижесін көріп отырған жас кәсіпкер Карина Шыныбаева сөз сөйледі. «Қазақтың капиталы – төрт түлігі» деп білетін қыз қазір білдей шаруа қожалықты басқарып отыр екен.

– Мен бала кезімнен бизнеспен айналыссам, өз ісім болса деп армандадым. «Биснес-Бастау» жобасының аясында мемлекеттен 10 млн теңге қаржы алдым. Қазір қожалығымда 30 жылқы, қоян мен үй құстары және бақша бар. Арманыма қол жеткізгеніме қуаныштымын және жеткен жетістігіме тоқмейілсімеймін. Сіздер де осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей, еңбектің ебін табуларыңызға тілекшімін. Бұл қолдау үшін ел ағаларына айтар алғысым да шексіз, – деді ол.

Осылайша, қатысушылар рухани тың жобалары арқылы елге жаңалық әкелуді ойлайтынын, жеті жұрттың тілін білген біздің жастар – әдебиет пен мәдениетке, төл тарихты тануға ұмтылыс жасайтынын дәлелдеді. Еңбегімен ерекшеленіп, креативтілігімен көзге түскен бірқатары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңында айтыс өнерінің майталманы Мұхтар Ниязов жастарға арнау айтты. Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Суретті түсірген: Б.ЕСЖАНОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қараша 2018 г. 614 0