Әлеуметтік нысандар – әлеуетіміздің айғағы

Өткен сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған және Шиелі аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысты.

Жаңақорғанның Сүттіқұдық ауылын­дағы жаңа спорттық-сауықтыру кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік аясында пайдалануға беріліп отыр. Игі істің басында жергілікті жеке кәсіпкер Гүлжайна Рысбаева тұрғанын айту орынды. Екіжақты әріптестік нәтиже­сінде 13 адам еңбекпен қамтылды.

– Елбасымыздың дәстүрлi Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмiр салтын қалыптастыруға ба­сымдық берiлiп келедi. Өйткені денi сау ұрпақ – ел болашағының кепiлi. Бұл күн – барша спортсүйер қауым үшін, оның ішінде жастар үшін ең қуанышты күн­нің бірі екені анық, – деді аймақ басшысы.

Нысан құрылысы осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Ауыл балаларының спортпен айналысуы үшін мұнда қолайлы жағдай жасалған.

– Бізде қазақша күрес, бокс, ша­ғын футбол, гандбол, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Кешен 280 балаға арналған. Қазірдің өзінде 60-қа жуық бала тіркеліп үлгерді. Олардың арасынан чемпиондар шығатынына сенімдіміз, – дейді жоба бастамашысы Г.Рысбаева.

Сүттіқұдық елді мекенінде орна­лас­қан Б.Аралбаев атындағы №52 орта мек­тептің 6 сынып оқушысы Ержан Орын­басар – болашақ чемпиондардың бірі.

– Ауылымызда осындай спорт кешенінің ашылғанына қуаныштымын. Достарымыз бос уақытын тиімді пайдаланатын болды. Бізді бүгінде Қалмырза ағайымыз жаттықтырып жүр, – дейді ол.

 

Еске салсақ, 2 жыл ішінде өңірде салынған 16 спорт ғимараты құры­лысының 9-ы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл бағытта қазіргі кезде құны 34 млрд теңге болатын 75 жоба орындалуда. Олар – денсаулық сақтау, спорт, білім беру, цифрландыру және тұрғын үй-коммуналдық кешенін жаңғырту саласындағы жобалар.

 

Осы күні Жаңақорған кентінде 63 пәтерлі көпқабатты 2 қызметтік баспананың бой көтеруі аудан тұрғындарының қуанышын еселеді. 3 мың шаршы метр аумақта орналасқан үйлер «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ мен «Стройсервис СК» ЖШС қыз­меткерлеріне арнап салынған.

– Өңірде баспана мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылып, әртүрлі байыпты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Орда» жол картасы әзірленіп, облыстық бюджеттен жыл сайын қажетті қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Оны іске асыруға 3,5 млрд теңге қарастырылды. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін апатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындары пайдаланып үлгерді. «Орда» бағдарламасы – Президент бастамасының жүзеге асуы­ның нақты көрінісі, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының қолынан пәтер кілтін алған «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ қызметкері Руслан Еңсегенов мемлекет қолдауына риза.

– Ең алдымен, мемлекет және өңір басшылығына алғыс білдіремін. Жеке тұрғын үй алу – кез келген адам үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін біз ата-анамызбен бірге тұрдық. Бүгін барлық жағдайы жасалған екі бөлмелі жайлы пәтерге ие болып отырмыз, – деді ол.

Бұл – бір апта ішіндегі аймақтағы екінші қоныс тойы. Өткен сәрсенбіде ғана Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде 42 пәтерлі 2 тұрғын үй пайдалануға берілген болатын.

Облыс әкімінің Шиелі ауданындағы жұмыс сапары кезінде де бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Солардың бірі – Төңкеріс ауылдық округінің тұсынан өтетін «Самара-Шымкент» автожолы бойындағы көпір. Оның жалпы ұзындығы – 27, ені – 15 метр.

Аймақ басшысы одан кейін Гигант ауылдық округіне аялдады. Алдымен, «Жастар корпусын дамыту» жобасы аясында ауданда атқарылып жатқан шаралармен танысты. Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырған жобаға Шиеліден 86 жоба ұсынылып, 30-ы іріктеліп алынды. Оның әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде қаражат берілді. Тамыз айынан бастап барлық жоба бойынша жұмыссыз 96 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауданда алғашқы жабық жүзу бассейні аталған елді мекенде ашылды. Игі жоба бастамашысы – жеке кәсіпкер Ғалымжан Ерекеев. «Бастау» спорттық-сауықтыру кешені соңғы үлгідегі технологиялық құралдармен жабдықталған. Жаңа нысанның салынуы 6 адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді.

– Мұндай орындар халық денсаулығының нығаюына, бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді, – деді облыс әкімі.


Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қараша 2018 г. 397 0