Қыс та келді. Синоптиктер не дейді?

 Синоптиктер биыл Қазақстанда қыс қатты болатынын айтып отыр. Қазірдің өзінде ызғар сезіледі. Солтүстік аймақтарда ауа температурасы әлі 20 градусқа дейін, оңтүстік өңірлерде 10 градусқа дейін төмендейтін көрінеді. Қыстың күндері жауын-шашын мөлшері әдеттегідей болмақ. Тек қаңтар айында Сібір антициклонының орнауына байланысты еліміздің көптеген өңірінде қар аз жауады.

«Қазгидромет» РМК об­лыстық филиалы да алдағы маусымға қатысты болжамын жариялады. Филиал директоры Жұлдыз Қалымбетованың сөзіне қарағанда, қарашаның аяғына қарай аймақта аздап күн суытады. Кей жерлерде жауын-шашын, тұман, көктайғақ болуы мүмкін. Қаңтар, ақпан айларында қар нормадан аз жауады. Есесіне наурызда жауатын қардың айлық мөлшері қалыпты мөлшерден көп болады дейді мамандар. Желтоқсан, ақпан айларында суық антициклон мен ауа массаларының енуіне байланысты орташа айлық температура жылдағыдан 1-2 Сге төмендейді.

Осы күні тәуліктік ауа температурасы толықтай минусқа өтпей, күн құбылмалы болып тұр. Синоптиктер сондықтан Сырдария өзеніндегі мұздың қатуы жөнінде айтуға әлі ерте деп есептейді.

Суық түскеннен Сырдария­ның сыр беретін әдеті бар. Жылдағы ізбен жауапты құ­ры­лымдар биыл да қауіптің бетін қайтаруға сақадай сай. Облыстық жұмылдыру да­йын­дығы басқармасы өзен жағалауындағы қорғаныс бө­геттерінің тұсын су басуы мүмкін 56 аймаққа бөлді. Арнайы техникасы, адам күші бар 100-ден астам мекемеге жауапкершілік жүктеді.

– Су тасқынына қарсы жұмыс кезінде пайдаланылатын материалдық-техникалық қор жасақталды. Оның ішінде 139,7 тонна жанар-жағармай, 142100 қап сақтаулы тұр. 79 эвакуациялық жинақтау, 99 қабылдау пункті қалыпқа келтірілді. «Қазавиақұтқару» мекемесімен келісімшарт бойынша 2 тікұшақ әзірленді, – дейді басқарма басшысы Асылбек Шәменов.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, «Шардара» су қоймасынан өзеннің төменгі ағысына секундына – 400, облыс аумағына 500 текше метр су түсіп жатыр. Одан бөлек, «Қызылорда» су торабынан – 405, «Әйтектен» – 380, «Қараөзектен» 20 текше метр су босатылуда. «Шардарадан» келетін су мөлшерінің аз болуы себепті жаңақорғандықтар су тапшылығын сезіп отыр. Ал, Қырғызстанның «Тоқтағұл» су қоймасы ернеуіне жетті. Онда қазір 19,3 млрд текше метр су бар. Мамандар алдағы уақытта «Тоқтағұлдан» төменгі ағысқа мол су жіберіліп, мәселе күрделенуі мүмкін екенін айтады.

Биыл көктемде Сыр­дария­дағы мұз кептелісі су деңгейін күрт көтеріп, Қа­залы ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындарын әбі­герге салғаны бар. Осындай жағдай қайталанбас үшін арнайы жұмыс тобы облыс аумағындағы қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының жай-күйін зерделеп көрді. Нәтижесінде 37 нысанды қайта қалпына келтіру қажет екенін анықтады. Оның ішінде Қазалыдағы 18 учаске жөнделді. Бұл шаралардың қай-қайсысы да халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында атқарылып жатқанын айтқан жөн.

«Қыстың қамын жаз ойла» дейді халық даналығы. Осы орайда облыс орталығы және аудандарда ұдайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып келеді. Одан тұрғындар арзандатылған бағамен қажетті азықты сатып алып, қор жинақтайды. Ал төрт түлік баптаған отбасылар үшін оның ас-суын қамтамасыз ету аса маңызды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары биыл 495,1 мың бас мал қысқа түсетінін алға тартып отыр. Мал басына 700 мың тонна шөп, 7 мың тонна пішендеме, 9,6 мың тонна жүгері сүрлемін дайындау жоспарланған. Тиі­сін­ше мал азығын дайындау көрсеткіші – 104,4, сүрлем дайындау 120 процентті құрады.

– Сонымен қатар, мал азығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің астықты аймағы – Павлодар облысында 2475 тонна бидай кебегіне тапсырыс берілді. Бүгінгі күні келісімшарт жасалып жатыр. Күріш ақтайтын жергілікті кәсіпорындарда 221,3 мың тонна күріш кебегі өндіріліп, облыстың мал шаруашылықтарына сатылады деп күтілуде. Атқарылған жұмыс нәтижесінде биылғы мал қыстату науқаны қалыпты жағдайда өтеді деген ойдамыз, – дейді басқарманың бөлім басшысы Арыстанбек Омаров.

Күн суығаннан кейбір мәселелер күрделене түсетіні сөзсіз. Бұл ретте мұз қату, сең жүру кезінде төтеншеліктердің жұмысы қыза түседі. Бұған дейін дариядан балық аулаймын, әлі қатып үлгермеген мұздың үстінен жүремін деп талай адам «тілсіз жаудың» құрығына ілінгенін ескерсек, тұрғындарға қауіптің қайдан келетінін түсіндіру шаралары тыйылмақ емес. Азаматтар да бұған бей-жай қарамаса екен. Сақ жүрген сау жүреді, қамданған қапы қалмайды деген қаперден шықпағаны абзал.


Назерке САНИЯЗОВА

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қараша 2018 г. 716 0