« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Айдарлы абыройлы ауыл. Мал мен егінді қатар өсірген ауданнан 100 шақырым қашықта жатса да тынымсыз тірлігімен талайға танымал. Шалғай ауылдың шатқаяқтап тұрған шаруасы жоқ. Ауыз су мен жол мәселесі туралы тіпті сөз қозғамаған абзал». Осылай деп жол-жөнекей аудандағы әріптесім Ақтөре жалықпастан баяндап келген. Мақтанышы басым үнмен «біздегі ең алыс ауылдың өзі, міне, осындай, жағдайы жақсы» деген жолсерік жігіттің Айдарлы туралы айтқаны шынында да қандай?!
1930 жылдардан бастау алатын ауыл тарихы түрлі дамудың соқпағынан өткен тәрізді. 300-ден аса шаңырақ қоныстанған ауылдың негізгі тіршілігі – мал мен егін. Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының меншігіндегі мал басы көбейген. Олардың ішінен «Орда» шаруа қожалығында 697 бас мүйізді ірі қара малы бағылып, «Жан Арай» шаруа қожалығында 5,5 мыңға жуық құс өсірілуде.
Бау-бақшаны да мұндағы жұрт ұмытпаған. Ботабай атымен аталатын каналдың арнасы жөнделіп, аяқ суы шешілген, сөйтіп жылда егілетін егіс көлемін көбейткен. Биылғы жылы судың тапшылығына қарамастан, 75 гектар жерге егін салған ауыл тұрғындары өнімді тіпті артық алыпты. Нарық жылдарының кейбір кезеңін сабырмен өткізіп, өз тұрмысын адал еңбекпен тиянақтап алған Айдарлы ауылына да келіп жеттік.
«Әдемі-айдың»
өрнектері әдемі
Қазақ қолөнерінің ғажайыптары болған кілем, алаша тоқу, ұлттық киімдер тігуді үйренгіңіз келсе Айдарлыға келіңіз. Ұмыт бола бастаған ұлттық өнерді ұлықтаушы Роза әжейдің шәкірті болып шыға келесіз. Қолөнердің қыр-сырын өз әжесі мен анасынан үйренген Роза Әлбатырованың қыздары да тігін өнерінен қашық емес.
Айдарлы ауылында әжейдің бастамасымен ашылған тігін цехы бар. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында несиеге қол жеткізген ісмер әже кәсіпкерлерді қолдаған ел азаматтарына дән риза. Енді «Әдемі-ай» атты тігін цехы елдегі жұмыссыз қыз-келіншектерді біріктіріп, кілем тоқу мен ұлттық киімдер тігуге үйретуде. Таңмен таласа тұрған келіншектер малды өріске жіберіп, үй шаруасын реттеген соң осында жиналады. Сонымен бірге мектеп оқушылары көптеп қызығушылық танытуда. Роза әжейдің бар арманы – қазақтың қолөнерін ұрпаққа ұлықтап, ықыластыларға үйрету. Аса бір мұқияттылықты қажет ететін бұл қасиетті өнер бүгінгі қазақ қыз-келіншектеріне керемет үлгі.
Қаз-үйректің табысы
Сыр өңірінде құс шаруашылығын дамытуға айрықша үлес қосып отырған бірден-бір құрылым «Жан-Арай» шаруа қожалығы. Қожалық бұдан өзге егін шаруашылығы, балық өсіру, мал азығын дайындаумен айналысады. Ауылдағы құс өсіру бағытындағы қожалықтың басшысы Мұрат Әйменовтің айтуынша, Айдарлы іргесіндегі көл жанына орналасқан құс фермасының өнімі аймаққа ғана емес, өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі.
Мұнда үй құстарының «Линда» атымен танымал қаздың 2500, ал үйректің «Агидель» атты түрінен 3000 басы өсірілуде. Тез ет жинайтын әрі құнарлы дәруменге бай құс етінің өзіндік дәмі де ерекше. Былтыр 2035 бас қаз бен 3577 бас үйрек сойылып, сатылымға 19 мың келі құс етін шығарған. Наурыз-мамыр айларында жұмыртқалайтын бұл құс түрлерінің тұқымын арнайы инкубаторлық сандықшада бастырып шығарады. Жұмыртқадан шығып, 20 күннен енді асқан балапандарға дәрумен беріліп, арнайы жемделеді екен.
– Балапандарға үш мезгіл жем-суын үзбей беріп отырамыз. Осы кезеңде барлық ветеринарлық екпелер салынып, талаптарға сай қадағаланды. Үйрек 4 келі, қаз 7 келі болған кезде ішіндегі қораздарын алып, арнайы сою пунктінде дайындап, өнімді халыққа ұсынамыз. Осында орналасқан құс өсіру фермасында 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 60-70 мың теңге көлемінде айлық төлейміз, – дейді Мұрат Әйменов.
Шаруа қожалығы алдағы уақытта Айдарлыдағы «Сорқұдық» көлінде балық өсіріп, оны қатыру, мұздату, ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге осы аймақтан 400 гектар жерге жүгері тұқымы егіліп, «Жан-Арай Жемге» 3000 тоннаға дейін жүгері тапсыруды жоспарға алған.
Алақан жайған
ешкім жоқ
Расымен солай. Әркім әлінше тірлік етуде. Ауылдағы 70-тен аса кәсіпкер өз шаруаларын дөңгелентуде. Бірі саудамен айналысса, енді бірі тоқыма қолөнерімен, тағы біреуі шаштараз қызметін ұсынса, келесі тұрғын нан өнімдерін дайындаумен айналысып тыным табар емес. Тіпті, осы жылдың басынан бері 20 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
– Ауылдан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жоспарланған 3 жобаның орнына 4 жоба мақұлданып, оның 4-і де қаржыландырылды. Нәтижесінде 9 млн теңге несие алып 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге «Бизнес-бастау», «Бизнес-кеңесші» жобалары бойынша кәсіпкерлігін ашуға үміткер 15 адам оқытылып, оның 6-ы жобаларын қорғады, – дейді ауыл әкімі Ғани Дүйсебеков.
Мысалы, Әмірхан Уәлихан – жас та болса, мал шаруашылығы бағытында жеке қожалық ашқан азамат. Бұл атакәсіпті әкесінің ақыл-кеңесімен, тәуекелге бел буып бастаған. Бағдарламамен 3 миллион несие алған Әмірхан 9 бас аналық жылқы алып, басын көбейтуде. Сонымен қатар, «Zhas Рroject» жобасы бойынша жеңімпаз атанған Өмірзақ Есболатов мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығын ашып, жұмысын бастап кеткен. Іскер жігіт жақында ғана жас кәсіпкерлер арасында ұйымдастырылған «Байқоңыр-Start up» облыстық бизнес идеялар байқауынан ІІ дәрежелі жүлде – 200 мың теңгенің сертификатын алып, екі адамды жұмыспен қамтығалы отыр.
Күй ойнаған
қоңырау
Ауылдың басты құндылығы мектеп пен мәдениет үйіне де соқтық. 60-қа жуық ұстазы бар білім ордасы сан шәкірттің зердесіне оқу-біліммен қатар, терең тәрбие де сіңіруде. Гүлбану Смайлова өзі басшылық ететін ұжым жетістігін бізге мақтанышпен айтып берді. 1984 жылы салынған мектеп ғимараты 2013 жылы күрделі жөндеуден өткізілген көрінеді. 344 оқушы екі кезекте оқиды. Орта мектеп жанындағы «Толағай» шағын орталығында 40 бала бар. Мұғалімдердің 11-і жоғары санатта, 27-сі І және ІІ санатта екенін айтқанда, шынымен ауыл ұстаздарының білімі біз ойлағаннан да биік болып шықты. 41 мұғалім жаңартылған мазмұн бойынша оқып, өз сертификаттарымен жұмыс жасауда. Айтпақшы, былтыр бітірген 15 оқушының 6-ы ҰБТ-ға қатысып, олардың барлығы да грант иегері атанды. Ислам Жұлдыз және Абай Аружан «Алтын белгі» иегері атанып, ауыл абыройын асқақтатқан. Бір қызығы, сабақ арасындағы қоңырау дауысы мүлде бөлек. Тысқа шығуға Құрманғазының «Балбырауын» күйі ойнаса, сабаққа кірерде «Сарыарқадай» дархан даланы көзге елестетер шабытты күй төгіліп тұр.
Мұндағы әсем ғимараттың бірі – 150 орынды ауылдық клуб. 2015 жылы пайдалануға берілген мәдени шаңырақта 10 қызметкер жұмыс істейді. Клуб үйінде ән, би, домбыра, қолөнер үйірмесі, «Ауыл айдары» үгіт бригадасы мен халық театрының өнерпаздары барлық ауыл мен аудан, облыс көлеміндегі іс-шараларда өте белсенді. Айтпақшы, 35 жылдан аса жұмыс жасап келе жатқан «Айдарлы» халық театры түрлі спектакльдерді ауыл мен аудан халқына ұсынып келеді. Сонымен бірге балаларға қазақша мултьфильм көрсетіліп, жастардың бос уақытын тиімді өткізу уақытында би кеші, заманауи экран арқылы жаңа қазақша фильмдерді тамашалауға көп мүмкіндік жасалған.
«Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын». Президенттің осы сөзін басты ұстаным еткен «Нұр сәби» балабақшасы ауыл сәбилерінің ең жылы ұясы десе де болады. Мұнда 25 бала тәрбиеленуде. Аудандық мәслихат депутаты, ауылдың белсенді тұрғыны, балабақша меңгерушісі Жанат Нәлібаеваның әр сәбиге ерекше мейіріммен қарайтыны көрініп тұр. Балабақшадағы барлық қызметкерлер – әдіскер, психолог пен тәрбиешілер, аспаздар мен көмекші апайлардың өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауы көңіл сүйсінтеді.
Сонымен қатар 11 маман қызмет ететін ауылдық дәрігерлік амбулатория, 17787 кітап қоры бар кітапхана, 100 нүктелік АТС, бір «Қазпошта» бөлімшесі халыққа үлгілі қызмет көрсетуде.
Азаматымен ажарлы
Айдарлы
Әбдіжәлел Бәкірдей қоғам қайраткері, Әділхан Дүйсебековтей академик шыққан Айдарлы шынымен ғажап ауыл. Халқымызда «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген жақсы сөз бар. Ел бірлігі – ең асыл қасиет екенін ұққан мұндағы ел әрқашан абыройды ойлап, адал еңбекпен күн кешуде. «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деген Елбасының қанатты сөзін алға қойып, кейінгі ұрпаққа өз өнегесін, тәлім-тәрбиесін ұқтырған ауыл қарияларының орны ерекше. Даңқты шопандар, мал шаруашылығын дамытуда өлшеусіз үлес қосқан Әлі Үсенов, Тұрсынбай Оспанов, Іргебай Әбілдаев сияқты еңбеккерлердің өнегелі ісін жерлестері ерекше құрметтейді. Жауырыны жер иіскемеген балуан да, бұлбұл көмей әнші де бұл ауылда жетерлік. Айтпақшы, ауыр атлетикадан халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері Раушан Мешітханқызы да осы Айдарлының түлегі.
Мақсатымыз – шалғайдағы ауылдың шаруасын, жай-күйін байқап, жеткен жетістігі мен кеткен кемшілігін саралап, ел қуанышын басылым бетіне түсіру еді. Мақсат орындалды. Айдарлы шынымен Ақтөренің айтқанынан да асып түсті.
Ержан ҚОЖАСОВ
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |