
Жексенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданында іссапармен болып, Манап ауылындағы мәдениет үйін ашу салтанатына қатысты.
Елді танытатын – өнері, әдебиеті мен мәдениеті. Халық ақыны Манап Көкенов туып-өскен ауыл ақын атымен аталады. Бұл күндері онда 174 жанұя мекен етсе, халық саны – 1096. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері шеткі аймақтағы елді мекен қамқорлық аясына бөленуде. Әуелі мектеп-интернат пайдалануға берілсе, көп ұзамай, екі қабатты жаңа типтегі еңселі мектеп ғимараты да бой көтерді. Ауылішілік жол жөнделіп, ауыз су құбыры тартылды. Демеушілер көмегімен мешіт үйі де салынды. Сол сияқты ауыл әкімшілігінің кеңсесі де ауылдың сәнін кіргізіп тұр. Сөз басында айтқанымыздай, халқына қалаулы, еліне елеулі болған ақын Манап жұрт көкейіндегі сөзді дөп басуымен жұртшылық құрметіне бөленсе, оның ғибраттары әлі де мәнін жоймай келеді. Ұлтты, елді жамағатқа танытатындығы да сондықтан. Ақынның өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен клуб ішіндегі «Қызыл отауы» ескіріп, оның бай мұралары құмырсқаға жем болатындай қауіп төнгендігін облыстық басылым бірнеше рет жариялаған болатын-ды. Сондай ұсыныстардың нәтижесінде үш-төрт жыл бұрын құрылысы басталған мәдениет үйі түрлі себептермен тағы да қозғаусыз қалған-ды. Облыс басшылығына келген Қырымбек Елеуұлы бұл іске аса мән беріп, құрылыс жұмысының жандануына қол ұшын созды, қамқорлық танытты. Нәтижесінде сәулетті мәдениет үйі іске қосылды. Бюджет қоржынынан жүз миллион теңгедей қаржы жұмсалған мәдениет ошағында түрлі мәдени үйірмелер, кітапхана, көркемөнерпаздар жұмыс істеуімен қатар, Манап ақынның мұралары қойылды. Ауыл адамдарының бір сәт мәдени демалып, әдебиеттің кәусарынан сусындауға мүмкіндігі артты.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыс басшысы Қырымбек Елеуұлы: – Сыр өңірі – өнердің кәусар бұлағы десек, жаңылыспаймыз. Манап, Нартай, Нұртуған, Тұрмағанбет, тағы басқа оның ізбасарлары адамның көкірегіне нұр құйып, сәулелі шуағына шомылдырған ардақтыларымыз. Олардың асыл арманы қазақ елінің тұтастығы, ынтымағы, өскелең талаптарға сай дамуы еді. Міне, сол қасиетті күндерге куә болып келе жатырмыз. Үкілі үміттеріміз іске асып жатыр. Құтты қоныстарыңыз құтты болсын!– деді. Осы жиынға жерлесіміз, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы ат басын бұрып, елдің қуанышына ортақтасты. – Сіздердің қуаныштарыңыз, менің де қуанышым. Сыр бойындағы арналы істердің молдығы мәртебемізді өсіре түседі. Адамның ниетіне, тілегіне орай шаруалар да оңтайлы жүзеге аса береді. Шуақты күндеріңіз мол болсын! – деді ол өз сөзінде.
Осы ауылдың тумасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Құттықожа Ыдырысов, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Мейірбеков ризашылық сезімдерін білдіріп, облыс басшысына алғыстарын жеткізді.
***
Осы күні Жаңақорған ауданы «Алтын күз» мерекесін тойлады. Орталық стадионға ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, мереке сәні жасандырылды. Аудандық мәдениет бөлімінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала биледі. Ауа райының да ашық, шуақты болуы жұртшылықтың көңілін көтеріп, мерейлерін асырып тұрды. Аудан тұрғындары мен қонақтар бұл тойдың ерекше сән-салтанатқа бөленгендігіне өздері де атсалысты.
Аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевтің баяндамасында биылғы атқарылған жұмыстар туралы таратыла айтылды. – Ауданымызда ауыл шаруашылығы өндірісімен 688 шаруашылық құрылымдары айналысса, оның 341-і егін шаруашылығымен шұғылданады,– деді ол өз баяндамасында. – Оның ішінде 133 шаруашылық күріш өсірумен айналысып отыр. Үстіміздегі жылы ауданда индикативтік жоспар бойынша 27122 гектар межеленсе, 29261 гектарға, немесе индикативтік жоспардан 2129 гектарға артық ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Барлық дәнді дақылдар 11410 гектар болса, оның ішінде: 8226 га күріш, 2192 га күздік бидай, арпа, 430 га тары, 502 га дәндік жүгері, 526 га мақсары, кұнбағыс, 2876 га картоп, бақша, көкөніс, 4906 га жаңа жоңышқа егіліп, 9603 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, жұмыс жасалды. Сондай-ақ, мал азығындық дақылдарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2824 гектарға ұлғайды.
Аудан бойынша егілген 2160 гектар күздік, жаздық бидай дақылдары толығымен жиналып алынды. Күздіктің әр гектарынан 9,2 центнерден 1932 тонна, жаздық бидайдың әр гектарынан 13,0 центнерден 78 тонна, барлығы 2010 тонна бидай өнімі алынып, 470 тонна бидай тұқымы құйылып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда 201 тоннаға артық өнім өндірілсе, әр гектарынан 2,4 центнерге жоғары өнім алынды. Белгіленген 136000 тонна мал азығын дайындау межесі 139125 тоннаға немесе 103 пайызға орындалды.
Негізгі дақыл 8226 гектар күріштің әрбір гектарынан 41,0 ц өнім жиналды. Көкөніс, картоп, бақша, тағы басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарынан межеленген өнім алынуда.
Биылғы жылы тамшылатып суару технологиясымен 71,5 гектар жеміс-жидек егілді. Бұл жұмыстарды «Шадымхан», «Нұр» шаруа қожалықтары жүзеге асырған. Барлық күтімге алған 71,5 гектардың 30 га алма, 41,5 гектары жүзім дақылдары. «Серікбай» шаруа қожалығындағы жылыжайда биылғы жылы 35 тонна қияр өндіріліп, халыққа сатылды.
Салтанатты жиын барысында биылғы жылдың еңбек озаттары бағалы сыйлықтармен марапатталып, сахна төріне көтерілді. Соңынан спорттық ойындар, түрлі қызықты шаралар өткізілді.
Нұрмахан Елтай.
Жаңақорған ауданы.