Қызылорда облыстық прокуратурасы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысшылар алдындағы 62,8 млн теңге жалақы қарызын төлеуге ықпал етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тексеру барысында 570 жұмысшыға биылғы шілде-тамыз айларына жалақы төленбегені белгілі болды.
«Прокурорлық ықпал ету актісімен кемшілік жойылды. Жұмысшыларға айлық жалақы төленді. Ал кәсіпорын басшысы еңбек ақысын төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Қызылорда облыстық прокуратурасы жұмысшылардың еңбек құқықтарының қорғалу саласында және еңбекақыны мерзімінде төлеу жағдайына тұрақты талдау жасап тұрады. Соның нәтижесінде биыл 492 жұмысшыға 90 млн теңгеден астам жалақы қарыздары төленді. Бүгінгі күні 5 ұйымның 46 жұмысшының алдындағы 24 млн теңге жалақы қарызын төлетуге қатысты шара қолданылуда.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облыстық прокуратурасы Қызылордада энергия бағасын заңсыз көтергендерді жауапкершілікке тартқан еді. Сондай-ақ, жергілікті прокурорлар мүгедек жандардан заңсыз салық ұстау дерегін анықтады.